Патшалықтар 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 6

Кейін Дәуіт қайтадан Исраилдің күллі таңдаулы ерлерін — отыз мың адамды жинап алды.
2 Барлығы Құдайдың Келісім сандығын Иерусалимге алып келуге Яһудадағы Бағалаға қарай аттанды. Сандық Әлемнің Иесіне бағышталған еді; Оның жер бетіндегі тағы (сандық қақпағындағы) екі керуб мүсінінің үстінде орналасқан.
3 Дәуіт пен оның адамдары Құдайдың сандығын жаңа арбаға орнатып, Абинадаптың төбе басындағы үйінен алып шықты. Абинадаптың екі ұлы Ұза мен Ахио Құдайдың сандығы орналасқан арбаны бастап алып жүрді. Алдында жүрген Ахио болды.
5 Дәуіт пен бүкіл Исраил халқы Жаратқан Иенің алдында жан сала би билеп, шырша ағашынан жасалған әр түрлі аспаптарда, жетіген, шертер, даңғыра, шыңдауыл, асатаяқтарда ойнап, қуана әндетіп келе жатты.
6 Салтанатты шеру Нахонның астық бастыратын қырманына жеткен кезде, өгіздер сүрініп, сандық шайқалды. Құлап қалмауы үшін Ұза қолын созып, Құдайдың сандығын ұстай қалды.
7 Сонда Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға қарсы лап етті. Еркінсіп сандыққа қолын тигізгені үшін Құдай оны жазалап, Ұза сол бойда Құдайдың сандығының қасында жан тапсырды.
8 Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға «бұзып-жара» төгілгендіктен, Дәуіт қатты абыржып қайғырды. Сол себепті осы жер бүгінге дейін Пәрес-Ұза («Ұзаны бұзып-жарған») деп аталып келеді.
9 Дәуіт сол күні: «Жаратқан Иенің сандығы қасыма қалайша келе алады?» — деп уайымдап Жаратқан Иеден қорықты.
10 Сондықтан ол Жаратқан Иенің сандығын өзінің шаһарына әкелгісі келмей, ғаттық Ғабит-Едомның үйіне апарып қойды.
11 Сонымен Жаратқан Иенің сандығы үш ай бойы сол үйде қалды, әрі Жаратқан Ие Ғабит-Едомды және оның бүкіл үй ішін жарылқады.
12 Сонда Дәуіт патшаға: «Құдайдың сандығының арқасында Жаратқан Ие Ғабит-Едом мен оның барлық иелігіне ақ батасын қондырды!» — деген хабар жетті. Содан Дәуіт барып, Құдайдың сандығын салтанатпен қуана-қуана өзінің шаһарына алып келді.
13 Жаратқан Иенің Келісім сандығын алып жүрушілер алты қадам жасаған сайын, Дәуіт бір жас бұқа мен бір семіз тоқтыны құрбандыққа шалғызып отырды.
14 Ақ бәтестен тігілген көйлек киіп алған өзі Жаратқан Иенің алдында жан сала би билеп жүрді.
15 Осылайша Дәуіт пен бүкіл Исраил халқы қуанышпен айқай сала, кернейлетіп Жаратқан Иенің сандығын Иерусалимге алып келе жатты.
16 Жаратқан Иенің сандығы Дәуіттің шаһарына кіре бастағанда, оның әйелі Саул қызы Михол терезеден қарап тұрған еді. Дәуіт патшаның Жаратқан Иенің алдында секіріп, би билеп жүргенін көріп, Михол оны іштей менсінбеді.
17 Осылай Жаратқан Иенің Келісім сандығы әкелініп, Дәуіт арнайы тігіп қойған шатырдың ішіне орнатылды. Содан соң Дәуіт күнәнің құнын өтеу құрбандықтарын және ризашылық құрбандықтарын шалғызып, Жаратқан Иенің алдында өртетіп ұсынды.
18 Соларды ұсынып болғаннан кейін Дәуіт халыққа Әлемнің Иесінің атымен бата берді.
19 Патша күллі халыққа, еркек болсын, әйел болсын, жиналған исраилдіктердің әрқайсысына бір-бір қалаш наннан, бір кесек қақталған еттен және бір қадақ мейізден үлестіріп берді. Содан соң жұрт үйлеріне тарап кетті.
20 Дәуіт енді өз отбасына бата берейін деп сарайына қайтып келгенде, Саул қызы Михол алдынан шығып, былай деді: — Бүгін Исраил патшасының дәрежесі қаншама өсті! Ол нөкерлерінің күңдерінің алдында арсыз да әдепсіз әлдекімге ұқсап шапансыз жүрді! —
21 Дәуіт жауап қайтарып: — Мен би билегенде, Жаратқан Иенің алдында биледім! Ол мені әкеңнің және оның барлық әулетінің орнына таңдап алып, өз халқы Исраилдің басшысы етіп қойды. Содан мен Жаратқан Иенің алдында көңілді ән айтып би билеймін.
22 Мен өзімді бұдан бетер төмендетемін, өз көз алдымда төмен боламын. Ал сен айтып отырған күңдердің алдында сыйға бөленемін, — деді.
23 Бұдан кейін Саул қызы Михол өле-өлгенше бала таппады.