Жаратылыстың бастауы
Тарау 18
Бұдан кейін Жаратқан Ие Ыбырайымға тағы да Мамренің алып емен ағаштары өсіп тұрған тоғайының қасында келіп кетті. Ыбырайым түске таман күн ысығанда шатыр аузында отырған еді.
2 Ол айналасына көз тастағанда өзінің алдында үш ер адамның тұрғанын көрді. Ыбырайым оларды көре сала, отырған жерінен ұшып түрегеліп, алдарынан шығып, жерге дейін иіліп сәлем берді.
3 Ыбырайым: — Мырза! Рақымыңыз маған түссе, мендей құлыңыздың қасынан өте шықпасаңыз екен.
4 Қазір-ақ аяқтарыңызды жуу үшін су әкелінеді. Ағаштың саясына жайғасыңыздар.
5 Құлдарыңыздың үйінен дәм татпай өтіп кетпеңіздер. Сіздерге тамақ әкелейін, әлденіп тынығып алыңыздар. Содан кейін әрі қарай жылжи берерсіздер, — деп өтінді. Олар: — Жарайды, айтқаның болсын, — деп келісті.
6 Ыбырайым дереу шатырдағы Сараға барып: — Тез үш табақ ең таңдаулы ұнды илетіп, күлше нан пісірт, — деді.
7 Өзі табынға жүгіріп барып, семіз баспақты таңдап алып, қызметшісіне берді. Қызметші баспақты тездетіп сойып, етін қазанға асты.
8 Бәрі дайын болғаннан кейін Ыбырайым айран, сүт және пісірілген баспақ етін алып, Қонақтардың алдына тартты. Олар ағаш саясында тамақтанып жатқан кезде Ыбырайым қастарында болып, өзі қызмет етті.
9 Қонақтар: — Әйелің Сара қайда? — деп сұрады. Ыбырайым: — Осында, шатырдың ішінде, — деді.
10 Иеміз: — Келесі жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемін. Сонда әйелің Сараның ұлы болады! — деп уәде берді. Осы сөздерді Қонақтың артындағы шатырдың аузында тұрған Сара да естіді.
11 Ал Ыбырайым мен Сара қартайған адамдар еді, Сара бала туудан қалған жаста болатын.
12 Сол себепті ол: «Мен әбден қартайған шағымда осындай қуанышқа кенеле алар ма екенмін? Қожайыным да тым кәрі», — деп іштей күлді.
13 Ал Иеміз Ыбырайымға: — Сара неліктен күліп тұр? Ол неге «мен енді қартайған шағымда бала туа алар ма екенмін» деп сұрайды?
14 Жаратқан Ие істей алмайтын тым қиын іс бар ма? Мен белгілі кезде: келесі жылы осы уақытта саған тағы да келемін. Сол кезде Сараның ұлы болады! — деп уәдесін бекітті.
15 Сара сасып қалып: — Мен күлген жоқпын, — деп мойындамады. Бірақ Иеміз оған: — Жоқ, сен күлдің, — деді.
16 Қонақтар орындарынан тұрған соң, Содомға қарай бет алды. Оларды жолға шығарып салу үшін Ыбырайым бірге жүрді.
17 Жаратқан Ие: «Өзімнің не істейтінімді Ыбырайымнан қалай жасырмақпын?
18 Ыбырайымнан бір үлкен де күшті халық шығады. Менің ақ батам ол арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға жетеді.
19 Мен Ыбырайымды өз балаларына және кейінгі үрім-бұтағына Менің жолыма түсуді, дұрыстық пен әділдікті істеуді үйрету үшін таңдап алдым. Ыбырайым осылай істегенде Менің оған берген уәдем орындалады», — деді.
20 Содан Иеміз Ыбырайымға тіл қатып: — Менің атыма Содом мен Ғомора қалаларының үстінен қатты дауыспен айтылған шағым түсіп жатыр. Сол жерде жасалған күнәлар тым ауыр.
21 Сондықтан Мен жерге түсіп, ондағы әділетсіздік Маған жеткен шағым туғызатындай дәрежеде ме, жоқ па, соған көз жеткізбекпін, — деді.
22 Содан кейін ер адамдар бұрылып алып, Содом жаққа беттеді. Бірақ Ыбырайым Иеміздің алдында тұра қалды.
23 Оған жақындап, былай деп өтінді: — Сонда Сен зұлыммен бірге әділді де құртпақсың ба?
24 Мүмкін, қалада елу әділ адам бар шығар, Сен оларды шынымен құртпақсың ба? Сол жерге ондағы елу әділ адам үшін рақым еткің келмей ме?
25 Сен осылай істеп, әділ жанды жауызбен бірге өлтіріп, оған арам кісіге қарағандай қараудан аулақсың ғой. Бүкіл әлемді Соттаушы әділетті шешім қабылдамаушы ма еді? —
26 Сонда Иеміз: — Егер Мен Содом қаласынан елу әділ адамды тапсам, соларға бола ол жерге рақым етемін, — деді.
27 Ыбырайым: — Мен күл мен топырақтан жаралған пенде болсам да, Иеммен сөйлесіп тұрмын.
28 Мүмкін, әділ адамдардың саны елу емес, одан бесеуі кем шығар, сонда бесеуіне бола бүкіл қаланы құртпақсың ба? — деп сұрады. Иеміз оған: — Егер Мен одан қырық бес әділ кісі тапсам, сол қаланы құртпаймын, — деді.
29 Ыбырайым сөзін әрі қарай жалғастырды: — Мүмкін, ол жерде тек қырық әділ кісі болатын шығар. — Иеміз: — Мен қырық әділ адам үшін де оларға тиіспеймін, — деп жауап берді.
30 Ыбырайым сонда: — Уа, Ием, мен тағы да айтқанда ашулана көрме. Мүмкін, ол жерде отыз ғана әділ адам бар болса ше? — деп сұрады. Иеміз оған: — Ол жерде отыз әділ адам болса да, Мен оған тиіспеймін, — деп жауап қатты.
31 Ыбырайым тағы былай деді: — Мен Иеме еркінсіп тіл қатып тұрмын. Мүмкін, ол жерде тек жиырма әділ кісі болатын шығар. — Иеміз: — Жиырма әділ кісі болғанда Мен қаланы қиратпаймын, — деді.
32 Ыбырайым Одан: — Уа, Ием, мен тағы бір рет қана айтсам, ашулана көрме. Егер ол жерден небәрі он-ақ табылса ше? — деп сұрады. Иеміз: — Мен ол жерді он әділ кісі үшін де құртпаймын, — деп уәде берді.
33 Иеміз Ыбырайыммен сөйлесіп болған соң, кетіп қалды. Ал Ыбырайым үйіне қайтты.