Патшалықтар 2-ж
Тарау 16
Дәуіт зәйтүн тауының басынан сәл өте бергенде, оған Мепібошеттің қызметшісі Сиба кездесе кетті. Оның жанында екі жүз күлше нан, жүз-жүзден мейіз бен інжір бумалары және бір торсық шарап артылған, жұпталған бірнеше есегі бар еді.
2 Патша Сибадан: — Сен бұлармен не істемексің? — деп сұрады. Сиба: — Есектер патшаның үй іші мінсін деп әкелінген, нан мен жемістер жігіттерге жеуге тағам, ал шарап елсіз далада жүріп, шаршағандардың күшін нығайтуға арналған, — деді.
3 Патша: — Ал мырзаңның ұлы Мепібосет қайда? — деп сұрағанда, Сиба мынадай жауап берді: — Ол: «Бүгін Исраил халқы маған атам Саулдың патшалығын қайтарып береді!» деп Иерусалимде қалып қойды. —
4 Сонда патша: — Ендеше Мепібосеттің меншігінің бәрі сенікі болсын! — деді. Сиба: — Алдыңызда бас иіп құлдық етемін, уа, патша ием. Лайым мейіріміңізге ие болсам екен, — деп алғысын білдірді.
5 Дәуіт патша Бахуримге таяп қалғанда, сол елді мекеннен Саулдың әулетіне жататын біреу шықты. Гера ұлы Шимей есімді сол адам патшаны қарғап-сілеп келе жатты.
6 Шимей Дәуіт пен оның нөкерлеріне, екі жағынан да еріп келе жатқан адамдарына және мықты жауынгерлеріне тас лақтыра берді.
7 Шимей қарғыс жаудырып былай деді: — Кет, шық елден! Әй, қанішер, жексұрын!
8 Сен Саулдың орнына патша болып алғаннан кейін оның әулетінің қанын төктің. Сол үшін Жаратқан Ие сені жазалап отыр! Патшалықты ұлың Абессаломның қолына Жаратқан Ие алып берді. Сен кісі өлтірген қанішерсің, сондықтан да осы пәле басыңа түсіп отыр!
9 Сонда Сарұяның ұлы Әбішай патшаға: — Мына иттің өлімтігі неге патша иемді қарғап балағаттауда?! Мен қазір-ақ барып, басын шауып тастайын! — деді.
10 Бірақ патша оған былай деп тыйым салды: — Жоқ! Сарұяның ұлдары, мұны маған не үшін айтасыңдар? Жаратқан Иенің Өзі «Дәуітті қарға!» деп айтқандықтан ол мені қарғаса, онда Шимейге ешкім де: «Қой, неге бұлай істейсің?» деп айта алмайды. —
11 Дәуіт Әбішай мен барлық қызметкерлеріне мынаны қоса айтты: — Тіпті өзімнің туған ұлым жанымды алмақшы! Ендеше мына буняминдіктің мені қарғауына одан да көп себебі бар. Жаратқан Ие оған солай айтқандықтан, бұл кісіге тиіспеңдер! Мейлі, қарғай берсін!
12 Мүмкін, Жаратқан Ие менің көріп жатқан жәбіріме назар аударып, бүгін естіген қарғыстарымның орнына жақсылық сыйлар!
13 Осылай Дәуіт пен оның адамдары сапарларын жалғастыра берді. Ал Шимей сайдың ар жақтағы беткейімен жол бойы қарғап, тас лақтырып, шаңды бұрқырата шашып, олардың арттарынан қалмай жүріп отырды.
14 Патша мен оның қасында еріп жүрген барлық адамдары шаршап-шалдығып көздеген жерлеріне жетіп, тынығып демалуға аялдады.
15 Абессалом Исраилдің барлық адамдарымен бірге Иерусалимге кіргенде, Ахитопел де оның қасында болды.
16 Ал Дәуіттің досы әрі жеке кеңесшісі архилік Хушай Абессаломға кезігіп: — Патша жасасын! Патша жасасын! — деп ұрандап қошеметтеді.
17 Абессалом Хушайға: — Досыңа деген адалдығың осы ма? Неге сен досыңмен бірге кетіп қалмадың? — деген сауал қойды.
18 Хушай Абессаломға былай деп жауап берді: — Керісінше, мен Жаратқан Иенің, мына халықтың және бүкіл Исраил елінің таңдап алған адамының жағындамын! Соған ғана қызметші болып, сонымен ғана қалғым келеді!
19 Оның үстіне, баласына қызмет етпегенде, кімге қызмет етейін? Әкеңізге қалай қызмет еткен болсам, дәл солай сізге де қызмет етемін!
20 Абессалом Ахитопелге: — Ақылыңды айтшы, енді не істеуіміз керек? — деген сұрақ қойды.
21 Ахитопел: — Әкеңіздің сарайды қарасын деп қалдырып кеткен кәнизактарына барып, олармен жатып шығыңыз. Сонда бүкіл Исраил сіздің әкеңізді әбден қорлап, онымен ешқашан татуласпайтыныңызға көз жеткізетін болады. Осылайша өз жақтастарыңыздың бәрі де жігерленіп нығая түседі, — деп жауап қайырды.
22 Сөйтіп Абессалом үшін үйдің жалпақ төбесінде шатыр тігілді. Ол бүкіл Исраилдің көз алдында соған кіріп, әкесінің кәнизактарымен бірге болды.
23 Сол кездері жұрт Ахитопелдің берген кеңестеріне Құдайдың айтқан сөзіндей қарайтын. Дәуіт те, Абессалом да Ахитопелдің ақыл-кеңесін солай санайтын.