Патшалықтар 2-ж
Тарау 5
Кейінірек Исраилдің барлық руларының өкілдері Хеброндағы Дәуіттің қасына келіп, оған былай деді: «Сөзімізге құлақ сала көріңіз: сіздің ет жақын туыстарыңызбыз.
2 Біраз уақыт бұрын, Саул патшалық құрған кезде бүкіл Исраилді жорыққа бастап жүрген өзіңіз болатынсыз! Жаратқан Ие де сізге: «Менің халқым Исраилді бағатын әрі Исраил еліне басшылық ететін сен боласың», деп айтқан».
3 Осылай Исраилдің күллі рубасылары Дәуіт патшаға келіп, ол солармен Хебронда Жаратқан Иенің алдында келісім жасады. Олар Дәуітке май жағу рәсімін орындап, оны Исраилдің патшасы етіп бекітті.
4 Патшалық құра бастаған кезде Дәуіттің жасы отызда еді. Ол қырық жыл бойы билік жүргізді.
5 Дәуіт Хебронда Яһуда елін жеті жыл алты ай, әрі Иерусалимде бүкіл Исраил мен Яһуданы отыз үш жыл басқарды.
6 Бір күні патша мен оның жасақшылары Иерусалимге аттанып, сол қалада тұрған ебустіктерге шабуыл жасамақшы болды. Ал ебустіктер: «Дәуіт бұл қалаға кіре алмайды», — деп ойлап, оны мазақтап: «Мұнда ешқашан кірмейсің! Кіре қалсаң, соқырлар мен ақсақтардың өздері-ақ сені қуып жібереді!» — деді.
7 Алайда Дәуіт Сион төбесіндегі қорғанды басып алып үлгерді; ол қазір «Дәуіттің шаһары» деп аталады.
8 Сол күні Дәуіт: «Кімде-кім ебустіктерді шабуылдаймын десе, құдық арқылы қалаға кіріп, Дәуіттің жаулары — сол «ақсақ та соқыр» ебустіктерге бас салсын!» — деген еді. «Соқыр мен ақсақ сарайға кірмес» деген мәтел осыған байланысты пайда болды.
9 (Сонымен Дәуіттің адамдары су құбырымен өрмелеп, қамалға кіріп, оны жаулап алды.) Дәуіт қорған ішіне орналасып алып, оны «Дәуіттің шаһары» деп атады. Кейін ол соның саты тәрізді беткейінен бастап ішке қарай айнала үйлер де салдырды.
10 Әлемді Билеуші Құдай — Жаратқан Ие оған жар болғандықтан, Дәуіт барған сайын күшейе түсті.
11 Тир патшасы Хирам Дәуітке елшілерін, сондай-ақ самырсын бөренелерін, ағаш ұсталары мен тас қалаушыларын да жіберді. Осы мамандар Дәуітке сарай салып берді.
12 Сонда Дәуіт Исраилдің үстінен патша болуға өзін Жаратқан Иенің бекіткенін, әрі халқы Исраилдің игілігі үшін Дәуіттің патшалық мәртебесін көтергенін түсінді.
13 Хеброннан көшіп келіп, Иерусалимде орныққаннан кейін Дәуіт тағы бірнеше кәнизак пен әйел алып, көбірек ұл-қыз сүйді.
14 Оның Иерусалимде дүниеге келген балаларының аттары мыналар: Шаммуа, Шобаб, Натан, Сүлеймен,
15 Ипхар, Әлишуа, Непек, Япияқ,
16 Әлишама, Әлияда, Әлипәлет.
17 Дәуіттің бүкіл Исраилдің үстінен патша болып тағайындалғанын естіген соң, барлық філістір жасақшылары Дәуітті іздеуге шықты. Бұл туралы хабар алған Дәуіт астананы тастап, бекінуге ыңғайлы ылдиға қарай кетті.
18 Ал філістірлер Рефаим аңғарына жетіп, жан-жаққа жайылып тонады.
19 Дәуіт Жаратқан Иеден: — Філістірлерге қарсы өрлеп шығайын ба? Оларды жеңіп шығуыма қол жеткіздіресің бе? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: — Өрлеп шық! Мен філістірлерді ешбір шүбәсіз сенің қолыңа тапсырамын!
20 Сонымен Дәуіт Бағал-Перасимге барып, оларды сол жерде күйрете жеңді. Ол: «Су тасқыны өз жолындағының бәрін жайпайтынындай, Жаратқан Ие де алдымдағы жау саптарын бұзып-жарды!» — деді. Сондықтан сол жер Бағал-Перасим («Иенің бұзып-жарғаны») деп аталып кетті.
21 Філістірлер қашқанда сол жерге өздерінің табынатын тәңірсымақтарын тастап кеткен еді. Дәуіт пен оның сарбаздары сол мүсіндерді бірге ала кетті.
22 Ал філістірлер тағы да өрлеп келіп, Рефаим аңғарында шашырай орналасты.
23 Дәуіт Жаратқан Иенің еркін сұрағанда, Оның жауабы мынау болды: «Оларға тікелей қарсы аттанбай, айналып өтіп, арт жағынан тұт ағаштарының алдынан кенеттен тап бер!
24 Сен тұт ағаштарының үстінен басқан қадамдардың дыбысын естіген кезде қозғал! Бұл, Жаратқан Иенің філістірлердің жасағын шабу үшін сенің алдыңа шыққанын білдіреді».
25 Жаратқан Ие нені бұйырса, Дәуіт дәл солай істеп, філістірлерді Гибеоннан тіпті Гезерге дейін қырып-жойды.