Нақыл сөздер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31


Тарау 27

Мақтанба ертеңгі күніңмен, Сол күннің не әкелерін білмейсің сен.
2 Басқа сені мақтасын, өз аузың емес, Басқаның сөзі, өз тілің емес.
3 Тас салмақты, құм да ауыр, Ақымақтың жәбірі екеуінен де ауыр.
4 Ашу қатал, қаһар тасқындай басар, Ал қызғаныштың күшіне кім қарсы тұра алар?
5 Сүйіспеншілігін жасырып, жалтарғаннан гөрі Ренжіткенге ашық ескерту жасаған игі.
6 Досыңның сөгуі шынайы, Дұшпаныңның сүюі алдамшы.
7 Тойынған балдан да бас тартар, Ашыққанға ащы ас та балдай болар.
8 Ата жұрттан безіп кеткен Құсқа ұқсас ұясын тастап кеткен.
9 Жұпар мен иісмай жүректі қуантар, Досың адал кеңесімен ұнамды болар.
10 Қол үзбе өз досыңнан, Әкеңнің де досынан. Басыңа сенің күн туғанда Ағайынның үйіне қашып барма. Іргедегі көршің артық қой Алыстағы сол ағайыныңнан.
11 Балам, парасатты бол, мені қуантарсың, Сонда өзімді қорлағандарға жауап бере алармын.
12 Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп жаза тартар.
13 Бөгдеге біреу кепіл болар, Сонда оның шапанын шешіп алыңдар, Бөгде әйелдің қарызына кепілдік сол болар.
14 Азанда көршісіне айқайлап бата сұраған Туралы ойлайды жұрт «көршісін қарғап жатқан».
15 Жаңбырлы күні тоқтаусыз тамшылайды, Ұрысқақ әйел де тыным тапқызбайды.
16 Оны тыю ұқсайды желді тыйғанға Я майлы қолмен бір затты ұстағанға.
17 Темір темірді қайрайды, Адам адамды қайрайды.
18 Ағашты күткен оның жемісін жер, Қожасын күткен оның сыйын көрер.
19 Адам суға қарап өзінің бет-жүзін көрер, Жүрегіне қарап өзінің кім екенін білер.
20 Ажал мен тозақ тойымсыз, Адамның көзі де тойымсыз.
21 Күмісті балқытып, алтынды көрікте сынар, Адам баласы мақталғанда сыналар.
22 Ақымақты тіпті бидайдай келіде түйсе де, Ақымақтығынан арылта алмас еді ешкім де.
23 Отарларыңның күйін жақсы бақыла, Табындарыңа да мұқият қара.
24 Себебі байлық мәңгілік емес, Билік те ұрпақтан ұрпаққа берілмес.
25 Шөп шабылып, орнына көк шөп шығар, Жұрт тау шөбін де жинап алар,
26 Сонда киімің үшін қойыңнан жүн қырқарсың. Серкелеріңнің бағасына жер сатып аларсың.
27 Өзіңе, отбасыңа ешкі сүті мол болар, Қызметші қыздарыңа да жетіп артылар.