Заңды қайталау
Тарау 23
Аталық безі езіліп не жыныс мүшесі кесіліп тасталған ешбір еркек Жаратқан Иенің жамағатының қатарында бола алмайды.
2 Тыйым салынған некеден туған ешкім де Жаратқан Иенің жамағатының қатарында бола алмайды. Тіпті одан кейінгі оныншы буынның ұрпағы да оған ене алмайды.
3 Ешбір аммондық не моабтықтың Жаратқан Иенің жамағатына енуіне болмайды. Тіпті оныншы буынның ұрпағы да оған ене алмайды.
4 Себебі сендер Мысыр елінен көшіп келе жатқан кездеріңде олар алдарыңнан нан мен су алып шығып қарсы алған жоқ. Керісінше, олар солтүстік Месопотамиядағы Петордан Беғор ұлы Балағамды сендерді қарғасын деп шақырып алып, жалдады.
5 Алайда Құдайларың Жаратқан Ие сендерді сүйгендіктен Балағамның айтқанына құлақ аспай, қарғысты жарылқауға айналдырды.
6 Өмір бойы олармен ынтымақтасып, игілік тілемеңдер.
7 Ал едомдықтардан жиренбеңдер, олар сендердің бауырластарың. Мысырлықтардан да жиренбеңдер, олардың елінде жат жұрттық кірме болып тұрдыңдар.
8 Олардан туған үшінші ұрпақтың Жаратқан Иенің жамағатының қатарына енуіне болады.
9 Жауларыңа қарсы жорыққа аттанып, қос тіккен кездеріңде барлық арам нәрселерден аулақ болыңдар!
10 Егер араларыңдағы бір адамның түнде шәуеті төгіліп, арамданып қалса, ол қостың сыртына шығып, сол жерде қала берсін.
11 Ол кеш түсе суға шомылсын, күн батқан соң қосқа қайтып кіруіне болады.
12 Қостың сыртында дәретке отыратын жер белгілеңдер.
13 Құрал-жабдықтарыңның арасында жер қазатын қалақша да болсын. Дәретке отырып болған соң шұңқыр қазып, нәжісті көміп тастаңдар.
14 Өйткені Құдайларың Жаратқан Ие сендерді құтқарып, жауларыңды қолдарыңа тапсыру үшін қостарыңды аралап жүретін болады. Араларыңнан арам бір нәрсені байқап, сендерден кері бұрылып кетпеуі үшін, қостарыңның мүлтіксіз таза болуы қажет.
15 Егер бір (жат жұрттық) адамның басыбайлы қызметшісі пана іздеп сендерге қашып келсе, оны қожайынына қайтарып бермеңдер.
16 Сол босқын араларыңда ұнатқан жерінде, қалаған елді мекенінде тұрсын. Оған жәбір көрсетпеңдер!
17 Исраилдік ешбір еркек не әйел (жалған тәңірге бағышталып), жезөкшелікпен айналысушы болмасын!
18 Құдай Иеміздің киелі үйіне уәде еткен қандай да бір сый-тартуды өтеу үшін, жезөкше әйел не еркектің алған ақысын алып келмеңдер! Өйткені Құдай Ие сол екеуінің де қылықтарын әбден жек көреді.
19 Берген қарызың үшін бауырласыңнан ешқандай өсім алма! Одан не ақшадан, не азық-түліктен, не қарызға беруге болатын басқа кез келген нәрседен болсын, өсім алушы болма.
20 Жат жұрттыққа берген қарызыңнан өсім алуыңа болады, бірақ бауырласыңнан ешқандай өсім алуыңа болмайды. Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сендер еніп, иемденбекші болып отырған елде қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады.
21 Құдай Иеңе қандай да бір ант берген болсаң, оны орындауды кешіктірме! Себебі Құдай Иең оны сенен талап ететін болады. Егер орындамасаң, Оның алдында күнәлі болып қаласың.
22 Егер ант бермеген болсаң, күнәлі болмайсың.
23 Ал аузыңнан шыққан уәделеріңнің бәрін орындауға мұқият бол, себебі сен Құдай Иеңе ерікті түрде өз аузыңмен ант бердің.
24 Егер біреудің жүзімдігіне кірсең, сол жерде қалағаныңша жүзім жеуіңе болады. Бірақ одан ыдысыңа салып алып кетуші болма.
25 Біреудің егістігіне кірсең, астықтың масағын қолыңмен үзіп жей аласың. Бірақ оны орақпен оруыңа болмайды.