Нақыл сөздер
Тарау 5
Балам, даналығымды қабылда, Ұлағатты сөздерімді тыңда,
2 Осылай естілікті үйренерсің, Білім сақтап, парасатпен сөйлерсің.
3 Азғын әйелдің тілінен бал тамады, Сөздері майдан да жұмсақ болады.
4 Бірақ оның кесірі ащы жусандай, Соңы өткір болар екі жүзді семсердей.
5 Аяқтары өлім жолына түсіп барар, Қадамдары көрге қарай бағытталар.
6 Шынайы өмір жолын сол әйел ойламайды, Қауіпті жолмен жүргенін аңғармайды.
7 Сонымен, балалар, тілімді алыңдар, Айтатын сөздерімнен бас тартпаңдар!
8 Әрдайым алыс бол сондай әйелден, Жақындамай, аулақ жүр есігінен!
9 Әйтпесе әл-күшіңнен құр қаласың, Жиғаныңды қатал жанға тапсырасың.
10 Басқалар байлығыңды иемденер, Бөтен жан еңбегіңнің жемісін жер.
11 Өміріңнің соңында тәнің әлсіреп, Былай деп күйзелерсің, қатты опық жеп:
12 «Әттеген-ай, тәрбиені неге жек көріппін, Ескертуді қалайша елемей жүріппін?
13 Ұстаздарымның тілін қалайша алмаппын, Тәлімгерлеріме еш құлақ салмаппын?
14 Сондықтан мен жиналған жамағаттың Алдында масқара бола жаздаппын!»
15 Суын ішіп, шөліңді бас өз «құдығыңнан», Ләззат тап өз «бұлағыңның кәусарынан».
16 «Бұлағың» көшелерде ақсын ба, «Кәусарың» алаңдарда жайылсын ба?
17 Лайым ол тек қана сендік болсын, Адал жүр, бөліспе өзгелермен!
18 Құдайым жарылқай көрсін «бұлағыңды», Қанағат ет жастай алған қосағыңды:
19 Ол еліктей сұлу, тауешкідей әсем, Үнемі ләззат тап кеудесінен, Мас бола бер махаббатына әрдайым.
20 Балам, өзге әйелге әуестіктің қажеті не? Басқаның кеудесін құшқаннан табасың не?
21 Адамның күллі ісі Жаратқанның көз алдында, Ол баға береді пенденің бар жолына.
22 Зұлым жан өз күнәларының тұзағына түсер, Жасаған жамандықтары оны кіріптар етер.
23 Тәрбиесіздігі оны ажалға тап қылар, Зор ақымақтығы ақ жолдан адастырар.