Заңды қайталау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34


Тарау 8

Мен бүгін өздеріңе табыстап отырған осы өсиеттердің барлығын берік сақтап орындайтын болыңдар! Сонда сендер тірі қалып, өсіп-өніп, Жаратқан Ие ата-бабаларыңа антпен уәде еткен елге еніп, оны иемдене аласыңдар.
2 Құдай Иеміздің осы қырық жыл бойы сендерді иен далада бастап алып жүрген жолын естеріңе түсіріңдер! Ол сендерді Өзіне мойынсұндыру үшін, әрі шынайы ниеттеріңнің қандай екенін: Оның өсиеттерін орындайсыңдар ма, жоқ па, соны білу үшін түрлі сынақтардан өткізді.
3 Жаратқан Ие сендерді мойынсұндыру үшін кейде аштыққа душар етті. Адам тек нанмен ғана емес, Жаратқан Иенің аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүреді дегенді үйрету үшін Ол сендерді өздерің де, ата-бабаларың да бұрын татып көрмеген тәтті нанмен (маннамен) қоректендірді.
4 Осы қырық жылдың ішінде киімдерің еш тозып, жүре-жүре аяқтарың ісіп те көрген емес.
5 Сонымен әкесінің баласын тәрбиелейтініндей, Құдайларың Жаратқан Иенің де сендерді тәрбиелейтінін терең ұғынып, жүректеріңде берік сақтаңдар!
6 Құдай Иеміздің өсиеттерін берік сақтап, нұсқаған жолдарымен жүріп, Оны терең қастерлеңдер!
7 Себебі Құдай Иеміз сендерді суға толы өзендері мен тоғандары бар, сайлары мен қыраттарындағы қайнарлардан бұлақ ағатын шұрайлы елге алып бара жатыр.
8 Бұл елде бидай мен арпа, жүзім бұталары, інжір мен анар, зәйтүн майы мен бал да мол.
9 Сол елде сендер наннан да, басқа еш нәрседен де таршылық көрмейсіңдер. Жерінің тастарында темір мол, қыраттарынан күміс қазып, өндіретін боласыңдар.
10 Тамақ ішіп, тойғаннан кейін, осы шұрайлы елді өздеріңе табыстағаны үшін Құдайларың Жаратқан Иені мадақтаңдар!
11 Сондай-ақ абай болып, Құдай Иемізді естеріңнен шығарып, бүгін мен сендерге жеткізіп отырған Оның өсиеттерін, ережелерін және шешімдерін орындамаудан сақтаныңдар!
12 Әйтпесе, сендер тамақ ішіп тойынып, жақсы үй салып қоныстанып алғаннан кейін,
13 әрі отар-табындарың көбейіп, алтын-күмістерің, дүние-мүліктерің молайғаннан кейін,
14 сендер өркөкіректеніп, өздеріңді құлдықта жүрген Мысыр елінен құтқарып алып шыққан Құдай Иелеріңді естеріңнен шығарасыңдар.
15 Ол сендерді осы ұлан-ғайыр да үрейлі иен дала, улы жыландар мен шаяндар жорғалаған сусыз, қуаң аймақ арқылы Өзі жетелеп алып өтті. Дәу шақпақ тастан Ол сендерге су ағызып берді.
16 Жаратқан Ие кейін игілікті өмір сүре алуларың үшін сендерді Өзіне мойынсұндыру әрі сынақтан өткізу мақсатымен ата-бабаларың татып көрмеген тәтті нанды (маннаны) сендерге айдалада тамақ етіп берді.
17 Әйтпесе: «Осы дүние-байлықты өз күшім мен еңбегімнің арқасында қол жеткіздім» деп жүрулерің мүмкін.
18 Қайта, Құдайларың Жаратқан Иені естеріңде сақтаңдар! Байлыққа жетуге қуат-қабілет беретін — Соның Өзі. Осыны істеуі арқылы Ол ата-бабаларыңа антпен бекіткен Келісімін орындайды, бүгін де солай істеп отыр.
19 Ал егер болашақта Құдайларың Жаратқан Иеден бас тартып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, оларға иіліп құлшылық етсеңдер, сендер міндетті түрде құрисыңдар. Мен мұны бүгін сендерге байыппен ескертемін.
20 Жаратқан Ие сендердің алдарыңда құртқан халықтары сияқты, сендер де Құдай Иеміздің дауысына құлақ салмағандарыңа бола құритын боласыңдар.