Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 49

Жақып ұлдарын шақыртып алып былай деді: — Бәрің келіңдер, мен сендерге келешекте не болатынын айтып берейін:
2 Жақыптың ұлдары, жиналыңдар, Әкелерің Исраилге құлақ салыңдар!
3 Рубен, сен тұңғышымсың, менің күшімсің, Һәм күш-қуатымның алғашқы белгісісің! Сен құрметтеліп, билік жүргізуге лайықсың,
4 Бірақ тасыған судай шектен тыс астың: Сен әкеңнің төсегін аттап, арамдадың, Содан тұңғыштық жолыңнан айырылдың!
5 Ағайынды жігіттер Шимон және Леуі: Кісі өлтіргіш қарулар — семсерлері.
6 Ақыл-кеңестеріне ортақтығым жоқ, Қабылдаған шешімдеріне де қатысым жоқ! Олар ашуға беріліп, құртты адамның көзін, Қызық үшін бұқаның кесті тілерсегін.
7 Сол екеуінің жауыз ашу-ызасын Қарғыс атсын һәм рақымсыз қаһарын! Сендерді Исраилдің ішіне бытыратамын, Жақыптың халқының арасына таратамын.
8 Яһуда, сені бауырларың мадақтайды! Қолың жауыңның желкесінен түспейді, Әкеңнің ұлдары саған бас иеді.
9 Яһуда, сен жас арыстанға ұқсайсың! Ұлым, аң аулап, қайтып келе жатырсың: Ол еркек арыстан құсап қомданады, Күшігін қорғайтын ана арыстандай жатады; Оны мазалауға кімнің батылы барады?
10 Қолынан патша таяғын еш тартып алмайды, Билік белгісі Яһуда әулетінде орнайды, Бейбітшілік Әкелуші келеді ақырында, Халықтар Оған мойынсұнып бағынады да!
11 Яһуда есегін мықты жүзім бұтасына, Қодығын байлап қояды жүзім сабағына. Ол өз шапанын жүзім шарабына, Киімін жуатын болады жүзім шырынына.
12 Көзінің түсі шараптан жылтырақ, Тістері сүттен де аппақ болмақ.
13 Забулон теңіздің жағалауындағы Кеме тоқтайтын аймақта тұрады, Шекарасы Сидонға дейін созылады.
14 Исашар мықты есектей болады, Екі қоржынның арасына орнығады.
15 Ол дем алуды қатты ұнатады, Өз жерінің ұнамды екенін байқап, Иығын жүк артуға ыңғайлап, Басыбайлы қызметшіге айналады.
16 Дан Исраилдің бір руы болады, Халқына төрелік айтады.
17 Дан жол жиегіндегі жылан тәрізді, Жолда жатқан сұр жылан секілді, Ол атты өкшесінен шаққанда Соған мінген құлайды артқа.
18 О, Жаратқан Ие, бар пәледен Құтқаруыңды зарыға күтемін мен!
19 Тонаушылар тобы шабуылдап Ғадты ығыстырады, Бірақ ол барлық жауларын да өкшелеп тықсырады.
20 Ашир азық-түлікке дәйім бай болады, Ол патшаға лайықты дәмді тағам шығарады.
21 Нафталим жедел жүрісті елік секілді, Ол, сондай-ақ, сүйкімді сөздердің иесі.
22 Жүсіп — мол жеміс беретін жүзім бұтасы, Ол бұлақ басында өсіп-өніп тұрады, Сабақтары дуалдан асып шығады.
23 Дұшпандары ызаландырып шабуыл жасады, Оқ атқан садақшылардай қастық жасады.
24 Бірақ үнемі керулі оның садағы, Керемет епті қарулы қолдары. Оны Жақып сиынған құдіретті Құдайы — Исраилді қолдап жүретін Бағушысы Әрі жылжымас Жартасы қорғайды.
25 Иә, әкеңнің Құдайы өзіңді қолдайды! Құдіреті шексіз Құдай сені аспаннан Бар жақсылықтармен жарылқасын әрқашан! Шыңырау бұлақтарын молынан ағызсын, Сәби мен төлді көп қып, аққа тойғызсын!
26 Лайым әкеңнің берген осы баталары Атам заманнан тұрған таулардан, Көне қырлардан үміт еткен баталардан Әлдеқайда асып түсе берсін! Бұл баталарым төбесіне Жүсіптің — Бауырларының ішінен таңдаулының Басына әрдайым қона берсін!
27 Бунямин жыртқыш қасқырға ұқсайды: Таң ата аулаған аңын жалмайды, Кешкісін де олжасын бөлісіп тояды.
28 Осылайша Жақып он екі ұлының бәріне сөзін арнады. Әрқайсысына өзіне сай келетін ерекше батасын беріп, болашақта олардан тарайтын Исраилдің он екі руы туралы айтып берді.
29 Содан кейін Жақып ұлдарына былай деп өсиеттеді: — Мен жуырда ата-бабаларымның қасына аттанамын. Менің сүйегімді хеттік Ефронның егістігіндегі үңгірге апарып қойыңдар!
30 Бұл үңгір Қанахан елінде, Мамренің қасындағы Махпела егістігінде орналасқан. Оны (марқұм атам) Ыбырайым зират үшін жерімен қоса хеттік Ефроннан сатып алған.
31 Сол қабірге марқұм Ыбырайым мен әйелі Сара, Ысқақ пен әйелі Рабиға қойылды. Соған мен Лияның мәйітін де апарып қойдым.
32 Жер танабы мен ондағы үңгір — хеттіктерден сатып алынған меншігіміз.
33 Жақып ұлдарына осы өсиет сөздерін айтып болысымен қайтадан төсегіне жайғасты. Содан ақырғы демін шығарып, ата-бабаларының қасына аттанды.