Патшалықтар 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 14

Сарұяның ұлы Жоғаб Дәуіт патшаның Абессаломды сағынғанын байқап қалды.
2 Жоғаб Текояға адам жіберіп, ол жақтан бір ақылды әйелді алдыртып, оған былай деді: «Жоқтап қайғырғандай болып, азалы киім киіп ал. Өзіңді маймен сылама, керісінше, көп күн бойы өлген адамды жоқтап келген біреудей бол!
3 Патшаның алдына барып, оған былай де», — деп, Жоғаб оған не айту керек екендігін үйретті.
4 Текоялық әйел патшаның алдына барып, басын жерге тигізе жығылып, қошемет көрсетті. Содан кейін жалынып: — Уа, патша ағзам, маған көмектесе көріңізші! — деп өтінді.
5 Патша одан: — Не болды? — деп сұрады. Әйел былай деп жауап берді: — Күйеуім қайтыс болған бір бейшара жесірмін.
6 Алдыңыздағы күңіңіздің екі ұлы бар еді. Олар бір күні далада жүргенде бір-бірімен төбелесіп қалыпты, ал оларды ажырататын ешкім болмаған. Сөйтіп біреуі екіншісін ұрып, өлтіріп тастады.
7 Қазір бүкіл әулет маған қарсы шығып отыр. Олар: «Бауырын өлтіргенді бізге тапсыр! Оны өлтіріп, бауыры үшін кек алудан тайынбаймыз. Сонда біз жалғыз мұрагерді құртып жоқ қыламыз» деуде. Осылай олар менің соңғы ұшқынымды сөндіріп, күйеуімнен жер бетінде қалған жалғыз тұяғын да қалдырмай, атын өшірмекші. —
8 Патша әйелге: — Үйіңе қайта бер. Сенің ісің туралы қажетті бұйрықты шығарамын, — деп уәде етті.
9 Сонда текоялық әйел патшаға: — Уа, патша ием, қандай да кінә болмасын, ол менің басыма, әкемнің әулетіне түссін! Патша мен оның тағы кінәсіз болсын! — деді.
10 Патша оған: — Егер біреу саған қарсы сөйлесе, оны маған алып кел! Сол адам енді қайтып саған еш тиіспейтін болады, — деп тапсырды.
11 Әйел: — Онда патша ием ұлымды қорғаймын деп өзінің Құдайы Жаратқан Иенің атымен ант етсе екен. Кек алушы тағы көбірек қан төгіп, ұлымның көзін құртпасын! — дегенде, патша әйелге: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: ұлыңның басынан бір тал шашы да жерге түспейді! — деп ант етті.
12 Әйел: — Патша ием өзінің күңіне тағы бір сөз айтуға рұқсат етсінші, — деп өтінді. Патша: — Сөйлей бер, — деп келісті.
13 Әйел былай деді: — Онда сіз неге дәл осындай нәрсені Құдайдың халқына қарсы ойлап келесіз? Осылай деп патша өзін-өзі әшкерелеп отырған жоқ па? Өйткені патша өзінің қудалағанын қайтармай отыр.
14 Біздің бәріміз әйтеуір бір кезде өліп, қайта жинауға келмейтін төгілген су сияқты боламыз. Бірақ Құдай кісі өлтіруші іспетті емес. Қайта, Ол қудаланған адамды Өзінен алшақ жүрмесін деп қайтаруды көздейді.
15 Сол адамдар мені қорқытқандықтан мен патшаммен сөйлесейін, мүмкін, өтінішімді орындар деген оймен осыны айтуға патша иемнің алдына келіп отырмын.
16 Мүмкін, патша осыған құлақ асып, мені де, ұлымды да Құдай бізге мұралыққа берген үлесімізден қол үздірейін деп отырған адамнан құтқарып қалар.
17 Сонымен алдыңыздағы күңіңіз іштей: «Патша ием Құдайдың періштесі сияқты, жақсы мен жаманды дұрыс ажырата алатындықтан, патша иемнің сөздері жаныма тыныштық әкелсін!» деп ойлады. Лайым Құдайыңыз Жаратқан Ие сізге жар бола берсін!
18 Осыны тыңдап болып, патша: — Мен саған бір сұрақ қоямын, еш нәрсені бүкпей жауап бер! — деді. Әйел: — Иә, патша ием, сұрай беріңіз, — деді.
19 Патша: — Осының бәрін саған айтқызып тұрған Жоғаб емес пе? — деген сауал қойды. Әйел оған: — Уа, патша ием, сіздің алдыңызда шын айтамын: патша иемнің айтқанынан не оңға, не солға бұлтаруға болмайды. Маған осы тапсырманы берген, расында да, Жоғаб еді. Осылай айт деп сөздерді аузыма салып берген де сол.
20 Бұл жайтты басқа қырынан көрсету үшін қызметшіңіз Жоғаб осыны істеп отыр. Ал жер бетінде болып жатқанның бәрінен де хабардар Құдайдың періштесінің дана екені іспетті, тақсыр ием де сондай дана, — деп жауап берді.
21 Патша Жоғабты қасына шақырып алып, оған: — Жарайды, өтінішіңді орындайын. Барып, жас жігіт Абессаломды қайтарып алып кел, — деп тапсырды.
22 Жоғаб жерге дейін иіліп қошемет көрсетті де, патша үшін игі тілек тілеп, оған: — Уа, патша ием, сіздің алдыңыздағы қызметшіңіз бүгін мейіріміңізге ие болғанын біліп отыр. Себебі патша өтінішімді орындады, — деді.
23 Осыдан кейін Жоғаб шығып кетті де, Гешурге бет алды. Сол жерден ол Абессаломды Иерусалимге қайтарып алып келді.
24 Алайда патша: «Үйіне барсын, менің көзіме еш көрінбесін!» — деп бұйырды. Сондықтан Абессалом патшамен жүздесе алмай, өз үйіне кетті.
25 Бүкіл Исраилде көркі Абессаломның көркінен көбірек мақталған ер адам болмады. Басынан аяғына дейін оның бойынан ешбір мін табылмады.
26 Абессалом шашын тым ауыр болып кеткен кезде ғана жылына бір-ақ рет қырқатын. Сонда оның қырқылған шашының салмағы патшалық өлшемнің екі жүз мысқалына жететін.
27 Абессаломның үш ұлы және Тамар атты бір қызы болды. Тамар өте сұлу болатын.
28 Абессалом Иерусалимде патшамен жүздесе алмай екі жыл жүрді.
29 Бұдан кейін Абессалом патшаға жіберейін деп Жоғабты шақыртты. Бірақ Жоғаб оған келуден бас тартты. Екінші рет адам жіберіп шақыртқанда да, ол келмей қойды.
30 Сонда Абессалом қасындағы қызметшілеріне: «Менің егістігімнің жанындағы Жоғабтың егістігін білесіңдер ғой. Сонда қазір арпа пісіп тұр. Барыңдар да, егістігіне от қойыңдар!» — деп бұйырды. Олар от қойып, егінді өртеп жіберді. Жоғабтың қызметшілері оған жүгіріп келіп: «Абессаломның қызметшілері егінге от қойды!» — деп мәлімдегенде,
31 Жоғаб орнынан тұрып, Абессаломның үйіне барды. Оған: — Сенің қызметшілерің неге менің егінімді өртеп жіберді? — деп шағымданды.
32 Абессалом Жоғабқа: — Маған келіп, патшаға: «Мені неге Гешурден қайтарып әкелдіңіз? Менің сол жерде қала бергенім артық болар еді!» деген сәлемімді жеткізуге сізді шақырған едім ғой! Ал енді, мен патшаның бет-жүзін көргім келеді. Егер менің бір кінәм болса, патша мені өлімге бұйыртсын! — деп жауап берді.
33 Содан Жоғаб патшаға барып, Абессаломның өтінішін жеткізді. Патша Абессаломды өзіне шақырып алды. Ол патшаның алдына келіп, басын жерге тигізе қошеметтеп жығылды. Ал патша Абессаломды құшақтап сүйді.