Патшалықтар 2-ж
Тарау 18
Дәуіт өзінің топтарын жинап түгендеп, олардың үстінен мыңбасылар мен жүзбасыларды тағайындады.
2 Содан соң Дәуіт жасағын үш топқа бөлді. Бірінші топқа — Сарұя ұлы Жоғабты, екінші топқа — оның інісі Әбішайды, үшінші топқа — ғаттық Іттайды қолбасшы етіп тағайындады. Патша жасақшыларына: — Мен де сөзсіз сендермен бірге аттанамын! — деді.
3 Бірақ олар: — Тақсыр, бармай-ақ қойыңыз. Біз қашсақ та, олар бізге онша көңіл аудармас. Жартымыз қырылып қалсақ та, оларға бұл бәрібір. Ал сіздің өміріңіз біз сияқты он мың адамның өміріне тұрады. Сондықтан сіздің қала ішінде қалып, сол жақтан бізге көмектескеніңіз дұрыс болар, — деп жауап берді.
4 Дәуіт: — Мейлі, сендер нені дұрыс деп білсеңдер, соны істейін, — деп келісті. Мыңбасылары мен жүзбасылары оның жасағын өз ретімен қаладан шығарып алып бара жатқанда, Дәуіт қақпаның маңында тұрды.
5 Патша Жоғаб, Әбішай және Іттайға: «Жас жігіт Абессаломға мен үшін мейірімді бола көріңдер!» — деп бұйырған болатын. Патшаның қолбасшылардың әрқайсысына Абессалом туралы осындай әмір бергенін бүкіл жасақ естіп тұрды.
6 Сонымен қалың қол (Абессалом басқарған) Исраилдің әскерімен шайқасу үшін соғыс майданына шықты. Шайқас Ефрем орманында өтті.
7 Дәуіттің жасақшылары сол жерде Исраилдің әскерін жеңіп шықты. Сол күні шығын болған адамдардың саны өте көп — жиырма мың болды.
8 Шайқас бүкіл аймаққа тарап, ну орманда қырылып қалғандар семсерден қаза тапқандардан да көп болды.
9 Абессалом Дәуіттің жасақшыларына күтпеген жерден кездесті. Ол өзінің қашырына мініп қашып бара жатқанда, қашыры үлкен еменнің бұтақтарының астынан шауып өте берді. Сол кезде Абессаломның шашы емен ағашының қалың бұтақтарына шырмалып, ілініп қалып, өзі әуеде салбырап қалып қойды. Ал қашыры ілгері қарай шауып кетіп қалды.
10 Біреу мұны көріп, Жоғабқа келіп: — Еменде ілініп тұрған Абессаломды көрдім! — деп мәлімдеді.
11 Жоғаб осыны айтқанға: — Немене? Сен оны көрдің бе? Ендеше неге оны дәл сол жерде шауып, жерге түсірмедің? Соны істеген болсаң, мен саған он мысқал күміс және батырдың белдігін берер едім ғой, — деді.
12 Сол адам Жоғабқа: — Тіпті қолыма мың мысқал күміс берсеңіз де, мен патшаның ұлына қарсы қол көтермес едім. «Жас жігіт Абессаломға мен үшін мейірімді бола көріңдер!» деп патшаның сізге, Әбішай мен Іттайға айтқанын бәріміз де өз құлағымызбен естігенбіз.
13 Егер мен оның өміріне қастандық жасаған болсам, бұл бәрібір патшадан жасырын қалмас еді, ал сіз менен алшақ кетер едіңіз, — деп жауап қайтарды.
14 Жоғаб оған: — Сенімен айтысып уақытымды босқа өткізбей-ақ қояйын! — деді де, қолына үш найза алып, оларды еменде ілініп тұрған әлі де тірі Абессаломның жүрегіне қадай салды.
15 Жоғабтың қару-жарағын тасушы он жас жігіт жақындап келіп, Абессаломды қоршап алып, шауып өлтірді.
16 Содан соң Жоғаб кернейін тартып белгі берді. Сонда Дәуіттің жасақшылары Исраилдің адамдарын қууын доғарды.
17 Олар Абессаломды ағаштан түсіріп алып, ормандағы бір терең шұңқырға лақтырып, үстін таспен үйіп тастады. Осы аралықта күллі исраилдік жауынгерлер қашып, үйлеріне тарап кетті.
18 Өзінің тірі кезінде Абессалом: «Менің атымды жалғастыратын ұлым да жоқ!» — деп, өзінің құрметіне тас бағана жасатып, Патшалар аңғарында тұрғызып қойған болатын. Ол осы бағанаға өзінің атын беріп, сол әлі күнге дейін «Абессаломның ескерткіші» деп аталып келеді.
19 Шайқастан кейін Садық ұлы Ахимағас Жоғабқа: — Мен енді жүгіріп барып, патшаға: «Жаратқан Ие сізді жауларыңыздың қатерінен азат етті!» деген қуанышты хабарды жеткізейін! — деп рұқсат сұрады.
20 Алайда Жоғаб оған: — Жоқ, бүгін осы хабарды сен жеткізбей-ақ қой! Басқа бір күні хабар жеткізуіңе болады. Бірақ бүгін солай істеме, өйткені патшаның ұлы мерт болды, — деді.
21 Содан соң Жоғаб бір құштыққа: — Патшаға барып, көргендеріңді мәлімдеп бер! — деп бұйырды.
22 Сөйтсе де Садық ұлы Ахимағас тағы да Жоғабтан: — Не болса, о болсын! Өтінемін, құштықтың соңынан жүгіруге маған рұқсат беріңізші! — деп сұрап қоймады. Жоғаб: — Балам-ау, неліктен барғың келіп тұр? Апаратын хабарың сүйінші алатын хабар емес қой! — деді.
23 Бірақ ол: — Не болса, о болсын! Жүгіргім келіп тұр, — деп қоймады. Сонда Жоғаб: — Мейлі, жүгіре бер! — деп келісе салды. Ахимағас Иордан алқабының бойындағы жолмен жүріп отырып, құштықты басып озды.
24 Дәуіт осы кезде қала қамалының сыртқы және ішкі қақпаларының арасында отырған еді. Бір шолғыншы қақпаның төбесіне шығып, сыртқа қарағанда, жүгіріп келе жатқан бір адамды көрді.
25 Шолғыншы бұл туралы патшаға дауыстап мәлімдеді. Патша: — Егер сол адам жалғыз өзі келе жатса, онда ол жақсы хабар әкеле жатыр, — деді. Адам жүгіріп жақындай түсті.
26 Содан соң шолғыншы жүгіріп келе жатқан басқа бір адамды көріп, қақпашыға: — Әй, тағы біреуі жалғыз жүгіріп келе жатыр! — деп айқайлады. Патша: — Ол да жақсы хабар әкеле жатқан болса керек, — деп болжады.
27 Шолғыншы: — Біріншісінің жүгіргені құдды Садық ұлы Ахимағастың жүгірісіне ұқсайды екен, — деді. Патша: — Ол жақсы адам, жақсы хабармен келе жатыр! — деді.
28 Ахимағас патшаға таяп қалғанда: — Бәрі де жақсы! Аманшылық! — деп айқайлап жіберді. Ол патшаның алдында басын жерге тигізе жығылды да: — Патша иеме қарсы шыққан адамдарды қолға түсірген Құдайыңыз — Жаратқан Ие мадақталсын! — деді.
29 Патша одан: — Жас жігіт Абессалом аман-есен бе? — деп сұрады. Ахимағас: — Жоғаб алдыңыздағы қызметшіңізді жіберген кезде үлкен бір шатақтың болып жатқанын көріп едім. Бірақ оның немен біткенін білмедім, — деп жауап қатты.
30 Патша оған: — Былайырақ тұрып, күте тұр! — деді. Ахимағас бұрылды да, тыныш тұра қалды.
31 Содан соң құштық келе қалды. Ол патшаға былай деді: — Уа, патша ием! Жақсы хабарға құлақ салыңыз! Бүгін Жаратқан Ие сізді өзіңізге қарсы шыққандардың барлығынан арылтты.
32 Патша құштыққа да: — Жас жігіт Абессалом аман-есен бе? — деген сауал қойды. Құштық былай деп жауап берді: — Патша иемнің жауларының, сізге жамандық ойлап қарсы шыққандардың бәрінің халдері сол жас жігіттің халіндей болсын!
33 Патша қатты қобалжып, қақпаның үстіндегі бөлмеге барып, көз жасын төкті. Кетіп бара жатып: «Беу, сорлы ұлым Абессалом-ай! Сорлы ұлым-ай! Ұлым Абессалом-ай! Неге ғана сенің орныңда мен өлмедім екен! Абессалом, ұлым-ай, беу, беу, ұлым-ай!» — деп жоқтаумен болды.