Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 46

Сонымен Исраил өзінің қасындағы барлық жұртын мал-мүліктерімен ертіп алып, жолға шықты. Ол Бер-Шебаға келгенде әкесі Ысқақ сиынған Құдайға арнап құрбандық жасады.
2 Сонда Құдай оған түнде аян беріп: — Жақып! Жақып! — деп шақырды. Ол: — Тыңдап тұрмын, — деп жауап қатты.
3 — Мен Құдаймын, әкең мойынсұнған Тәңірмін. Мысырға көшіп барудан қорықпа, сенен сол жерде бір үлкен халық өрбітіп таратамын.
4 Мен саған Мысырда да жар болып, сендерді қайтадан Қанахан еліне Өзім алып келемін. Қайтыс болғанда көзіңді жұмғызатын Жүсіп болады, — деді.
5 Осылай Жақып Бер-Шебадан жолға шықты. Ұлдары оның өзін де, олардың балалары мен әйелдерін де перғауын жіберген күймелерге отырғызды.
6 Жақып пен оның үрім-бұтағы — ұлдары мен немере ұлдары, қыздары мен немере қыздары барлығы да Қанахан елінде жинап алған малдары мен дүние-мүліктерін алып, Мысырға көшіп барды.
8 Мысырға көшіп барған Исраилдің (яғни Жақыптың) ұлдарының аттары төмендегідей: Жақыптың тұңғыш ұлының аты Рубен.
9 Рубеннің ұлдары: Ханох, Паллу, Хесрон, Қарми.
10 Шимонның ұлдары: Емуел, Ямин, Яхин, Сохар, Саул; Саул қанахандық әйелден туған.
11 Леуінің ұлдары: Герсон, Қахат, Мерари.
12 Яһуданың ұлдары: Ер, Онан, Шелах, Парес, Зарах. Ер мен Онан Қанахан жерінде қайтыс болды. Парестің ұлдары: Хесрон, Хамул.
13 Исашардың ұлдары: Тола, Пуа, Ишоб, Шимрон.
14 Забулонның ұлдарының аттары: Серед, Елон, Яхлел.
15 Бұлар Лияның Жақыпқа солтүстік Месопотамияда туып берген ұлдары. Дина есімді қыздары да сол жерде дүниеге келді. Барлығын қосқанда Жақып пен Лиядан тарағандар отыз үш ұрпақ болды.
16 Ғадтың ұлдары: Сифион, Хаги, Шуни, Езбон, Ери, Ароди, Арели.
17 Аширдің ұлдары: Имна, Ишуах, Ишуи, Бериях, ал қызы: Серах. Берияхтың ұлдары: Хебер мен Малхиел.
18 Бұлар Лабанның қызы Лияға күтуші күң ретінде берген Зилпаның ұлдары; Зилпадан Жақыптың он алты ұрпағы тарады.
19 Жақыптың әйелі Рахиланың ұлдарының аттары: Жүсіп пен Бунямин.
20 Мысырда Жүсіптің Манаса мен Ефрем есімді ұлдары дүниеге келді. Бұларды Он қаласындағы діни қызметкер Потифердің қызы Асенет туды.
21 Буняминнің ұлдары: Бела, Бехер, Ашбел, Гера, Нағыман, Ехи, Рош, Мупім, Хупим, Ард.
22 Бұлар Рахиланың Жақыпқа туып берген ұлдары мен олардан тарағандар — барлығы он төрт ұрпақ.
23 Данның ұлының аты: Хушим.
24 Нафталимның ұлдары: Яхсиел, Гуни, Есер және Шилем.
25 Бұлар Лабан өзінің қызы Рахилаға күтуші күңі ретінде берген Балханың ұлдары; Балхадан Жақыптың жеті ұрпағы тарады.
26 Жақыпқа еріп Мысырға көшіп барған ұрпақтары, келіндерін қоспағанда, алпыс алты жан еді.
27 Жүсіптің Мысырда туған ұлдары екеу. Осылайша Жақыптың Мысырға көшіп келген бүкіл үрім-бұтағының жалпы саны өзін қосқанда жетпіс болды.
28 Гөшендегі қоныстарын көрсету үшін Жақып Жүсіпке алдын ала Яһуданы жіберді. Осылайша көш Гөшен аймағына жетіп,
29 Жүсіп те күймесін жегіп, әкесі Исраилді қарсы алу үшін Гөшенге қарай беттеді. Әкесін көргенде оны мойнынан құшақтап тұрып ұзақ жылады.
30 Исраил Жүсіпке: «Енді мен өлсем де болады, сенің тірі екеніңе көзім жетті», — деді.
31 Ақырында Жүсіп бауырларына және әкесінің үйіндегі адамдарға былай деді: — Мен перғауынға барып, мынаны айтпақпын: «Қанахан елінен маған бауырларым және әкемнің үй іші көшіп келді.
32 Олар бақташылар, сондықтан ірілі-ұсақты малдары мен дүние-мүліктерінің бәрін өздерімен бірге ала келді».
33 Егер перғауын сендерді өзіне шақырып, кәсіптерің туралы сұрай қалса,
34 сендер: «Уа, тақсыр ие, біз ата-бабаларымыз сияқты бала кезімізден бері мал бағушылармыз» деп жауап беріңдер. Сонда ол сендерге Гөшен аймағында қалуға рұқсат береді. Өйткені мысырлықтар үшін ұсақ мал бағушылар жиренішті, — деді.