Нақыл сөздер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31


Тарау 6

Балам, егер көршің үшін кепілдік беріп Не бөтеннің қарызын мойныңа алып,
2 Аузыңнан шыққан сөзіңмен шырмалсаң,
3 Ұлым, сол адамға кіріптар болғаның. Тез барып, жалынып аяғына жығыл, Осылай уәдеңнен азат болып құтыл!
4 Ұйқыға бой беріп, кірпігіңді ілмей, Алдымен көз жұмып, ұйықтайын демей,
5 Аңшыдан қашқан еліктей дереу құтыл, Құс іспетті тұзақтан босауға ұмтыл!
6 Жалқау неме, құмырсқадан үлгі ал, Ісіне қарап оның, парасатқа ие бол!
7 Бастық, бақылаушы, билеушісі болмайды,
8 Бірақ жазда ол қысқы азығын дайындайды, Орақ кезінде тамағын жинап сақтайды.
9 Жалқау неме, қашанғы ұйықтап жатасың, Ұйқыңнан оянып, қашан тұрасың?
10 Біресе ұйықтап не мүлгіп отырасың, Біресе қол қусырып жатып та аласың,
11 Кенеттен жүйріктей жоқшылық жетер, Тонаушыдай мұқтаждық саған тап берер.
12 Қара ниетті, арсыз жан жалған сөйлер,
13 Аяқ, көз, саусақпен құпия белгі берер,
14 Жүрегінде зұлым жоспарлар құрар, Әрдайым араздық сеуіп отырар.
15 Сондықтан ажал оған кенет жетер, Сауықпастан біржола құрып кетер.
16 Жаратқан Ие мына алтауды жақтырмайды, Тіпті жетеуді жаны мүлдем жаратпайды:
17 Тәкаппар көз бен өтірікші тіл, Һәм жазықсыз қан төгетін қол,
18 Зұлым жоспар құратын ақыл-сана, Әрі асыққан аяқ соны орындауға,
19 Жалған куә өтірік айтатын, Ағайын арасында араздық тудыратын.
20 Балам, әке өсиетін есте сақта, Анаң берген тәлімнен де бас тартпа,
21 Оларды мәңгі жүрегіңе түйгін, Мойныңа таққандай сақтап жүргін,
22 Жүргенде олар тура жолды нұсқар, Ұйықтасаң күзетіп, қорғап жатар, Оянғанда саған ақыл айтар.
23 Өсиет пен тәлім шам-шырақ секілді, Түзеткіш тәрбие өмір жолын сілтейді.
24 Олар сені жүгенсіз әйелден сақтайды, Оның жағымпаз сөздерінен қорғайды.
25 Көркіне оның жүрегің елікпесін, Жанары сені баурап әкетпесін!
26 Жезөкше ақыры нанға зәру қылар, Азғын әйел қымбат жаныңа тұзақ құрар.
27 Өз қойнына от салған киімін өртемей ме?
28 Шоқ басқан адам аяғын күйдірмей ме?
29 Өзгенің жарына барған жанмен де солай болады, Онымен құшақтасса, жазасын тартады.
30 Аштықтан ұрлық жасағанды жұрт жек көрмей ме,
31 Ұсталса, алғанын жеті еселеп төлетпей ме, Отбасының меншігін түгелдей бергізбей ме?
32 Сөз жоқ, неке адалдығын бұзғанның ақылы кем, Ол өз жанын құртады солай істеуімен,
33 Соққы жейді әрі абыройы төгіледі, Мәңгі масқара болып қала береді.
34 Қызғаныштан күйеуін ашу кернейді, Өшін алған кезінде аяуды білмейді,
35 Күнәнің төлемін ешқашан алмайды, Мол тарту берсең де, ашуы қайтпайды.