Заңды қайталау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34


Тарау 18

Леуілік діни қызметкерлерге әрі бүкіл Леуі руына, Исраилдің өзге руларына берілетіні іспетті, мұралық жер үлестері табысталмайды. Олар Жаратқан Иеге ұсынылып өртелетін құрбандықтардың және Оған арналған басқа да сый-тартулардың өздеріне тиесілі бөліктерімен тамақтанатын болады.
2 Леуіліктердің бауырлас рулардың арасында мұралық үлестері болмайды. Жаратқан Иенің оларға уәде еткеніндей, олардың «мұралық үлесі» Оның Өзі болады.
3 Адамдар құрбандыққа шалу үшін алып келген мүйізді ірі қара немесе ұсақ малдың діни қызметкерлерге берілуге тиісті бөліктері мыналар: жауырыны, екі жағы және асқазаны.
4 Сендер жаңа жиналған астықтың, жаңа сығылған жүзім шырыны мен зәйтүн майының және қой-ешкіден қырқылған жүннің алғашқы бөлігін алып, оларға берулерің керек.
5 Себебі Құдайларың Жаратқан Ие барлық руларыңның арасынан Леуіні және оның ұрпақтарын таңдап алып, әрқашан Жаратқан Иенің алдында тұрып, Оның атынан қызмет етуге тағайындады.
6 Егер бір леуілік Исраил елінің қай қаласында тұрмасын өз жүрек қалауы бойынша Жаратқан Иенің ғибадат етулерің үшін таңдап алған орнына көшіп келсе,
7 онда өзге леуіліктер секілді оның да Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрып, Оған қызмет етуіне болады.
8 Ол әкесінен қалған меншігін сатып, пайда көрсе де, құрбандықтар мен сый-тартулардың өзіне тиесілі үлесін алуы керек.
9 Сендер Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстап отырған елге енгенде, сондағы халықтардың істеп жүрген жиренішті салттарына еліктеп үйренбеңдер!
10 Араларыңдағы ешқайсың ұл-қызын оттан өткізіп (жалған тәңірге құрбандыққа ұсынбасын)! Бал ашып, жауырынға қарап, не құмалақ салып сәуегейлікпен де айналыспаңдар! Сиқырлау,
11 дуалап үшкіру және теріс бата берумен де шұғылданбаңдар! Аруақтарды шақырып, олармен тілдесуші, ақыл-кеңестерін сұраушы да болмаңдар! Араларыңда осылай істейтіндер болмасын!
12 Бұндай істермен айналысатын әркім Жаратқан Иеге жек көрінішті. Осындай қылықтарына бола Құдай Иеміз сол азғын халықтарды алдарыңнан қуып шығады.
13 Ал өздерің Құдайларың Жаратқан Иенің көз алдында мінсіз жүруге тиіссіңдер.
14 Сендер жерлерін иемденетін бұл халықтар сәуегейлікпен және балгерлікпен айналысатындарға құлақ асады. Бірақ сендерге Құдай Иеміз солай істеуге тыйым салған.
15 Құдай Иелерің сендерге мен сияқты бір пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарын тыңдаңдар!
16 Себебі сендер Хориб тауының етегінде жиналған кезде: «Құдай Иеміздің дауысын әрі қарай естімейік, осы жалындаған зор отты тағы да көрмейік, әйтпесе өліп қалармыз!» деген кезде Құдай Иеден осыны өтінген едіңдер.
17 Сонда Жаратқан Ие маған былай деді: «Олардың айтқандары дұрыс.
18 Мен бауырларыңның арасынан сен сияқты пайғамбарды шығарып, сөздерімді соның аузына салып отырамын. Ол Менің өзіне бұйырғандарымның бәрін соларға жеткізетін болады.
19 Осы пайғамбардың Менің атымнан айтқан сөздерін тыңдамайтын әрбір адамнан Өзім жауап алатын боламын.
20 Бірақ бір пайғамбар Өзім оған айтуға бұйрық бермеген хабарды халыққа Менің атымнан жеткізсе, немесе бөтен тәңірлердің атынан сөйлесе, ондай (жалған) пайғамбарды өлтіруге тиіссіңдер».
21 Сендер іштей: «Жаратқан Ие айтпаған сөзді қалай білеміз?» деулерің мүмкін.
22 (Мынаны ұмытпаңдар): егер осы пайғамбардың Жаратқан Иенің атымен айтқаны рас болмай жүзеге аспаса, онда бұл хабар Жаратқан Иеден емес. Қайта, бұл пайғамбардың асқақтықпен айтқан өз сөзі. Ондайдан қорықпаңдар.