Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 35

Мұнан кейін Құдай Жақыпқа: «Жинал да, Бетелге өрлеп барып, сол жерді мекенде. Сонда Есаудан қашып кетіп бара жатқан жолыңда саған аян берген Өзіме арнап құрбандық ұсынатын орын сал», — деп бұйырды.
2 Содан Жақып үй ішіне және еріп жүрген адамдарының бәріне былай деп тапсырма берді: «Қолдарыңда бар бөтен тәңірлердің мүсіндерін лақтырып тастап, жуынып-тазарып, киімдеріңді ауыстырыңдар!
3 Содан кейін жиналып, Бетелге өрлейік. Сол жерде мен Құдайға арнап құрбандық ұсынатын орын салмақпын. Күйзелген кезімде Ол маған құлақ асып, жүрген жолдарымда жар болып келеді». —
4 Сонда Жақыптың қасындағы адамдары оған қолдарындағы мүсінделген бүкіл бөтен тәңірлерді және тұмар-сырғаларын табыстады. Ол соларды Сихем қаласының қасындағы бір емен ағашының түбіне көміп тастады.
5 Сонан соң олар жолға шықты. Құдай төңіректегі қалаларға үрей төндіргендіктен Жақыптың ұлдарының артынан ешкім қуғындаған жоқ.
6 Осылайша Жақып және оған еріп жүрген барлық адамдар Қанахан еліндегі Лұз (яғни Бетел) қаласының маңайына жетті.
7 Сонда Жақып Құдайға арнап құрбандық ұсынатын орын салып, оны «Ел-Бетел» («Бетелде (аян берген) Құдай») деп атады. Себебі ағасынан қашып бара жатқан кезінде Құдай оған сол жерде аян берген еді.
8 Осы шамада Рабиғаның күтуші шешесі Дебора қайтыс болды. Ол Бетелден төменірек жердегі емен ағашының түбіне жерленді. Сондықтан сол ағаш «Жоқтау емені» деп аталып кетті.
9 Жақып Месопотамиядан қайтып келгеннен кейін Құдай оған тағы да аян беріп:
10 «Сенің есімің — Жақып. Бірақ бұдан былай сен Жақып емес, Исраил деп аталасың, — деп батасын берді. Сонымен Құдай оның Исраил деген жаңа атын бекітті.
11 Ол сөзін жалғастырып: — Мен құдіреті шексіз Құдаймын. Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейсін! Сенен халық, тіпті көптеген халықтар тарап, патшалар да шығатын болады.
12 Ыбырайым мен Ысқаққа беруге уәде еткен елді Мен саған да, кейінгі ұрпақтарыңа да беремін», — деді.
13 Бұдан соң Ол Жақыпқа сөзін арнаған жерден жоғары көтеріліп, ғайып болды.
14 Жақып өзіне Құдай тіл қатқан сол жерде ескерткіш тас орнатып, оның үстіне Құдайға арнап сый-тарту ретінде сусын құйды. Содан кейін біраз май да құйып, ескерткішті Құдайға бағыштады.
15 Құдай өзіне тіл қатқан сол жерді ол Бетел («Құдай үйі») деп атайтын.
16 Жақыптың көші Бетелден шығып, Ефратаға біраз шақырым қалғанда, Рахила толғата бастады. Ол қатты қиналып босанды.
17 Рахила босанып қиналып жатқанда босандырушы әйел оған: «Қорықпа, сен бұл жолы да ұл туасың», — деп жұбатты.
18 Рахила хал үстінде жатып, соңғы демін шығарарда, баланы Бенони («Бәлемнің ұлы») деп атады. Бірақ әкесі Жақып оған Бунямин («Бақыт ұлы») деген ат қойды.
19 Осылайша Рахила қайтыс болды. Оның мәйіті Ефратаға бара жатқан жолда, қазір Бетлехем деп аталатын жерде, қабірге қойылды.
20 Жақып қабірдің басына құлпытас орнатты. Рахиланың құлпытасын осы күнге дейін көруге болады.
21 Исраил (яғни Жақып) әрі қарай көше отырып, шатырын Мығдал-Едердің ар жағына тікті.
22 Ол сол елде тұрған кезде тұңғышы Рубен әкесінің кәнизагы Балхамен жақындасты. Ал Исраил бұл туралы біліп қойды. Жақыптың он екі ұлы болды.
23 Лиядан туғандары: Жақыптың тұңғышы Рубен, одан кейін Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Забулон.
24 Рахиладан туған ұлдары: Жүсіп пен Бунямин.
25 Рахиланың күңі Балхадан туған ұлдары: Дан мен Нафталим.
26 Лияның күңі Зилпадан туған ұлдары: Ғад пен Ашир. Жақыптың солтүстік Месопотамияда туған ұлдары осылар болды.
27 Ақырында Жақып Хеброн деп те аталатын Кирият-Арбадағы Мамреге әкесі Ысқаққа қайтып келді. Бұл жерде Ыбырайым мен Ысқақ жат жұрттық болып тұрып жатқан еді.
28 Ысқақ жүз сексен жыл жасады.
29 Ол мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында жан тапсырып, о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды. Үрім-бұтағы оны азалап, ұлдары Есау мен Жақып мәйітін қабірге апарып қойды.