Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 48

Біраз уақыт өткенде Жүсіпке «Әкең ауырып жатыр» деген хабар жетті. Жүсіп ұлдары Манаса мен Ефремді ертіп алып, әкесінің қасына барды.
2 Жақыпқа «Сізге ұлыңыз Жүсіп келе жатыр» дегенде, ол күшін жинап, төсегінде басын көтеріп отырды.
3 Содан Жақып ұлына тіл қатып былай деді: — Құдіреті шексіз Құдай маған Қанахан жеріндегі Лұзда аян беріп батасын берген болатын.
4 Сонда ол маған мынадай сөздер айтты: «Мен сені ұрпақты етіп көбейтемін, топ-топ руларға айналдырамын. Осы елді сенің ұрпақтарыңның тұрақты меншігіне беремін».
5 Ал енді, мен саған келмей тұрғанда Мысыр елінде туған сенің екі ұлың менікі. Ефрем мен Манаса екеуі де Рубен, Шимон сияқты өзімнің ұлдарым болады.
6 Кейінірек туатын балаларың сенікі болмақ. Алайда олардың ұрпақтары өз үлестеріне тиген жерлерінде ағалары Ефрем мен Манасаның аттарымен аталатын болады.
7 Мен солтүстік Месопотамиядан қайтып келе жатып, Қанахан еліндегі Ефратаға таяу қалғанда Рахила қайтыс болды. Мен оны жоқтап, сол жерде, Ефратаға бара жатқан жолдың бойында, қабірге қойдым. — Сол Ефратаның бүгінгі аты Бетлехем.
8 Исраил Жүсіптің ұлдарына қарап: — Мыналар кімдер? — деп сұрады.
9 — Бұлар Құдай маған сыйлаған екі ұлым. — Маған жақындатшы, оларға батамды берейін.
10 Қартайғандықтан Исраилдің көздері нашар көретін еді. Жүсіп ұлдарын әкесіне жақындатып, ол немерелерін беттерінен сүйіп, құшақтады.
11 Жүсіпке: — Өзіңнің жүзіңді қайта көруден үмітім үзілген еді. Ал Құдай маған тіпті ұлдарыңды да көруге бұйыртты, — деді.
12 Жүсіп әкесінің алдында отырған ұлдарын оның құшағынан босатып алып, оған жерге дейін бас иіп тағзым етті.
13 Ол оң қолымен Ефремді ұстап Исраилдің сол жағына, ал Манасаны сол қолымен ұстап оның оң жағына апарып тұрғызды.
14 Алайда Исраил оң қолын кенжесі болса да Ефремнің басына, ал сол қолын тұңғыштығына қарамастан Манасаның басына қойып тұрып, екі қолын айқастырып ұстады.
15 Исраил Жүсіпке батасын беріп тұрып былай деді: — Аталарым Ыбырайым мен Ысқақ Құдайдың көз алдында ғұмыр кешті. Құдай менің де өмір бойы бүгінге дейін Қорғанышым болып келеді.
16 Ол — барлық апаттан мені құтқарып келген Хабаршы, енді мына балаларды да жарылқай көрсін! Менің атым және аталарым Ыбырайым мен Ысқақтың аттары осылар арқылы жалғаса беріп, олар жер бетінде кереметтей көбейсін!
17 Әкесі оң қолын Ефремнің төбесіне қойғаны Жүсіпке ұнамады. Сондықтан ол оң қолын Ефремнің басынан алып, Манасаның төбесіне қоймақшы болып:
18 — Әке, олай емес! Тұңғышы мынау, оң қолыңызды соның басына қойыңыз, — деді.
19 Бірақ әкесі бұған қарсы шығып: — Ұлым, мен оны өзім де білемін. Бұдан да халық шығып, ол да атақты болады. Бірақ оның інісі ағасынан да ұлы болып, оның ұрпақтарынан топ-топ рулар тарайды, — деді.
20 Жақып оларға батасын беріп тұрып: — Исраилдің ұрпағы бата бергенде сенің атыңды атап, «Құдай сені Ефрем мен Манасадай қылсын!» деп айтатын болады, — деді. Осылайша ол Ефремді Манасадан жоғары қойды.
21 Содан кейін Исраил Жүсіпке: — Біліп ал: жақында мен бұ дүниеден кетемін. Бірақ Құдай жар болып, сендерді аталарыңның жеріне қайтарады.
22 Мен семсер-садағыммен аморлықтардың қолынан тартып алған қыратты жерімді ағаларыңның озаты ретінде саған арнап қалдырамын, — деді.