Жаратылыстың бастауы
Тарау 28
Сонда Ысқақ Жақыпты шақырып алып, оған батасын беріп, былай деп өсиет айтты: «Сен қанахандық әйелге үйленбе!
2 Одан да жолға жиналып, солтүстік Месопотамияға, шешеңнің әкесі Бетуелдің үйіне барып, әйелді сол жерден, шешеңнің ағасы Лабанның қыздарының біреуінен ал!
3 Құдіреті шексіз Құдай сені жарылқап, ұрпақты етіп, сенен бір топ ұлттарды таратсын!
4 Құдайдың Ыбырайымға берген батасы саған да, ұрпақтарыңа да қонсын. Осылай Құдай бір кезде Ыбырайымға уәде еткен, қазір сен жат жұрттық болып тұрып жатқан осы елді иемденіп алыңдар!»
5 Осылай деп, Ысқақ оны қоя берді. Жақып арамалық Бетуел ұлы Лабанға қарай жол тартты. Лабан шешесі Рабиғаның туған ағасы болатын.
6 Ал Есау болса, Ысқақтың Жақыпты әйел алу үшін солтүстік Месопотамияға жібергенін, оған батасын беріп тұрып: «Қанахандықтардың қыздарына үйленбе!» — деп өсиеттегенін
7 және Жақыптың әке-шешесінің тілін алып, сол жаққа кеткенін естіді.
8 Осы арқылы Есау әкесінің (жалған тәңірлерге табынатын) қанахандық әйелдерді қаншалықты жаратпайтынына көзін жеткізді.
9 Сондықтан ол Ыбырайым ұлы Ысмағұлға барып, әйелдерінің үстінен оның қызы, Набайоттың қарындасы Махалатты да әйелдікке алды.
10 Ал Жақып Бер-Шебадан шыққаннан кейін, Харанға қарай беттеген еді.
11 Күн батып кеткендіктен, жеткен жерінде түнеп қалды. Ол сол жерден бір тасты алып, басына жастанды да, ұйқыға кетті.
12 Ұйықтап жатып, түс көрді. Түсінде оған жерден көкке дейін жетіп тұрған баспалдақ көрінді. Құдайдың періштелері оның үстімен бір шығып, бір түсіп жүр екен.
13 Соның басында тұрған Жаратқан Ие аян беріп былай деді: «Мен Жаратқан Иемін, атаң Ыбырайым мен әкең Ысқақтың сиынатын Құдайымын. Сен ұйықтап жатқан жерді саған және ұрпақтарыңа беремін.
14 Сенің үрім-бұтағың жер бетіндегі құм түйіршіктеріндей сансыз көп болады. Батыс пен шығысқа, солтүстік пен оңтүстікке тарайсыңдар. Өзің және ұрпақтарың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға батам қонады.
15 Біліп ал, Мен саған жар болып, қайда барсаң да қорғаймын, кейін сені осы жерге қайта алып келемін. Мен сені жалғыз қалдырмаймын, саған қандай уәде берсем, соның бәрін орындаймын».
16 Жақып оянып: «Шынында Жаратқан Ие осы жерде екен! Ал мен мұны еш білмеппін, — деп,
17 қорқып тұрып: — Мына жер неткен киелі еді! Бұл — Құдайдың үйі, мұнда көкке апаратын қақпа тұр екен!» — деді.
18 Ертеңіне Жақып ерте тұрып, басына жастанған тасты ескерткіш ретінде тұрғызды. Ол соның үстіне май құйып, оны Құдайға бағыштады.
19 Осы жерге Жақып Бетел (яғни «Құдайдың үйі») деген ат қойды; бұрын ол Лұз деп аталған еді.
20 Содан Жақып ант етіп былай деп уәде берді: «Егер Құдай маған жар болып, осы сапарымда аман сақтаса, жейтін нан, киетін киіммен қамтамасыз етіп,
21 әкемнің үйіне аман-есен қайтарса, онда Жаратқан Ие менің сиынатын Құдайым болады.
22 Мен ескерткіш ретінде орнатқан осы тас Құдайға ғибадат ететін орын болмақ. Я, Құдайым, Сенің маған беретініңнің барлығының оннан бір бөлігін Өзіңе арнамақпын».