Нақыл сөздер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31


Тарау 18

Саяқ жан қара басын ойлар, Даналық атаулыға қарсы шығар.
2 Ақымақ парасатты жек көрер, Өз ойын білдіруді жақсы көрер.
3 Зұлым өзімен асқақтық әкелер, Ұятты қылыққа масқара ерер.
4 Адамның сөзі — тұңғиық судай, Даналық көзі — тасқынды бұлақтай.
5 Соттау әділді, қолдау арамды — Әділетсіз соттың қылығы.
6 Ақымақтың тілі жанжал туғызар, Аузымен өзіне жаза тартқызар.
7 Өз аузы ақымақты ажалға бастар, Өз тілі жанына тұзақ құрар.
8 Өсекшінің сөзі сондай дәмді, Ішіңе кіріп, баурайды жан дүниеңді.
9 Жұмысына немқұрайды — Ысырапшылдың ағайыны.
10 Жаратқан Иенің есімі — мықты мұнара, Бас сауғалаған әділге қауіпсіз пана.
11 Байдың байлығы алынбас қамалдай, Өз қиялында заңғар дуалдай.
12 Адам құлар алдында асқақ болар, Абыройы асар алдында кішіпейіл болар.
13 Тыңдамай жатып жауап қайтарған — Ақылсыз, масқара болатын жан.
14 Адамның қиналысына өз рухы төзер, Ал рухы күйрегенге кім дем берер?
15 Зерделінің санасы білімді иемденер, Дананың құлағы білімді іздей берер.
16 Сый-тартуы берушінің жолын ашар, Әкімдер алдына дейін апарар.
17 Бірінші боп дауласқандікі жөн көрінер, Ал қарсыласы келіп, сауал қойып тексерер.
18 Жеребе тастау дау-жанжалды басар, Мықты қарсыластарды ол ажыратар.
19 Ренжіген ағайын — бекітілген қаладай, Дауласқан адамың — бекітілген қамалдай.
20 Тілінің жемісімен адам қарнын тойдырар, Сөзінің өнімімен жанын тойындырар.
21 Тілде өмір мен өлімнің билігі болар, Сөзге үйір соның жемісін татар.
22 Әйел алған — береке тапқан, Жаратқан Иенің жарылқауын алған.
23 Мұқтаж адам жалына сөйлер, Бай оған дөрекі жауап берер.
24 Бірін-бірі күйреткен доссымақтар бар, Шынайы дос ағайыннан жақын болар.