Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 32

Жақып жолға шыққанда оған Құдайдың періштелері кездесті.
2 Жақып оларды көріп: «Мынау Құдай тұратын мекен екен!» — деп, сол жерді Маханайым («Қос мекен») деп атады.
3 Жақып Едом еліндегі Сейір жерінде тұратын ағасы Есауға өзінен бұрын хабаршыларын жіберіп, оларға былай деп тапсырды:
4 — Қожайыным Есауға былай деңдер: сіздің құлыңыз Жақып сізге сәлем жолдайды. Осы уақытқа дейін мен жат жерлік болып нағашы ағамыз Лабанның қасында тұрып келдім.
5 Сол жерде ірілі-ұсақты малдар, есектер және құл-қызметшілер иемденіп алдым. Енді міне, мен қожайыныма маған мейірім көрсетсеңіз екен деген үмітпен осы хабарымды жіберіп отырмын —
6 Шабармандары қайта оралып: — Ағаңыз Есауға бардық. Ол сізге қарсы келе жатыр, қасына ерткен төрт жүз жігіті бар! — деген хабар әкелді.
7 Жақып қатты қорқып, үрейі ұшып кетті. Сондықтан ол өзімен бірге жүрген адамдарын, ірілі-ұсақты малдары мен түйелерін екі көшке бөліп:
8 «Егер Есау көштердің біреуіне жолығып, басып алып жатса, екіншісі қашып құтыла алар», — деп амалдады.
9 Содан кейін Жақып мінажат етіп былай деді: «Уа, атам Ыбырайым мен әкем Ысқақтың сиынатын Құдайы, о, Жаратқан Ие! Сен маған: туған еліңе, туыстарыңа қайта орал! Мен саған жақсылық істеймін деген едің ғой.
10 Өзіңнің мендей пендеңе көрсеткен тұрақты рақымың мен адалдығыңның бәріне де еш лайықты емеспін. Мен Иордан өзенінен бір таяққа ғана сүйеніп өткен болсам, енді өзімдегі барды екі көшке бөле алатын болып отырмын.
11 Мені ағам Есаудың қолынан сақтай көрші. Ол келіп, өзімді, әйелдерім мен балаларымды өлтіріп кете ме деп қорқамын.
12 Ал Сен маған: саған көп жақсылық істеп, ұрпағыңды сансыз көбейтемін, олар санаса сан жетпейтін теңіз жағалауындағы құм түйіршіктеріндей көп болады деп сөз бергенсің».
13 Бұл түні Жақып сол жерде қалып, өзінің тапқан мал-мүлкінен ағасы Есауға сыйға тарту үшін
14 екі жүз ешкі мен жиырма текені, екі жүз саулық пен жиырма қошқарды,
15 отыз боталы інгенді, қырық сиыр мен он бұқаны, жиырма ұрғашы және он еркек есекті бөлек таңдап алды.
16 Жақып әр қызметшісінің қолына жеке-жеке табын тапсырып: «Менің алдыма түсіп жүре беріңдер! Ал табындардың араларында едәуір қашықтық болсын!» — деп бұйырды.
17 Бірінші болып бастап жүретін қызметшіге ол: — Егер сені ағам Есау көріп: «Сен кімдікісің, қайда барасың, айдап келе жатқан малың кімдікі?» деп сұраса,
18 сен: «Бұлар құлыңыз Жақыптікі. Бұл — оның қожайыны Есауға арнаған сыйлығы. Өзі артта келе жатыр» деген жауап бер! — деп тапсырды.
19 Жақып осы талапты екінші, үшінші болып кетіп бара жатқан адамдарға, әр табынның соңында келе жатқан адамдардың бәріне де қойып, былай деді: — Есауға кезіккенде, сендер дәл осылай айтыңдар!
20 Сендер тағы да оған: «Құлыңыз Жақып артта келе жатыр» деңдер! Себебі Жақып: «Осы сыйлықтар арқылы оның ашуын басайын. Содан соң ғана өзім көзіне көрінейін. Мүмкін, ол мені жылы жүзбен қарсы алатын шығар», — деп ойлады.
21 Осылайша сыйлыққа арналған отар-табындар Жақыптан бұрын кетті, ал өзі көш тұрақтаған жерде түнеп қалды.
22 Сол түні Жақып орнынан тұрып, екі әйелін, екі күңін және он бір ұлын ертіп алып, Ябок өзеніндегі өткелге апарды.
23 Оларды судан өткізіп алған соң, барлық мал-мүлкін де арғы жаққа өткізіп,
24 өзі бергі жақта жалғыз қалды. Сонда Жақыпқа бір кісі тап беріп, таң атқанша онымен күресті.
25 Ол Жақыпты жеңе алмайтынына көзі жеткенде оның жамбасына қолын тигізді. Осылайша сол кісімен күрескенде, Жақыптың жамбас ұршығы ойығынан шығып кетті.
26 Әлгі кісі: — Мені қоя бер, таң атып қалды, — деді. Ал Жақып: — Маған батаңды бермейінше сені жібермеймін, — деп жауап берді.
27 Сонда ана кісі Жақыптан: — Есімің кім? — деп сұрады. Ол: — Жақып (яғни «Алдамшы»), — деді.
28 Әлгі: — Сен енді қайтып Жақып деп аталмайсың. Бұдан былай Исраил деп аталатын боласың! Себебі Құдаймен күресіп, (Оның жарылқауын) ұтып алдың, — деді.
29 Жақып: — Өз есіміңді айта гөр, — деп өтінді. Ол: — Неге есімімді сұрайсың? — деп жауап қайтарып, содан кейін Жақыпқа батасын берді.
30 Жақып осы жерді «Пенуел» («Құдайдың бет-жүзі») деп атап, «Мен Құдаймен бетпе-бет кездестім, сонда да жаным аман қалды», — деді.
31 Жақып Пенуелдің қасынан өтіп бара жатқанда, оның үстіңгі жағынан таң атып, күн шықты. Ал ол жамбасынан ақсап жүрді.
32 Исраилдің үрім-бұтағы осыны ескеріп күні бүгінге дейін жамбастағы сіңір етті жемейді. Себебі әлгі кісі Жақыпты жамбас сүйегіндегі сіңірінен ұрған болатын.