Патшалықтар 2-ж
Тарау 12
Содан Жаратқан Ие Дәуітке Натан пайғамбарды жіберді. Ол патшаға келіп, былай деді: — Бір қалада екі адам болды. Біреуі бай, біреуі кедей екен.
2 Байдың малы көп болды,
3 ал кедейдің сатып алған бір кішкентай қозысынан басқа түгі де болмады. Кедей соны бағып-қағып, қозы көз алдында балаларымен бірге өсті. Әлгі қозы қожайынының барлы-жоқты тамағын бөлісіп жеп, оның тостағанынан су ішіп, кеудесінде ұйықтап, оған өз қызы іспетті болды.
4 Бір күні байға бір жолаушы қонақ келе қалды. Бірақ бай оған арнап союға өз малын аяп, кедейдің әлгі тоқтысын тартып алып, содан қонағына тамақ пісіріп берді!
5 Дәуіт сол байға қатты ашуланып, Натан пайғамбарға: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: мұны істеген адам өлімге лайық!
6 Кедейге мейірімсіз болып, осыны істегені үшін ол тоқтының орнын төрт есе етіп толтыруға да міндетті! — деп шешті.
7 Сонда Натан Дәуітке былай деді: — Сол адам өзіңізсіз! Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені Исраилдің үстінен патша етіп тағайындап, Саулдың қолынан құтқарып келдім.
8 Саған патша иеңнің сарайы мен әйелдерін табыстап, Исраил мен Яһуда елдерін де тапсырдым. Мұның бәрі аз болса, оның үстіне тағы соншама қосып берер едім.
9 Неге Жаратқан Иеңнің өсиеттерін аяқ асты етіп, Оған жек көрінішті осындай зұлым істі жасадың?! Хеттік Ұрияны семсермен өлтіртіп, оның әйелін тартып алып, өзіңе әйел қылдың! Сен Ұрияны аммондықтардың семсерімен өлтірттің!
10 Ендеше, сен Өзімді менсінбей, сөзімді жерге тастап, хеттік Ұрияның әйелін өзіңе әйел қылып алғаның үшін, семсердің жүзі бұдан былай әрдайым әулетіңе қауіп төндіріп тұратын болады.
11 Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: өз үйіңнің ішінен саған қарсы пәле шығарамын! Көз алдыңда әйелдеріңді алып, басқа біреуге беремін, ол тапа тал түсте әйелдеріңмен бірге болмақ.
12 Сен жасырын әрекет жасадың, ал Мен осыны бүкіл Исраилдің көз алдында ашықтан-ашық істеймін!
13 Сонда Дәуіт Натанға былай деді: — Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадым, соны мойындаймын! — Натан пайғамбар оған: — Онда Жаратқан Ие күнәңді кешірді. Сен өлімге бұйырылмайтын болдың.
14 Бірақ осы қылығыңмен Жаратқан Иені Оның дұшпандарының көзінше әбден қорлағаның үшін, дүниеге келген ұлың шетінейтін болады, — деп жауап берді.
15 Осыны айтып, Натан пайғамбар үйіне қайтып кетті. Жаратқан Ие Ұрияның әйелі Дәуітке туып берген балаға ауру жіберіп, нәресте қатты науқастанып қалды.
16 Дәуіт нәресте үшін Құдайға жалбарынумен болды; ораза тұтып, өз бөлмесіне кіріп, жерге жатып түнеп жүрді.
17 Әулетінің ақсақалдары қасына келіп, «Орныңыздан тұрыңыз», — деп қаншама өтінсе де, ол тұрмай, тамақ та жемей қойды.
18 Жетінші күні нәресте қайтыс болды. «Бала тірі кезде біздің айтқанымызға құлақ аспаған еді. Баланың шетінегенін оған енді қалай айтамыз? Ол өзіне-өзі бірдеңе істеп қоюы ықтимал ғой!» — десіп, Дәуіттің қызметкерлері нәрестенің қайтыс болғанын айтуға бата алмай тұрды.
19 Бірақ Дәуіт олардың өзара сыбырласып тұрғанын байқап, ұлының өлгенін түсінді. Содан ол: — Бала шетінеді ме? — деп сұрады. Қызметкерлері: — Ол көз жұмды, тақсыр, — деп жауап берді.
20 Сонда Дәуіт жерден тұрып, жуынып, әдеттегідей маймен сыланып, киімін ауыстырды. Жаратқан Иенің киелі үйіне барып, иіліп ғибадат етті. Мұнан кейін үйіне қайта оралып, тамақ сұрап, алдына қойылғанды жеп алды.
21 Қызметкерлері Дәуіттен: — Бұл қалай? Балаңыз тірі кезінде ораза ұстап, жылаумен болдыңыз. Алайда балаңыз шетінегеннен кейін орныңыздан тұрып, тамақ жедіңіз? — деп сұрады.
22 Дәуіт: — Балам тірі кезінде «Кім біледі, мүмкін, Жаратқан Ие маған мейірімін түсіріп, балам тірі қалар?» деген оймен ораза ұстап, жалбарына жыладым.
23 Бірақ ол, міне, көз жұмды. Неге енді ораза ұстауым керек? Бәрібір оны қайтара алмаймын ғой. Мен оған барармын, бірақ ол маған қайтып келмейді! — деп жауап берді.
24 Содан соң Дәуіт әйелі Барсабияға барып, оны жұбатты. Кейін онымен бірге болып, ол ұл туды. Балаға Сүлеймен (яғни Сәлемет, Татулық) деген есім берді. Жаратқан Ие сәбиді жақсы көріп,
25 Натан пайғамбар арқылы хабар жіберді. Ол нәрестеге Жаратқан Иенің айтқанына сәйкес Едідиях (яғни Жаратқан Иенің Сүйіктісі) деген жанама ат берді.
26 Сол екі арада Жоғаб аммондық Рабба қаласына қарсы шабуыл жасап, ондағы патшаның мекенін басып алды.
27 Сонда Жоғаб Дәуітке хабаршыларын жіберіп олардан: «Мен Раббаға қарсы соғысып, қаланың сумен қамтамасыз ететін бөлігін басып та алдым.
28 Ал енді, қалған әскерді жинап, қалаға қарсы қос тігіп, оны басып алыңыз. Егер өзім басып алсам, қала менің атыммен аталып жүрер», — деген сәлемін жеткізді.
29 Дәуіт бүкіл әскерін жинап, Раббаға аттанып, оған шабуыл жасап, басып алды.
30 Содан ол аммондық патшаның басынан тәжін шешіп алып, өз басына киді. Тәж ат басындай саф алтыннан жасалып, асыл таспен безендірілген болатын. Бұған қоса Дәуіт Рабба қаласынан өте көп мөлшерде олжа алып шықты.
31 Ол қаланың халқын да шығарып, ара, темір кетпен және балтамен жұмыс істеуге немесе кірпіш жасауға мәжбүрледі. Аммондықтардың күллі қалаларының халқымен де осылай істеді. Содан соң Дәуіт әскерін ертіп Иерусалимге қайта оралды.