Патшалықтар 2-ж
Тарау 21
Дәуіт патшаның заманында елді үш жыл бойы ашаршылық жайлады. Дәуіт Жаратқан Иеге сиынып соның себебін сұрады. Сонда Жаратқан Ие оған былай деп жауап берді: «Саулдың өзі мен әулетінің мойнында гибеондықтардың төгілген қаны бар. Себебі Саул гибеондықтардың көздерін құртқан болатын. Осы ашаршылық соның кесірінен».
2 Патша гибеондықтарды шақырып алып, олармен сөйлесті. Гибеондықтар исраилдіктерге жатпайтын аморлықтардан қалған халық болатын. Ежелде исраилдіктер оларды құртпауға ант берген болса да, Саул Исраил мен Яһуданың халқы үшін жан сала күресіп оларды толығымен құртып жіберуге тырысқан еді.
3 Дәуіт гибеондықтарға: — Мен сендер үшін не істейін? Сендер Жаратқан Иенің меншікті еліне ақ бата берулерің үшін мен қалайша сол күнәнің құнын өтей аламын? — деген сауал қойды.
4 Гибеондықтар оған: — Саулдың әулетінен не күміс, не алтын талап етпейміз. Ал Исраилде біреуді өлтіруге еш құқымыз да жоқ! — деді. Осыны естіп, Дәуіт олардан: — Онда өздерің үшін менің не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады.
5 Олар патшаға: — Сол адам бізді толығымен құртып жіберуге тырысып, бүкіл Исраилде бізге бір табан жер де қалдырмауды көздеген еді.
6 Одан тараған ұрпақтардан жеті ер адам қолымызға тапсырылсын. Біз оларды Жаратқан Иенің алдында, Оның Гибеондағы тауында асып өлтірейік, — деді. Патша оларға: — Мен соларды қолдарыңа тапсырамын! — деп сөз берді.
7 Бірақ патша Жонатанның ұлы, Саулдың немересі Мепібосеттің өмірін сақтап қалды. Себебі Дәуіт және Саул ұлы Жонатан кезінде Жаратқан Иенің алдында бір-біріне ант беріскен болатын.
8 Ал Саулдың Аях қызы Риспадан туған екі ұлы Армон мен Мепібосет, әрі Саулдың қызы Мераб пен мехолалық Барзилай ұлы Әдіриелдің бес ұлы бар болатын. Дәуіт патша оларды алдыртып,
9 гибеондықтардың қолына тапсырды. Гибеондықтар бұларды тау басында Жаратқан Иенің алдында асып қойды. Сол жерде олардың жетеуі бірдей қазаға ұшырады. Бұл егін орағының алғашқы күндері, арпа жинау науқаны жаңа басталған кез болатын.
10 Сонда Аях қызы Риспа қара мата алып, оны бір жартастың үстіне жайып өзіне пана жасап алды. Риспа егін орағының басынан бастап, аспаннан мәйіттерге жаңбыр жауған кезге дейін сол жерде отырды. Ол асулы тұрған мәйіттерге күндіз құстарды, түнде аңдарды жолатпады.
11 Саул марқұмның кәнизагы Риспаның не істегені туралы хабар Дәуітке жетті.
12 Содан Дәуіт барып, Ғилақадтағы Ябес қаласының адамдарынан Саул мен оның тұңғышы Жонатанның сүйектерін сұрап алды. Себебі Саулды Гелбуеде өлтірген күні філістірлер оның денесін Бет-Шанға апарып, қала алаңында іліп қойған болатын. Бірақ Ғилақадтағы Ябестің адамдары екеуінің мәйіттерін ілулі тұрған жерінен жасырын түрде шешіп алып, қалаларына әкелген еді.
13 Енді Дәуіт сол жақтан Саул мен оның ұлы Жонатанның сүйектерін алып келді. Жаңадан асылып өлтірілгендердің мәйіттері де жиналып алынды.
14 Бұлар және Саул мен Жонатанның сүйектері Бунямин жеріндегі Селада Саулдың әкесі Қиштың қабіріне қойылды. Мұның бәрі патшаның тапсырмасына сәйкес орындалды. Осыдан кейін Құдай ел үшін жасалған мінажаттарды рақыммен қабылдады.
15 Філістірлер тағы да Исраилге қарсы соғыс ашқанда, Дәуіт өзінің жасақшыларымен бірге оларға қарсы жорыққа аттанды. Філістірлермен шайқасып жатқанда Дәуіттің әлі кетіп қалжырады.
16 Сол сәтте алып Рафаның ұрпақтарының Ишби-Беноб есімді біреуі Дәуітті өлтірмек болды. Сол алыптың сүңгісінің қола ұшының салмағы үш жүз мысқал болатын, ол беліне жаңа семсер буып алған екен.
17 Бірақ Сарұяның ұлы Әбішай Дәуітке көмекке келді де, філістірге тап беріп, оны өлтіріп тастады. Сонда Дәуіттің адамдары одан өтініп: «Енді қайтып бізбен бірге ешқашан шайқасқа шықпасаңыз екен! Себебі Исраилдің шам-шырағын өшіруге болмайды!» — деп, бұларын антпен бекітті.
18 Осыдан кейін філістірлермен жаңа бір шайқас Ғобтың маңында болды. Сол кезде хушалық Сипхай Рафаның алып ұрпақтарының тағы біреуі — Сафты жеңіп, көзін құртты.
19 Ғобтың маңында філістірлермен болған басқа бір шайқаста бетлехемдік Жайыр ұлы Елханан ғаттық алып Ғолияттың бауырын өлтірді. Соның сүңгісінің сабы бақандай жуан болатын.
20 Тағы басқа бір шайқас Ғат қаласының түбінде болды. Оған да өте ұзын бойлы бір адам қатысты. Соның аяқ-қолдарында алты-алтыдан, он екі саусағы мен он екі башайы бар еді. Ол да алып Рафаның ұрпағы болатын.
21 Әлгі алып Исраилге тіл тигізіп оны қорлағанда, Дәуіттің ағасы Шаммахтың ұлы Жонатан оны өлтіріп тастады.
22 Осы төртеуі Ғаттағы алып Рафаның ұрпақтары болатын. Олар Дәуіт пен оның жасақшыларының қолдарынан мерт болды.