Жаратылыстың бастауы
Тарау 34
Жақыптың Лиядан туған қызы Дина бірде сол жердің қыздарымен кездесу үшін үйінен шықты.
2 Оны сол өлкенің әміршісі хевтік Хамордың ұлы Сихем көріп қалып, алып кетіп, зорлап тастады.
3 Сихемнің көңілі Динаға қатты ауып, оған ғашық болып қалды. Содан жас жігіт бойжеткенмен жылы сөйлесіп, көңілін аулауға ұмтылды.
4 Сихем әкесі Хамордан: «Маған осы қызды әйелдікке алып беріңіз», — деп өтінді.
5 Жақып қызының масқараланғаны туралы естіді. Алайда ұлдары әкесінің малдарын далада бағып жүргендіктен, ол солар қайта оралғанша үндемеді.
6 Сихемнің әкесі Хамор Жақыппен сөйлесу үшін қаладан шығып, оған келді.
7 Сол екі арада даладан Жақыптың ұлдары да оралды. Не болғанын естігенде жігіттер қатты ренжіп, бойларын ашу кернеді. Себебі Сихем қызды зорлауымен Исраилдің бүкіл әулетін масқаралап, болмауға тиіс қылмыс жасаған еді.
8 Ал Хамор оларға былай деп өтініш жасады: — Ұлымның көңілі қыздарыңызға қатты ауып тұр, оны оған ұзатсаңыздар екен.
9 Қыз алысып, қыз беріскен құдандалы болайық.
10 Біздің жақта тұра беріңіздер, ел есігі сіздерге ашық. Осы жерде қоныстанып, емін-еркін жүріп, егіс танаптарын да иемденіңіздер.
11 Сихем де қыздың әкесі мен ағаларынан: — Маған мейірімділік таныта көріңіздер. Не қаласаңыздар, соны беремін.
12 Қалыңмалдың және қызға арналған сыйлықтардың мөлшерін мейлінше көп атай беріңіздер, мен беруге даярмын. Тек осы қызыңызды маған қоссаңыздар екен, — деп сұрады.
13 Бірақ қарындастары Динаның абыройы төгілгендіктен, Жақыптың ұлдары Сихем мен Хаморды алдап былай деді:
14 — Олай істей алмаймыз. Қарындасымызды сүндеттелмеген жігітке қосуға болмайды. Бұл біз үшін масқара болар еді.
15 Барлық еркек кіндіктілеріңіз біздер сияқты сүндеттелгенде ғана тілектеріңізді орындай аламыз.
16 Сонда сіздермен қыз алысып, қыз беріскен құдандалы халық болып, бірге тұратын боламыз.
17 Ал егер сүндетке отырудан бас тартсаңыздар, қарындасымызды алып, өз жөнімізге кетеміз.
18 Олардың ұсынысы Хамор мен Сихемге ұнады.
19 Жақыптың қызын қатты ұнатып қалған жас жігіт айтылған шартты орындауға бірден келісті. Ол әкесінің үйіндегілердің ең беделдісі еді.
20 Содан Хамор мен Сихем қаланың ер адамдарымен сөйлесуге қақпа алдындағы алаңға барды. Оларға тіл қатып былай деді:
21 «Мына адамдар бізге бейбіт ниетпен келді. Оларға да жер жетеді, біздің елде тұрып, осында қалауынша жүре берсін. Құдаласып қыз алысып, қыз берісейік.
22 Тек біздегі бүкіл еркек атаулы олар сияқты сүндеттелетін болса ғана, олардың ер адамдары бізбен бірге тұрып, біртұтас халық болуға көнеді.
23 Осылай өз отар-табындары мен жиған-тергендерінің бәрі де біздікі болмай ма? Ал енді айтқандарымен келісейік, сонда олар осында бізбен бірге тұрып қалмақ».
24 Хамор мен Сихемнің ұсынысы алаңда жиналған барлық беделді ер адам атаулының қолдауын тапты. Сондықтан қала қақпасынан кіріп-шығып жүрген бүкіл еркек кіндіктілер сүндеттелді.
25 Бұдан үш күннен кейін ер адамдардың барлығы әлі де ауырып жатқан кезде Жақыптың екі ұлы Шимон мен Леуі семсерлерімен табан астынан қалаға шабуыл жасап, күллі адамдардың көзін құртты.
26 Олар Хамор мен Сихемді де семсерлерімен шауып өлтіріп, қарындастары Динаны Сихемнің үйінен алып кетті.
27 Содан Жақыптың өзге ұлдары да келіп, қарындастарын масқаралап кеткені үшін өлтірілгендердің қаласын тінте бастады.
28 Олар қой-сиырлары мен есектерін, іште, сыртта жатқан
29 бүкіл байлығын талан-таражға салып, барлық балалары мен әйелдерін тұтқынға алып, үйлеріндегі дүние-мүліктерін тонап кетті.
30 Ал Жақып Шимон мен Леуіге қатты наразыланып: — Сендер мені осы жерде тұрған қанахандықтар мен перездіктерге жек көрінішті қылып, бақытсыздыққа итермеледіңдер. Мендегі адамдар азғана. Әлгілер жиналып қарсы шығып, мені жеңіп, үй ішіммен жоқ қылар, — деп сөкті.
31 Сонда ағайынды екеуі: — Ал сол жігіттің біздің қарындасымызға жезөкшеге қарағандай қарауға құқығы болды ма?! — деп жауап қайтарды.