Нақыл сөздер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31


Тарау 26

Жаз кезіне қар жараспас, Орақ кезіне жаңбыр жараспас, Ақымаққа қадір жараспас.
2 Пыр еткен торғайдай, Ұшып кеткен қарлығаштай, Жөнсіз қарғыс адамға қонбас.
3 Атқа — қамшы, есекке — ауыздық, Қыңыр ақымаққа — қатаңдық.
4 Ақымаққа ақымақша жауап қайтарма, Әйтпесе оған ұқсап шығарсың соңында.
5 Ақымаққа ақымақтығын әшкерелеп жауап қайтар, Әйтпесе ол өзін ақылдымын деп санар.
6 Ақымақпен хабар жіберген жан Өз аяғын шапқандай басына пәле шақырған.
7 Наданның аузындағы нақылдар Сал адамның аяғындай ақсақ болар.
8 Ақылсыз жанды құрметтеуші Сақпанына тас байлаған іспетті.
9 Ақымақтың аузындағы дана нақылдар Мастың қолындағы тікенді бұтаққа ұқсар.
10 Наданды не көрінген жанды жалдаушылар Беталды жарақат салатын садақшыға ұқсар.
11 Төбет қайта оралар өзінің құсығына, Қайталар өз ақымақтығын аңқау жан да.
12 Өзін данышпан деп санайтыннан гөрі Ақымақтан жұрт көбірек үміт күтеді.
13 «Жолда арыстан бар, Алаңда арыстан жүр» Деп жалқау сылтау айтар.
14 Есік топсасында айнала берер, Еріншек төсегінде аунай берер.
15 Жалқау қолын табаққа салар, Ал аузына апаруға жалығар.
16 Ойланып жауап берер жетеуден гөрі Жалқау тым дана санайды өзін-өзі.
17 Жолшыбай өзгенің жанжалына араласқан Ұқсайды жанға иттің құлағынан тартқан.
18 Отты садақ атып, өлім себетін есуас
19 Жақынын алдап, «қалжыңдадым» дейтінге ұқсас.
20 Отын таусылса от өшер, Өсек таусылса дау өшер.
21 Көмірді шоқ, отынды от жандырар, Дау-жанжалды ұрысқақ адам тұтатар.
22 Өсекшінің сөзі сондай дәмді, Ішіңе кіріп, баурап алар жан дүниеңді.
23 Зұлым жүрек пен жалынды тіл Қыш ыдыстай тек сырты жылтыр.
24 Кекті адам сөзімен ойын жасырар, Ал жүрегіндегі ниеті арам қалар.
25 Қанша майда сөйлесе де сенбегін, Жеті сұмдық толтырып тұр жүрегін,
26 Қулықпен жасырса да өшпендігін, Жиында болар әшкереленетін.
27 Ор қазған қаскүнем орына өзі құлар, Өрге домалатқан тасы өзін басар.
28 Жалған тіл жәбірлегендерін жек көрер, Жағымпаз ауыз өзгені құртуды көздер.