Заңды қайталау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34


Тарау 19

Құдайларың Жаратқан Ие әлгі азғын халықтарды құртып, жерлерін сендерге табыстамақ. Сонда сендер олардың қалалары мен үйлеріне ие болып, қоныстанып аласыңдар.
2 Сол кезде Құдай Иеміздің өздеріңе мұралық меншікке берген сол еліндегі үш қаланы арнайы мақсатқа бөліп қойыңдар.
3 Бұл үшін елді үш аймаққа бөліп, әр аймақта бір қаладан белгілеңдер. Осы қалаларға апаратын жолдарды жақсылап салыңдар. Біреуді өлтірген әр адам сол қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алатын болсын.
4 Бұл туралы ереже мынау: бұрын өшікпеген бір кісіні абайсызда өлтіріп алған адам осындай қалаға бас сауғалауға қашып барып, сонда тұруына болады.
5 Мысалы, екі адам орманға ағаш дайындауға барып, біреуі ағаш шабу үшін балтасын сілтей бергенде, балтаның басы сабынан ұшып кетіп, екінші адамға тиіп, оны өлтіріп алды дейік. Абайсызда кісі өлтіріп алған адам сол белгіленген қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алады.
6 Әйтпесе, егер арақашықтық тым үлкен болса, онда мерт болған кісінің жазалаушы туысқаны еш өшпенділіксіз өлтіріп алған адамды қатты ашумен өкшелей қуып жетіп, көзін құртады. Ал сол адамның өлімге бұйыратындай жазығы болған жоқ қой.
7 Сондықтан да сендерге былай деп бұйырып отырмын: үш бас сауғалау қаласын бөліп белгілеп қойыңдар!
8 Құдайларың Жаратқан Ие ата-бабаларыңа ант еткендей, иемденген жерлеріңді кеңейтіп, оларға уәде еткен елдің барлығын сендерге табыстамақ.
9 (Ал Оның сендерге осы бүкіл елді табыстауының шарты —) мен бүгін өздеріңе жеткізіп отырған «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, лайым Оның жолдарымен жүріңдер!» деген өсиетімді мұқият орындауларың. (Сонымен Жаратқан Ие бүкіл Қанахан елін қолдарыңа тапсырғанда) осы аталып өткен үш қалаға қоса тағы үш қаланы бас сауғалау үшін белгілеңдер.
10 Сонда Құдай Ие сендерге иемденуге беріп отырған елінде жазықсыз кісінің қаны төгілмейді де, соның кінәсі мойындарыңда болмайды да.
11 Бірақ егер сондай адам өлтірген кісісіне бұрыннан өшігіп, аңдып келіп, сәті түскен кезде бас салып, оны өлтіргеннен кейін бас сауғалау қалаларының біріне қашып барса,
12 онда оның өз қаласының ақсақалдары ол бас сауғалаған қалаға адамдарын жіберіп, қайтарып алдыртсын. Сол адам өлген кісінің жазалаушы туысқанының қолына тапсырылуы керек. Осылай ол жазасын тартып өлуге тиіс.
13 Мұндай адамға аяушылық көрсетпеңдер. Қайта, Исраил елін жазықсыз төгілген қанның кінәсінен осылайша тазартуларың керек. Сонда игілікті өмір сүретін боласыңдар.
14 Құдай Иең саған мұралық меншікке табыстап отырған елге енгеннен кейін бауырыңның жерін заңсыз иемденуге ұмтылма! Жеке өзіңе бөлінетін жер үлесіндегі бұрынғы ұрпақтар орнатқан шекара межелерін өз пайдаңа жылжытушы болма!
15 Егер біреу қылмыс не күнә жасапты деп айыпталса, оған үкім шығаруға бір ғана адамның куәлігі жеткіліксіз. Әрбір іс ең кем дегенде екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденуі керек.
16 Егер бір жалған куәгер басқа біреуді қылмыс жасады деп айыптаса,
17 осы екі адам Жаратқан Иенің алдына келіп, сол кезде міндеттерін атқарып жатқан діни қызметкерлер мен төрешілерге жүгінсін.
18 Төрешілер істің мән-жайын мұқият тексерсін. Егер айыптаушының бауырына таққан айыбы өтірік болып шықса,
19 онда сол адамның өз бауырына тартқызайын деген жазасын оның өзіне тартқызыңдар! Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар!
20 Басқалар да мұны естіп, қорқатын болады. Содан олар енді қайтып осындай зұлым істі араларыңда істемейді.
21 Өтірік айып таққан адамды аяп-мүсіркемеңдер: жанға жан, көзге көз, тіске тіс, қолға қол, аяққа аяқ.