Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 26

Бір кезде Ыбырайымның тұсында болғандай, елді тағы да аштық жайлады. Сонда Ысқақ філістірлердің патшасы Әбумәліктің еліндегі Герар қаласына қарай жол тартты.
2 Ал Жаратқан Ие Ысқаққа аян беріп: «Мысыр жаққа көшпей, Мен айтқан жерде қоныстанып,
3 сол елде жат жұрттық болып тұра бер! Саған жар болып, батамды қондырамын. Сенің ұрпақтарыңа осы жерлердің бәрін табыстап, әкең Ыбырайымға берген антымды жүзеге асырамын.
4 Мен үрім-бұтағыңды аспандағы жұлдыздар сияқты сансыз етіп көбейтіп, оларға осы жерлердің бәрін табыстаймын. Сенің ұрпақтарың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады.
5 Өйткені Ыбырайым Менің тілімді алып, берген бұйрықтарыма, ережелеріме және өсиет сөздеріме түгел құлақ асып, жүзеге асырды», — деді.
6 Осылайша Ысқақ Герарда тұрып қалды.
7 Алайда сол жердің адамдары одан әйелі туралы сұрағанда, Ысқақ оларға: «Ол — менің қарындасым», — деп жауап берді. Себебі Ысқақ «Жергілікті адамдар Рабиғаға бола көзімді құртып жүрер, ол керемет сұлу ғой» деп ойлап, оны әйелім деп айтудан қорықты.
8 Ысқақ сол жерде едәуір уақыт тұрғаннан кейін, філістір патшасы Әбумәлік бір күні терезеден Ысқақтың әйелі Рабиғаны аймалап жатқанын көріп қалды.
9 Сонда Әбумәлік Ысқақты шақыртып алып: — Ол сенің әйелің екен ғой! Сен қалайша оны қарындасым деп жүрсің? — деп жекіді. Ысқақ оған: — Өйткені оған бола мені өлтіріп тастар деп ойладым, — деді.
10 Әбумәлік: — Сен неге бұлай істедің? Жергілікті ер адамдардың біреуі әйеліңе жақындап қоюы мүмкін еді. Сонда біз кінәлі болып қалатын едік, — деп сөкті.
11 Содан Әбумәлік халыққа мынандай жарлық шығарды: «Кімде-кім мына ерлі-зайыптыға тиіссе, сол өлімге кесіледі!»
12 Ысқақ осы жерге егін салып, сол жылы одан жүз есе өнім алды, себебі Жаратқан Ие оны жарылқаған болатын.
13 Осылай ол байи берді. Дүние-мүлкі көбейген үстіне көбейіп, Ысқақ нағыз бай адамға айналды.
14 Оның ірілі-ұсақты малдарының отар-табындары және құл-қызметшілері көп болғандықтан, філістірлер Ысқаққа қызғанышпен қарай бастады.
15 Сондықтан олар Ысқақтың әкесі Ыбырайымның тірі кезінде қызметшілеріне қаздырған барлық құдықтарын топырақпен толтырып, бітеп тастады.
16 Әбумәлік те: «Біздің жақтан көшіп кет, бізден әлдеқайда күшейіп алдың», — деп Ысқаққа теріс қарады.
17 Ысқақ сол арадан көшіп, шатырларын Герар аңғарына тігіп, қоныстанды.
18 Сол жерде Ысқақ әкесі Ыбырайымның тірі кезінде қаздырған, бірақ ол өлгеннен кейін філістірлер топырақпен бітеп тастаған құдықтарын қайтадан аршытып, оларды әкесінің қойған аттарымен атады.
19 Ысқақтың қызметшілері сол аңғарда тағы бір құдық қазып жүріп, судың қайнар көзін тапты.
20 Алайда герарлық бақташылар оның малшыларымен таласып: «Бұл — біздің суымыз», — деп дау көтерді. Сол құдық үшін дауласқандықтан Ысқақ оны «Дауласу құдығы» деп атады.
21 Кейін қызметшілері тағы бір құдық қазды. Герарлық бақташылар оған да таласты. Ысқақ оны «Қастасу құдығы» деп атады.
22 Ысқақ әрірек көшіп барып, сол жерден тағы бір құдық қаздырды. Оған бола дау-жанжал тумағандықтан, Ысқақ оны «Кең өріс құдығы» деп атап: «Жаратқан Ие бізге енді кең өріс сыйлады. Содан біз осы елде өсіп-өнетін боламыз», — деді.
23 Сол жерден Ысқақ Бер-Шебаға қоныс аударды.
24 Бұл түні оған Жаратқан Ие аян беріп: «Мен әкең Ыбырайым сиынатын Құдаймын. Қорықпа, әрдайым сені көз алдымда ұстап жарылқаймын. Қызметшім Ыбырайым үшін сенің үрім-бұтағыңды өте көп етемін», — деді.
25 Ысқақ бұл жерде құрбандық ұсынатын орын салып, Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті. Сол маңайға шатырларын тігіп, қызметшілеріне құдық қаздырды.
26 Осы екі арада Герар қаласынан Әбумәлік патша кеңесшісі Ахузат пен қолбасшысы Пихолды ертіп алып, Ысқаққа келді.
27 Ысқақ оларға: — Маған неге келдіңіздер? Менімен өштесіп, қуып жіберген едіңіздер ғой, — деген сұрақ қойды.
28 Олар: — Біз Жаратқан Иенің сізді көз алдында ұстайтынын анық көріп тұрмыз. Сіз бен біздің арамызда антпен бекітілген келісім болу керек деп шештік. Сондықтан бір-бірімізбен келісімшарт жасасайық.
29 Біз сізге тиіспей, тек жақсылық жасап, бізден бейбіт түрде кетуіңізге жағдай жасағанымыз сияқты, сіз де бізге жамандық істемейсіз. Сіз қалай дегенмен Жаратқан Иенің батасы қонған адамсыз ғой, — деп жауап берді.
30 Ысқақ оларға қонақасы беріп, барлығы ішіп-жеді.
31 Бәрі ертеңіне ерте тұрып, бір-біріне ант берісті. Содан Ысқақ оларды жолға шығарып салып, жылы жүзбен қоштасты.
32 Сол күні Ысқақтың қызметшілері оған өздері қазған құдық туралы: «Біз су таптық», — деп хабар жеткізді.
33 Ысқақ сол құдықты Шеба (яғни «Ант») деп атады. Сондықтан кейін сол жерде салынған қала осы күнге дейін Бер-Шеба («Ант құдығы») деп аталып келеді.
34 (Ысқақтың тұңғышы) Есау қырық жасқа толғанда хеттік Бегеридің қызы Ехудитті және хеттік Елонның қызы Басематты әйелдікке алды.
35 Бұлар Ысқақ пен Рабиғаға үлкен уайым әкелді.