Заңды қайталау
Тарау 30
Болашақта Мен сендерге айтып берген барлық баталар мен қарғыстар бастарыңа түсіп, Құдайларың Жаратқан Ие сендерді бытыратып шашып жіберген түрлі жат халықтардың арасында тұрып жатсаңдар, осы нұсқауларымды естеріңе алыңдар!
2 Егер сендер және балаларың Құдайларың Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиеттерге сай Оған шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен мойынсұнсаңдар,
3 онда Құдай Иеміз сендерді құлдықтан қайтарып алып, аяп-мүсіркейді. Ол сендерді Өзі шашыратып жіберген халықтардың арасынан қайтадан жинап алмақ.
4 Тіпті жердің қиыр шеттеріне аластатылған болсаңдар да, Құдай Иеміз сендерді сол жақтан да жинап,
5 ата-бабаларың иемденген елге қайтарып алып келеді. Содан осы елге тағы да ие боласыңдар. Құдай Ие сендерді ата-бабаларыңнан да асқан дәулетті әрі сансыз көп етеді.
6 Сендер Құдайларың Жаратқан Иені шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен сүйіп, қайтадан елдеріңде өмір сүре алуларың үшін Ол сендердің және ұрпақтарыңның жүректеріңді жаңартып, күнәдан тазартатын болады.
7 Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сол қарғыстардың бәрін сендерді жек көріп, қудалаған жауларыңның бастарына түсіреді.
8 Сендер қайтадан Жаратқан Иеге құлақ салып, мен бүгін өздеріңе беріп отырған өсиеттерінің бәрін орындайсыңдар.
9 Содан Құдай Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді молынан жарылқап, сендерге көп бала, сансыз мал, ағыл-тегіл өнім сыйлайды. Жаратқан Ие ата-бабаларыңа істегеніндей, сендерге де қайтадан игілік сыйлап, сонысына қуанатын болады.
10 Егер сендер Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұнып, осы Таурат заңы кітабында жазылған Оның өсиеттері мен ережелеріне бағынып, шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен Оған қайтадан бет бұрсаңдар, осылай болады.
11 Мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиет сендер үшін тым қиын әрі алыс нәрсе емес.
12 «Оны орындауымыз үшін кім көкке көтеріледі де, оны жерге алып келіп, бізге жариялайды?» деп сұрайтындай, бұл өсиет тек көкте емес.
13 Немесе: «Оны орындауымыз үшін кім теңізді кесіп өтіп, оны алып келіп, бізге жариялайды?» деп сұрайтындай, осы өсиет тек теңіздің ар жағында да емес.
14 Жоқ, бұл сөз саған өте жақын, ол ауызыңда және жүрегіңде. Сондықтан оны орындай аласың.
15 Бері қараңдар! Мен бүгін өмір мен игілікке және өлім мен қырғынға (апаратын екі жолды өздерің таңдап алуларың үшін) алдарыңа қойып отырмын.
16 Сендерге бүгін Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, Оның жолдарымен жүріп, өсиеттерін, ережелерін және шешімдерін орындауды тапсырамын. Егер осылай істесеңдер, қазір кіріп, иемденгелі жатқан елде Құдай Иеміз сендерді жарылқап, осылайша аман-есен өмір сүріп, өсіп-өнетін боласыңдар.
17 Бірақ егер жүректерің басқа жаққа бұрылып, осы нұсқауларыма құлақ салмай, шындық жолдан азғырылып, бөгде тәңірлерге иіліп құлшылық етсеңдер,
18 мен бүгін сендерге құритындарыңды ескертемін. Онда иемдену үшін Иордан өзенінен өтіп, кіріп жатқан осы елде ұзақ өмір сүрмейсіңдер.
19 Мен бүгін сендерге қарсы көк пен жерді айғақ болуға шақырып отырмын: таңдап алуларың үшін өмір не өлім, жарылқау не қарғыс әкелетін жолдарды алдарыңа жайып салдым. Ендеше өмірді таңдап алсаңдар ғой! Осылай өздерің де, ұрпақтарың да аман-есен өмір сүріп,
20 Құдайларың Жаратқан Иені сүйсеңдер, Оның дауысына құлақ салып, Онымен тығыз байланыста тұрсаңдар, шіркін! Себебі шынайы өмірлерің осы. Сонда Жаратқан Ие ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен уәде еткен елінде өздеріңді ұзақ уақыт мекендететін болады.