Нақыл сөздер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31


Тарау 12

Тәрбиені ұнатқан — білімді де ұнатқан, Ал ескертуді жек көрген — санасыз надан.
2 Ізгі жанды Жаратқан Ие ұнатар, Зымиянға Ол үкімін шығарар.
3 Адам зұлымдықпен берік болмас, Ал әділ жанның түп-тамыры мызғымас.
4 Ізгі әйел күйеуінің абыройын асырар, Арсыз әйел күйеуінің қуатын тауысар.
5 Әділдің ой-ниеті әділетті, Арамзаның кеңесі алдамшы.
6 Зұлымның сөзі қан төгер тұзақ құрар, Әділдің сөзі пәледен құтқарар.
7 Зұлым құлап, із-түзсіз жоқ болар, Әділдің шаңырағы берік тұрар.
8 Ақылына қарап адамды мақтар, Ойы бұзық жан жексұрын болар.
9 Кеуде көтеріп аш жүргеннен гөрі, Адал еңбек еткен қарапайым жан игі.
10 Ізгі жан малының да қамын ойлар, Арамзаның жүрегі қатыгез болар.
11 Жерін өңдегеннің қарны тоқ, Бос қиял қуғанның ақылы жоқ.
12 Зұлымның олжасына сұрқия көз салар, Тамыры берік әділ жан жемісті болар.
13 Арамза жалған сөзінен ұсталар, Әділ жан пәледен аман құтылар.
14 Аузынан шыққан жақсы сөзі адамды тоқ қылар, Еңбек еткен қолы да ақысын алар.
15 Ақымақ жүрген жолым тура дер, Дана жан кеңеске құлақ түрер.
16 Ақымақтың ашуы бірден бетіне шығар, Ақылды жан шеккен жәбіріне немқұрайды қарар.
17 Білген шындығын айтқан әділдікті паш етер, Жалған куәгер болған опасыздық етер.
18 Мылжың өз тілімен семсердей шағар, Дана өз тілімен жанның жарасын сауықтырар.
19 Шыншылдың сөзі мәңгілік, Өтірікшінің сөзі бір-ақ сәттік.
20 Зұлымдық ойлағанның жүрегі толған сұмдық, Татулық ойлағанның жүрегі толған шаттық.
21 Әділге күнәнің кесірі жұқпас, Зұлым толған пәлесінен арылмас.
22 Жалған тіл Жаратқанға жиренішті, Ақиқатты айтатын Оған сүйкімді.
23 Зерделі білімін жасырар, Зердесіз надандығын жариялар.
24 Еңбекқор қол билікке жеткізер, Жалқау қол құлдыққа түсірер.
25 Сары уайым адамның еңсесін басар, Жақсы сөз оның көңілін тасытар.
26 Әділ жан серіктерін ақ жолмен бастар, Арамзаның жолы оларды адастырар.
27 Жалқау аң аулап, етін қуыруға да ерінер, Ал еңбекқордың меншігі құндана түсер.
28 Әділдік жолында шынайы өмір бар, Онымен жүрген мәңгі өлімнен құтылар.