Нақыл сөздер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31


Тарау 29

Ескертуді тыңдамай, қасарысқан жан Кенеттен күйреп, оңалмас содан.
2 Әділдер саны молайса халық қуанар, Зұлымдар билік құрса халық аһ ұрар.
3 Даналықты сүйген жан әкесін қуантар, Азғын әйелмен байланысқан байлығын шашар.
4 Патша әділдікпен елін нығайтар, Парақұмар болса елін құлдыратар.
5 Досына жағымпазданған Оның аяғына тор құрған.
6 Зұлым күнәсімен өзіне тор құрар, Әділ қуанып, көңілді ән салар.
7 Әділ жан жарлының құқығын ойлар, Зұлым соны білуден бас тартар.
8 Мазақшылдар қаланы даурықтырар, Даналар ашу-ызаны басар.
9 Дана жан ақымақпен соттасса, Ақымақ еліріп не күліп, бермес маза.
10 Қанқұмарлар мінсізді жек көреді, Ал әділдер мінсіздің игілігін көздейді.
11 Аңғал бар ашуын төгер, Дана өзін-өзі билер.
12 Әмірші өтірікке құлақ түрсе егер, Бар нөкері арамза боп шыға келер.
13 Кедей мен қанаушыға ортақ нәрсе: Жаратқан Ие көз нұрын сыйлады екеуіне.
14 Кедейлерге әділ үкім шығарар Патшаның тағы мәңгіге нығаяр.
15 Тиянақты тәрбие мен қажетті жаза Баланы ақылды қылар, Ал өз бетімен жіберілген бала Анасын масқараға қалдырар.
16 Зұлымдар көбейсе заңсыздық көбейер, Кейін әділдер олардың күйреуін көрер.
17 Балаңа жақсылап тәлім-тәрбие бер, Жаныңды ол тыншытып, шаттыққа кенелтер.
18 Құдайдың хабарын алмаса, халық бетімен кетер, Ал Оның тәлімін сақтағандар бақытқа кенелер.
19 Жай сөзбен құлды тәрбиелеуге болмас, Айтқанды ол ұқса да, іске асырмас.
20 Ағат сөйлейтін адамды көрсең, Аңғалдан үміт көбірек күтерсің.
21 Жасынан еркелеткен құлың Кейіннен болармын дер ұлың.
22 Ашулы жан дау-жанжал туғызар, Қызба жан көптеген күнә жасар.
23 Менмендік адамның мерейін түсірер, Кішіпейілдік оны құрметке жеткізер.
24 Қарақшымен сыбайлас өз жанына қас, Ол қарғанып ант беруге болар тиіс, Ал шын куәлік беруге батылы жетпес.
25 Пендеден қорқуы адамға тұзақ құрар, Жаратқанға сенуші қауіпсіз болар.
26 Көптеген кісі әміршінің ықыласын іздер, Ал әділет адамға Тәңір Иеден келер.
27 Азғын адам әділдерге жек көрінішті, Тура жүрген жан зұлымдарға жиренішті.