Патшалықтар 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 15

Осыдан кейін Абессалом өзіне соғыс күймесін, оған жегілетін аттар және алдында жүгіріп жүретін елу адамды жинады.
2 Абессалом таңертең ерте тұрып алып, қала қақпасына апаратын жолда тұратын еді. Өзінің бір ісімен патшаның сотына жүгінуге біреу бара жатса, Абессалом оны шақырып алып: «Қай қаладансың?» — деп сұрайтын. Сол адам өзінің Исраилдің қай руынан екенін айтқанда,
3 Абессалом оған: «Бұл істе шындық пен әділдік сенің жағыңда екенін көріп тұрмын. Бірақ патшаның сені тыңдар ешкімі жоқ!» — дейтін еді.
4 Абессалом бұған тағы мынаны да қосатын: «Шіркін, мені елге төреші етіп тағайындаса ғой! Сонда арыз-шағымы не даулы ісі бар кез келген адам маған келе алар еді. Ал мен оның ісін әділдікпен шешкен болар едім!»
5 Біреу оның алдына келіп, басын жерге тигізе жығылса, Абессалом қолын созып, оны бауырына тартып құшақтап сүйетін.
6 Патшаның сотына әділдік іздеп келген әрбір исраилдікпен ол осылай істейтін. Сөйтіп Абессалом Исраилдің күллі ер азаматтарының жүректерін жаулап алды.
7 Төрт жыл өткеннен кейін, Абессалом патшаға мына өтінішін білдірді: — Маған Хебронға барып, Жаратқан Иеге антпен берген уәдемді орындауға рұқсат берсеңіз екен.
8 Себебі Арама өлкесіндегі Гешурде тұрған кезінде алдыңыздағы қызметшіңіз: «Егер Жаратқан Ие мені Иерусалимге қайтарса, мен Оған Хебронда сиынып ғибадат етемін» деген уәде берген болатын. —
9 Патша: — Аман-есен бара ғой, — деп рұқсат берді. Сонда Абессалом жиналып, Хебронға бет алды.
10 Алайда Абессалом бүкіл Исраилдің барлық руларына астыртын тыңшыларын жіберіп: «Керней даусын естігенде, «Абессалом Хебронда патша болды!» деп жар салыңдар!» — деген сәлемін таратқызды.
11 Абессаломның жанында еріп жүрген иерусалимдік екі жүз адам бар еді. Олар шақыруды қабылдағанмен, оның астыртын мәні жайлы мүлдем бейхабар болатын.
12 Абессалом құрбандықтарын ұсынып жатқан кезде, Дәуіттің кеңесшісі ғилолық Ахитопелге адам жіберіп, оны тұрған қаласы Ғилодан алдыртты. Абессаломды қолдаған адамдардың саны өсе бергендіктен, олардың астыртын іс-әрекеттері де күшейе түсті.
13 Бір хабаршы Дәуітке келіп оған: «Исраилдің адамдары Абессаломның жағына шығып кетіпті!» — дегенді айтты.
14 Дәуіт Иерусалимде қасында болғандардың бәріне: — Жиналыңдар, бізге қашып кету керек! Әйтпесе Абессаломнан ешқайсымыз құтыла алмай қалармыз! Тез кетейік! Ол тұтқиылдан шабуылдап, қаланы иемденіп алып, тұрғындарының барлығын семсермен қырып жүрер! — деп бұйырды.
15 Патшаның нөкерлері: — Патша иеміз не шешсе де, біз соны орындаймыз, — деді.
16 Патша өзінің бүкіл үй ішімен жолға шығып, тек сарайды қадағалауға он кәнизагын қалдырып кетті.
17 Патша соңынан бүкіл халқын ертіп шығып, біраз жер жүргеннен кейін бір үйдің жанына келіп тоқтады.
18 Патшаның барлық қызметшілері, кереттіктер мен пелеттіктер, әрі өзіне Ғаттан еріп келген алты жүз ғаттық жасақшы оның алдынан өтті.
19 Сонда патша ғаттық Іттайға: — Бізбен неге келе жатырсың? Кері қайтып, патшамен бірге бол! Өзің жат жерліксің, оның үстіне өз еліңнен жер аударылғансың.
20 Сенің келгенің күні кеше ғана. Ал бүгін қайда барарымды өзім де білмей тұрғанымда, сені өзімізбен бірге тентіретуге қалайша мәжбүрлей аламын? Қой, қайт, қасыңдағы ағайындарыңды да өзіңмен бірге ала кет. Лайым Жаратқан Ие саған жар болып, берік мейірімін таныта көрсін! — деді.
21 Бірақ Іттай патшаға: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және патша иемнің алдында шын айтамын: патша ием өлімге болсын, өмірге болсын, қайда барса да, алдыңыздағы қызметшіңіз де сол жерде болады! — деп ант етті.
22 Сонда Дәуіт Іттайға: — Онда өтіп, алға шық! — деді. Осылай ғаттық Іттай, оның барлық адамдары мен отбасылары патшаның алдынан өтіп, алға түсіп жүрді.
23 Осы адамдардың бәрі патшаның алдынан өтіп бара жатқанда, сол аймақтың бүкіл халқы қатты дауыстап жылап тұрды. Ақыры патша да Қидрон сайынан өтіп, барлық адамдарын ертіп елсіз даланың жолына қарай бет алды.
24 Бас діни қызметкер Садық пен оның қасындағы Құдайдың Келісім сандығын көтеріп алып келе жатқан леуілік діни қызметкерлер де сол жерде болды. Олар Құдайдың сандығын жерге қойып, Абиятар халық қаладан шығып болғанша Құдайға арнап құрбандықтар шалып, өртеп ұсынып тұрды.
25 Мұнан кейін патша Садыққа былай деді: «Құдайдың сандығын қалаға қайтарыңыз. Егер Жаратқан Ие маған рақым етсе, онда мені қайтып әкеліп, Келісім сандығын да, Өзінің (жер бетіндегі) тұрағын да көруіме мүмкіндік береді.
26 Ал егер Ол маған: «Саған риза емеспін!» десе, онда Ол Өзінің қалауымен маған не істесе де, соған дайынмын. —
27 Патша діни қызметкер Садыққа тағы былай деді: — (Осылай дұрыс екенін) көресіз бе? Өзіңіз және Абиятар екеуіңіз де ұлдарыңызды ертіп алып, аман-есен қалаға қайта оралыңыздар!
28 Ал мен Иордан алқабындағы елсіз далада өзен өткелдерінің маңында сіздерден хабар келгенше тосып тұрамын».
29 Сонымен Садық пен Абиятар Құдайдың сандығын алып, Иерусалимге қайта оралып, сонда қалды.
30 Ал Дәуіт басын жауып алып, жалаң аяқ жылаған күйі Зәйтүн тауына жоғары өрлеп бара жатты. Оның қасындағы адамдары да бастарын жауып алып, еңіреп жылап сол жолмен жоғары көтеріле берді.
31 Біреу Дәуітке Ахитопелдің де Абессаломмен ауыз жаласқандығы туралы хабарлады. Сонда Дәуіт: «Уа, Жаратқан Ие, Ахитопелдің беретін ақылын ақымақтыққа айналдыра гөр!» — деп дұға етті.
32 Осылайша Дәуіт халық Құдайға ғибадат ететін тау басына жетті. Сол жерде көйлегінің өңірі айыра жыртылған, басына топырақ сеуіп алған өзінің досы архилік Хушай оның алдынан шықты.
33 Дәуіт Хушайға былай деп нұсқау берді: «Егер менімен жүрер болсаң, маған масыл боласың.
34 Одан да қалаға барып, Абессаломға: «Мен сізге қызмет етуге даярмын, уа, патша ағзам. Бұрын әкеңізге қызмет еткен едім, ал енді сізге қызмет етемін!» де. Осылай Ахитопелдің кеңесін шатастырып, маған көмектесесің.
35 Діни қызметкерлер Садық пен Абиятар да қалада болады. Сарайдан не естісең, соның бәрін де Садық пен Абиятарға хабарлайтын бол.
36 Садықтың Ахимағас және Абиятардың Жонатан есімді ұлдары өздерінің қастарында. Естіген жаңалықтарыңның бәрін солар арқылы маған жеткізіп тұр».
37 Дәуіттің досы әрі жеке кеңесшісі Хушай қалаға Абессалом енді ғана Иерусалимге кірейін деп жатқан кезде жетті.