Нақыл сөздер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31


Тарау 21

Патшаның жүрегі Жаратқанның қолында Ұқсайды аққан суға өзен салаларында: Жаратқан бағыттайды оны қалаған жағына.
2 Өз жолы адамға түзу болып көрінер, Ал оның жүрегін Жаратқан Ие тексерер.
3 Адамның адалдық пен әділдік сақтағаны Жаратқанға құрбандық шалғанынан ұнамды.
4 Көз тәкаппарлығы, жүректің асқақтығы Екеуі де күнә — зұлымның қылықтары.
5 Ұқыптының ой-ниеті дәулетке бастар, Тым асыққан тапшылыққа ұшырар.
6 Жалғандықпен жиналған байлық — Ұшып кетер бу әрі ажалды тұзақ.
7 Зұлымның зомбылығы өзін жоқ қылар, Әділ істен бас тартқаны себепшісі болар.
8 Айыптының жолы — қисық соқпақ, Айыпсыздың жүрісі түзу болмақ.
9 Ұрысқақ әйелмен бір үйде тұрғанша Үй төбесіндегі күркеде тұрған артық оңаша.
10 Зұлымның жаны сұмдық көздер, Өз жақынына қаталдық көрсетер.
11 Мазақшыл жазаланса, аңғырттың даналығы артар, Дана жан тәлім алса, ол содан білім қабылдар.
12 Әділ Тәңір Иеміз зұлымның үйін бақылар, Содан зұлымды құлатып, көзін құртар.
13 Жарлының зарына құлағын жабатын Таппас өз зарына құлақ асатын.
14 Жасырын сый-тарту ашуды тыншытар, Құпия сыйлық зор қаһарды басар.
15 Әділдік жасалса әділдер қуанар, Ал зұлымдық жасаушылар шошынар.
16 Даналық жолынан адасқан — О дүниеге жақында аттанар жан.
17 Байи қоймас шарап, майға құмартқан, Кедейленер аса сауықшыл жан.
18 Арамза адам әділдің төлемі болар, Опасыз ұсталып, адал жан құтылар.
19 Ұрысқақ, ызақор әйелмен тұрғанша, Оңаша тұрған артық айдалада.
20 Дананың мекені май мен байлыққа толар, Ал надан өзінде барды шашар.
21 Әділдік пен берік мейірім жолынан Шын өмір, әділет, құрмет табады жан.
22 Күштілердің қаласын кемеңгер басып алар, Олар сенген қамалдың күл-талқанын шығарар.
23 Тілі мен аузына ие болған Пәледен басын сақтар аман.
24 Өркөкірек, паң адамды мысқылшыл дер, Асқан менмендікпен ол әрекет етер.
25 Жалқауды құмарлықтары құртар, Себебі қолы жұмыстан қашар.
26 Жалқау жан күні бойы алуды көксер, Ал әділ жан мұқтажға аямай берер.
27 Зұлымның құрбандығын Жаратқан жек көрер, Арам оймен ұсынса оны, одан да бетер.
28 Өтірік айтатын куә құрып кетер, Ал өз құлағымен естігеннің сөзі өтер.
29 Азғын жан сондай батыл болып көрінер, Әділ жан жүрер жолына көңіл бөлер.
30 Ешбір даналық, түсінік пен кеңес Жаратқан Иеге қарсы келмес.
31 Жауынгер шайқасқа атын дайындар, Ал жеңісті оған Жаратқан Ие сыйлар.