Патшалықтар 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 11

Келесі жылғы көктемде, патшалар жорыққа шығатын уақытта Дәуіт Жоғабты, өзінің қызметшілерін және Исраилдің бүкіл әскерін жауға қарсы аттандырды. Олар аммондықтарды жаппай қырып, астаналары Раббаны қоршап алды. Бірақ Дәуіттің өзі Иерусалимде қалып қойды.
2 Бір күні кешке қарай Дәуіт төсегінен тұрып, сарайының төбесінде әрлі-берлі жүрді. Төмен қараған ол шомылып жатқан бір әйелді көрді. Әйел өте сұлу екен.
3 Дәуіт ол туралы сұрастыру үшін біреуді жіберіп, оның Елиямның қызы, хеттік Ұрияның әйелі Барсабия екенін біліп алды.
4 Сонда Дәуіт хабаршыларын жіберіп, оны алдыртты. Әйел келіп, Дәуіт онымен бірге болды. Кейін әйел үйіне қайтып кетті. Бұдан бірнеше күн бұрын ғана ол айлық етеккірінен тазарған болатын.
5 Содан әйел жүкті болып қалып, Дәуітке: «Аяғым ауыр», — деген хабар жіберді.
6 Сонда Дәуіт соғысып жатқан Жоғабқа: «Маған хеттік Ұрияны жеткіз!» — деген бұйрық жолдап, Жоғаб сол кісіні Дәуітке жіберді.
7 Ұрия оның алдына келгенде, Дәуіт одан Жоғаб пен әскердің жағдайы туралы және соғыстың қалай өтіп жатқандығы жайлы сұрастырды.
8 Дәуіт соңынан Ұрияға: «Үйіңе барып, жуынып-шайынып демал!» — деді. Ұрия сарайдан шығып кеткеннен кейін патша оның артынан дәмді тамақ пен ішімдік жіберді.
9 Бірақ Ұрия үйіне бармай, патша иесінің басқа да қызметшілерімен бірге сарайдың кіреберісінің жанында түнеп шықты.
10 «Ұрия үйіне барған жоқ!» — дегенді естіген кезде, Дәуіт оны қасына шақырып алып: — Алыс жолдан келдің ғой. Неге үйіңе барып, демалмайсың? — деп сұрады.
11 Ал Ұрия жауап қайтарып: — Келісім сандығы және Исраил мен Яһуда әскері шатырларда тұр. Жоғаб төрем және патша иемнің қызметшілері ашық далада түнеп жүр. Сонда мен үйіме барып, ішіп-жеп, әйеліммен бірге бола аламын ба? Сіздің алдыңызда шын айтамын: мен мұндай нәрсені істемеймін! — деп ант етті.
12 Сонда Дәуіт: — Олай болса, бүгін де осында қал, ал ертең сені қайтарып жіберемін, — деді. Сонымен Ұрия сол күні Иерусалимде қалып қойды. Келесі күні
13 Дәуіт оны ішіп-жесін деп шақырып, тойдыра мас қылды. Алайда кешке Ұрия тағы да өз үйіне бармай, патша иесінің қызметшілерімен бірге түнеді.
14 Сондықтан Дәуіт таңертең Жоғабқа хат жазып, оны Ұриядан беріп жіберді.
15 Хатында ол былай деді: «Ұрияны ең қатты шайқас болып жатқан майданның алдыңғы шебіне қойып, оны өлімге қалдырып, өздерің кері шегініп кетіңдер!»
16 Содан Жоғаб қоршалған қаланың ең мықты жауынгерлері орналасқан жеріне Ұрияны қойды.
17 Қаланың адамдары шығып, Жоғабқа шабуыл жасады. Сонда Дәуіттің бірнеше жауынгері қаза тауып, ішінде хеттік Ұрия да болды.
18 Жоғаб Дәуітке шайқас туралы толық мәлімет жібермек болып,
19 хабаршысына былай деп нұсқау берді: — Болған шайқас туралы айтып болғаныңда
20 патша ашуланып, саған «Қалаға неге тым жақындадыңдар, қабырғадан ататынын білмедіңдер ме?
21 Еруб-Бесет ұлы Әбимәлікті кімнің өлтіргенін білесің ғой: Тебес қаласында бір әйел қабырғадан оның үстіне қол диірменнің тасын тастап, өлтірді емес пе?! Неге қамалдың қабырғасына сонша жақындадыңдар?» десе, оған «Қызметшіңіз хеттік Ұрия да қаза тапты» деп айтарсың!
22 Хабаршы барып, Дәуітке Жоғабтың тапсырғандарын былай деп баяндады:
23 — Қарсыластар бізді тықсырып, қаладан сыртқа шыға келді. Бірақ біз оларды тойтарып, қала қақпасына дейін қуып тастадық.
24 Сонда олардың садақшылары қызметшілеріңізді қала қабырғасынан атты. Патша иемнің бірқатар жауынгері мерт болып, қызметшіңіз хеттік Ұрия да қаза тапты.
25 Ал Дәуіт оған мына бұйрықты берді: — Сен Жоғабқа: «Осыған бола көңілің түспесін! Соғыс болғасын шығын болмай қоймайды ғой. Қаланың астан-кестенін шығарғанша шабуылыңды жалғастыра бер!» деп оны жігерлендір!
26 Ұрияның әйелі күйеуінің өлгенін естіп, оны жоқтап аза тұтты.
27 Жоқтау мерзімі біткенде Дәуіт біреуді жіберіп, әйелді өз үйіне алдыртты. Ол Дәуітке әйел болып, бір ұл туып берді. Бірақ Дәуіттің істеген бұл ісі Жаратқан Иеге жек көрінішті еді.