Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 15

Осы оқиғалардан кейін Жаратқан Ие Ыбырамға аян беріп: — Ыбырам, қорықпа! Мен сені қалқандай қорғаймын. Саған берілер сыйлық аса зор болады, — деді.
2 Бірақ Ыбырам жауап беріп былай деді: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, Сен маған қандай сыйлық бермексің? Мен әлі де ұрпақсыз келемін. Үйіме дамаскілік қызметшім Елиезер иелік етпек. —
3 Ыбырам тағы: — Сен маған бала сыйламадың, сондықтан мұрагерім үйімдегі бір қызметшім болады, — деп те мұңын шақты.
4 Ал Жаратқан Ие оған сөзін арнап: — Мұрагерің ол емес, сенен туатын ұл болады! — деді.
5 Содан оны сыртқа алып шығып: — Аспанға қарап жұлдыздарды санашы! Сен оларды санай алар ма екенсің? Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады! — деп уәде берді.
6 Ыбырам Жаратқан Иеге сенді, сондықтан Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады.
7 Тәңір Ие Ыбырамға тағы да тіл қатып: — Мен Жаратқан Иемін. Сені осы елді иемденсін деп халдейлік Ур қаласынан алып шыққан Менмін, — деді.
8 Ал Ыбырам: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, оны иемденетінімді мен қалай нақты біле аламын? — деп сұрады.
9 Сонда Иеміз оған: — Маған бір-бірден үш жасар сиыр, ешкі, қошқарды әрі орман кептері мен жас көгершінді алып кел, — деп бұйырды.
10 Ыбырам соның барлығын әкеліп, оларды сойып, ортасынан қақ бөліп, бөліктерді бір-біріне қарсы қойды. Ол тек құстарды ғана бөлмеді.
11 Жыртқыш құстар сойылған малдардың етіне қонды, бірақ Ыбырам оларды қуып жіберді.
12 Күн батқанда Ыбырамды керемет ұйқы басты. Сол сәтте ол түсінде қара түнекті көріп, қатты қорқып кетті.
13 Ал Жаратқан Ие Ыбырамға тіл қатып: — Біліп ал: сенің ұрпақтарың бөтен елде жат жұрттық келімсектер ретінде тұратын болады. Сол жерде олар төрт жүз жыл бойы құлдықта болып жәбірленеді.
14 Бірақ оларды құл еткен халықты Мен жазалаймын. Бұдан кейін сенің ұрпақтарың сол елден мол дүние-мүлікпен көшіп шығады.
15 Ал сен болсаң, жасың ұлғайған шағыңда ақ өліммен бабаларыңның қасына аттанып, жер қойнына кіресің.
16 Сенің үрім-бұтағың осы елге төрт ұрпақтан кейін ғана қайтып келеді. Себебі аморлықтардың күнәлары әлі шегіне жеткен жоқ, — деді.
17 Күн батып, қараңғылық орнаған кезде, міне, пештен шыққан іспетті түтін мен лаулап жалындаған от бір-біріне қарсы жатқан мал бөліктерінің ортасынан өте шықты.
18 Сол кезде Жаратқан Ие Ыбыраммен Келісім жасап: — Мен сенің үрім-бұтағыңа Мысырдың шетіндегі өзеннен бастап үлкен өзен — Евфратқа дейін жайылған осы елді беремін.
19 Онда кендіктер, кеназдықтар, қадмондықтар,
20 хеттіктер, перездіктер, рафалықтар,
21 аморлықтар, қанахандықтар, гергестіктер және ебустіктер тұрып жатыр, — деді.