Нақыл сөздер
Тарау 28
Ешкім қумаса да қылмыскер қуыстанар, Ал әділ жан арыстандай батыл болар.
2 Ел заңнан безсе басшылары көп болар, Білгір, дана билеушімен елде тәртіп сақталар.
3 Бейшараларды қанайтын кедей жан Егінді шайған жауындай елге зиян.
4 Заңды бұзғандар зұлымдарды мақтар, Заңды сақтағандар оларға қарсы шығар.
5 Зұлым жан әділдікті ұғынбас, Жаратқанға бет бұрған оны толықтай ұғынар.
6 Бұрыс жүрген байдан гөрі Адал жүрген жарлы жақсы.
7 Заңды ұстанған — зерделі бала, Ал ысырапшылдарға қосылса, Әкесін қалдырар ұятқа.
8 Тойымсыз өсімқор жиған байлығынан айырылар, Соңында байлығы кедейді аяғанға бұйырар.
9 Заңға құлақ аспайтынның Мінажаты да Құдайға жексұрын.
10 Әділді адастырған теріс жолға Өз торына өзі түсер жан, Ие болар ақырында жақсылыққа Кінәратсыз, адал жан.
11 Бай адам өзін данышпан санар, Зерделі кедей оның шындығын ашар.
12 Әділдер жеңіп шықса, елдің ұлылығы асар, Зұлымдар үстемдік етсе, жұрт бас сауғалар.
13 Күнәларын жасырған жан өркендемейді, Оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді.
14 Жаратқанды лайым қастерлейтін жарылқанар, Ал жүрегін қасарыстырған пәлеге ұшырар.
15 Бейшара халыққа билік құрған арамза Ұқсайды ақырған арыстан я бас салған аюға.
16 Зердесіз билеуші халқын езгіге салар, Арам пайданы жек көрген ұзақ билік құрар.
17 Кісі өлтірген күнәкар Өле-өлгенше қашқын болар, Болмасын ешкім оны қорғар!
18 Мінсіз жүрген жан пәледен аман болар, Бұрыс жолмен жүрген бірден құлап қалар.
19 Жер өңдегеннің тамағы мол, Құр қиял қуғанның жоқшылығы мол.
20 Адал жан молынан жарылқанар, Баюға асыққан жазасын тартар.
21 Адамдарды алалау ешқандай дұрыс емес, Кейбіреу бір үзім нан үшін қылмыстан шегінбес.
22 Ашкөз адам асығып баюға ұмтылар, Аңғармай ақырында жоқшылыққа ұшырар.
23 Жағымпаздан гөрі ескертуші Соңында көбірек көрер құрметті.
24 «Күнә емес» деп ата-анасынан ұрлаушы — Қарақшылардың нағыз сыбайласы.
25 Тәкаппар адам дау-жанжал туғызар, Тәңір Иеге сенуші өркендейтін болар.
26 Өз ақылына ғана сенген аңғал болар, Даналықпен жүрген аман сақталар.
27 Мүсәпірді аяған жоқшылыққа тап болмас, Ал оған көзін жұмған қарғыстан бас алмас.
28 Зұлымдар үстемдік етсе, жұрт бас сауғалар, Зұлымдар құлап түссе, әділдер саны молаяр.