Патшалықтар 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 22

Осылай Жаратқан Ие Дәуітті барлық жауларынан және Саулдың қолынан құтқарды. Сол кезде Дәуіт Жаратқан Иеге арнап мына жырды айтты:
2 Жаратқан — жартастай берік қорғаным, Мені қауіп-қатерден құтқарушым,
3 Құдайым — сенім артқан шың құзым, Қалқандай қорғаушым, мықты құтқарушым, Әрі биік таудағыдай баспанам, Мені құтқарады зорлық-зомбылықтан!
4 Мадаққа лайық Жаратқанға сиынам, Ол мені арашалайды жауларымнан.
5 Өлім толқындары жан-жақтан құрсады, Заңсыздық тасқыны көміп тастады,
6 Ажалдың шынжыры мені матады, Өлімнің торы бұғаулап шырмады.
7 Қатты қиналып Жаратқанға сиындым, Жәрдем сұрап Құдайыма жалындым. Киелі орнынан Ол құлақ салды, Жалынышым Оның алдына барды.
8 Сол заматта жер дірілдеп сілкінді, Аспанның негізі шайқалып дірілдеді, Өйткені Құдай қаһарына мінген еді.
9 Қаһарынан Оның түтін шықты, От лаулап аузынан жалын атты, Ыстық шоқ ішінен атқылады.
10 Аспанды ашып Ол төмен түсті, Қара бұлттар болды аяғының асты,
11 Мықты періштелерге мініп алды, Желдің қанаттарында зулап ұшты,
12 Түнекті айналдыра перде қылды, Жаңбырдың қалың бұлттарын жамылды,
13 Алдындағы нұрынан жай оты жалтылдады.
14 Жаратқан Ие аспаннан күркіреп шақырды, Алла Тағаланың дауысы жаңғырықты.
15 Жебелер атқылап жауларын шашыратты, Найзағай жарқылдап оларды абдыратты.
16 Көрінді сонда теңіздің арналары, Әрі дүниенің негіздері ашылды, Уа, Жаратқан Ие, қатаң сөгісіңнен, Қаһарлы да құдіретті лебіңнен.
17 Көктен қолын созып, Ол мені ұстап алды, Терең судан Ием мені шығарып алды,
18 Құтқарды мені мықты дұшпанымнан, Өзімнен қуатты қас жауларымнан,
19 Мүшкіл кезімде олар маған бас салды, Жаратқан Ие бірақ тірегім болды,
20 Кең-байтақ жерге Ол мені шығарды, Маған риза болып аман құтқарды.
21 Адал жүрген мені Ием қолдады, Пәк істерім үшін игілік сыйлады.
22 Өйткені Жаратқанның жолымен жүрдім, Арсыз болып Құдайымнан безбедім.
23 Қайта, күллі шешімдері көз алдымда, Оның ережелерінен бас тартпаймын да.
24 Құдайдың алдында мінсіз болып келемін, Күнә жасаудан сақтанып жүремін.
25 Жаратқан маған берді әділдігіме қарай, Оның көз алдындағы пәк ісіме сай.
26 Ием, рақымды жанға рақым танытасың, Адал жанға адалдықпен қарайсың,
27 Таза жүрген жанмен Өзің де тазасың. Арамзаға айламен жауап қайырасың.
28 Жәбір көрген жандарды құтқарасың, Бірақ менменді байқап, құлатасың.
29 Уа, Ием, маған шырақтай нұр шашасың, Уа, Жаратқан, түнегімді жарық қыласың.
30 Сенің күшіңмен жау тобын жеңе аламын, Құдайыммен қамалдың үстіне шығамын.
31 Күмән жоқ, Құдайдың жолы мінсіз, Жаратқанның сөзі де еш мүлтіксіз. Құдайға сенім артқан бар жандарға Ол — қалқандай қорған әрі берік баспана.
32 Жаратқан Иеден басқа кім Құдай екен? Құдайымыздан басқа кім қорғайтын құз екен?
33 Құдай мені күш-қуатқа бөлейді, Мінсіз өмір жолымен жетелейді,
34 Аяғымды бұғыдай жүйрік қылады, Биік жерлерімде аман тұрғызады.
35 Ол қолдарымды дайындайды шайқасқа, Майыстырам тіпті қола садақты да.
36 Сен құтқаруыңды қалқандай сыйладың, Жоғарылатады мені шапағатың.
37 Жолда қадамдарымды ұлғайтасың, Аяқтарымды таюдан сақтап қаласың.
38 Жауларымды қуып, жойдым көздерін, Бәрін құртпайынша кері келмедім.
39 Олар жеңіліп, қайта тұра алмады, Аяғымның астына менің құлады.
40 Шайқасуға маған күш-қуат сыйладың, Қарсыластарды алдыма бас ұрғыздың,
41 Қалған жауларды қашуға мәжбүр қылдың, Мені жек көргендердің көздерін құрттым.
42 Көмекке шақырды олар, ешкім құтқармады, Жаратқанға жалынды, Ол құлақ салмады.
43 Содан жауларды жер шаңындай ұнтақтадым, Даланың батпағындай оларды таптадым.
44 Сен мені халықтың бүлігінен құтқардың, Әрі басшысы етіп қойдың өзге ұлттардың. Бөтен халық енді маған қызмет етеді,
45 Олар да айтқанымды екі етпейді, Бөгде ұлттар алдымда құлдық ұрады,
46 Жат жұрттықтар қатты қорқып бозарады, Дірілдеп өз қамалдарынан шығады.
47 Жаратқан тірі! Құздай қорғаушым мақталсын, Құтқарушы Құдайым лайым даңқталсын!
48 Құдайым мүддемді қорғаған, Әрі халықтарды маған бағындырған,
49 Жауымнан өзімді аман сақтап қалған. Жоғары қойдың мені қарсыластардан, Сен құтқарып алдың зорлықшылдардан.
50 Басқа халықтар арасында сондықтан, Уа, Жаратқан Ием, Сені мадақтаймын, Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын.
51 Сен Өзіңнің тағайындаған патшаңа: Дәуітке және оның ұрпақтарына Ұдайы ұлы жеңістер сыйлайсың, Тұрақты мейіріміңді бағыштайсың.