Нақыл сөздер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31


Тарау 13

Ақылды бала әке тәрбиесін қабыл алар, Ал мысқылшыл ескертуге құлақ аспас.
2 Адам игі сөздерінің жемісін көрер, Ал опасыз жан зорлық-зомбылық көздер.
3 Аузына ие болған өмірін сақтар, Аузын айқара ашқан пәлеге ұшырар.
4 Жалқау мол аңсағанмен аз алар, Ынтамен еңбек еткен тоқ болар.
5 Әділ өтірік сөзді жек көрер, Зұлым арсыз ісімен абыройын төгер.
6 Таза жанды әділдігі аман сақтар, Күнәкарды зұлымдығы құлатар.
7 Бай болғансыған біреудің түгі де жоқ, Ал кедейсіген басқа біреу байлыққа тоқ.
8 Байлық байдың өміріне төлем болар, Ал кедей қоқан-лоқыдан аман болар.
9 Әділдің нұры жарқырап жанар, Зұлымның шырағы өшіп қалар.
10 Менмендік дау-жанжал туғызар, Даналық ақылдасқандарда болар.
11 Оңай олжа тез таусылар, Еңбекпен жинаған байлығын молайтар.
12 Ұзаққа созылған үміт жүрек қажытар, Орындалған тілек өмірді құлпыртар.
13 Нақыл сөзді елемеген кесірін көрер, Нұсқауды құрметтеген пайдасын көрер.
14 Данышпанның тәлімі — өмір бұлағы, Ол адамды ажал торынан құтқарады.
15 Ақыл-парасат адамды ұнамды қылар, Зымиянның жолы тым ауыр болар.
16 Зерделі білгірлікпен әрекет етер, Зердесіз надандығын паш етер.
17 Зұлым хабаршы пәлеге тап болар, Адал хабаршы амандық орнатар.
18 Тәрбиеден безген жоқтық пен масқараға ұшырар, Ескертуге көңіл бөлген қадір-құрметке ие болар.
19 Аңсағаны іске асса көңіл сүйсінер, Арам ісінен қайтудан надан жиренер.
20 Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған пәлеге қалар.
21 Күнәкардың соңынан пәле қалмас, Әділ жан ізгі сыйынан ада қалмас.
22 Ізгі жанның мұрасы үрім-бұтағына қалар, Күнәкардың байлығы әділ жанға сақталар.
23 Кедей жыртқан тың жерден егін бітік шығар, Ал әділетсіздіктің кесірінен бір бөлігі ұрланар.
24 Жазасын тартқызбаған баласын сүймейді, Баласын сүйген оны жасынан тәрбиелейді.
25 Әділ жан тамағын тойып ішер, Арамзаның қарны аш жүрер.