Заңды қайталау
Тарау 3
Бұдан кейін біз бұрылып, Башан аймағына жоғары қарай өрледік. Сонда Башанның патшасы Ог бүкіл жасағын ертіп бізбен шайқасуға Едірейге аттанды.
2 Ал Жаратқан Ие маған: «Одан қорықпа! Себебі Мен оның өзін, бүкіл жасағы мен елін сенің қолыңа тапсырып отырмын. Аморлықтардың Хешебонда тұрған патшасы Сихонға не істеген болсаң, оған да дәл соны істе!» — деді.
3 Сонымен Құдайымыз Жаратқан Ие Ог патшаны да, оның бүкіл жасағын да біздің қолымызға тапсырып, олардың бір адамын да тірі қалдырмай қырып тастадық.
4 Сол кезде Ог патшасының алпыс қаласын түгел басып алдық. Оның халқынан біз тартып алмаған бірде-бір қала қалмады. Огтың патшалық құрған Башан жеріндегі бүкіл Арғоп өлкесі де қолымызға түсті.
5 Осы қалалардың барлығы биік қамалмен, қақпалар және кесе-көлденең бөренелермен бекітілген еді. Бұларға қоса ашық жатқан бекініссіз көптеген елді мекендері де болды.
6 Біз Хешебон патшасы Сихонның халқына істегенді оларға да істеп, бәрін де біржола күйреттік: әрбір қаланы, ондағы еркек, әйел, бала-шаға демей түгелдей құрттық.
7 Ал олардың барлық малдары мен дүние-мүліктерін олжалап алдық.
8 Осылай Иорданның шығыс жағындағы аморлықтардың екі патшасынан да жерлерін тартып алдық. Сол өлке Арнон аңғарынан бастап, Хермон тауына дейін созылған еді.
9 Сидондықтар Хермон тауын Сирион тауы деп, ал аморлықтар оны Сенір тауы деп атайды.
10 Сонымен жонды даладағы барлық қалаларды, әрі бүкіл Ғилақад пен Башан аймақтарын Ог патшалық құрған Салха мен Едірей қалаларына дейін басып алдық.
11 Алып Рафаның ұрпақтарынан (сол жерде) жалғыз Ог патша ғана тірі қалған болатын. Оның темірден жасалған төсегінің ұзындығы тоғыз, ені төрт кәдімгі шынтақ болды. Сол төсек әлі де аммондықтардың Рабба қаласында сақтаулы тұр.
12 Осылай біз сол кезде бұл жерді иемденіп алдық. Мен одан Арнон аңғарындағы Арогерден бастап солтүстікке созылып жатқан аймақты әрі Ғилақад қыраттарының жартысын ондағы қалалармен қоса Рубен және Ғад руларына үлестірдім.
13 Ғилақад аймағының қалған бөлігін және Ог патшалық құрған бүкіл Башан аймағын Манаса руының жартысының үлесіне бердім. — Башандағы бүкіл Арғоп аймағы бұрын «рафалық алыптардың елі» деп аталатын.
14 Манасаның ұрпағы Жайыр бүкіл Арғоп аймағын гешурліктер мен махалықтардың шекарасына дейін басып алғандықтан, Башанға «Жайыр қоныстары» деген ат қойды. Сол жер бүгінге дейін солай аталады. —
15 Мен Махырдың үрім-бұтағының үлесіне Ғилақад аймағының көп жерін табыстадым.
16 Ал Ғилақад аймағының мына жерін Рубен мен Ғад руларының үлесіне бердім: оңтүстіктегі Арнон аңғарының ортасынан бастап Аммон халқының шекарасындағы Ябок аңғарына дейін созылған бүкіл өлкені.
17 Олардың жері шығыстағы Писга тауының етектерінен батыстағы Иордан өзеніне дейін, солтүстіктегі Кінерет (яғни Ғалилея) көлінен оңтүстіктегі Өлі теңізге дейінгі аралықта жатқан Иорданның алқабын да қамтыды.
18 Сол кезде мен (Иорданның шығыс жағындағы жер үлестерін алған) сендерге былай деп тапсырма бердім: «Құдайларың Жаратқан Ие осы елді өздеріңе мұралық меншіктерің етіп табыстады. Бірақ араларыңдағы соғысуға жарамды барлық ер азаматтарың қаруланып, ағайындас руларыңның алдында жүріп олардан бұрын Иорданнан өтулерің керек.
19 Ал әйел, бала-шаға, малдарыңды мен өздеріңе берген қалаларда қалдырсаңдар болады. Сендерде малдың көп екенін білемін ғой.
20 Құдайымыз Жаратқан Ие өздеріңе істегендей ағайындарыңа да тыныштық сыйлап, оларға Иордан өзенінің батыс жағындағы жерлерін табыстамақ. Ағайындас руларың сол жерлерін иемденгенге дейін оларға қол ұшын беріп көмектесіңдер! Содан кейін мен өздеріңе табыстаған жерлеріңе бәріңнің де қайта оралуларыңа болады».
21 Сол кезде мен Ешуаға мынадай нұсқау бердім: «Құдай Иеміздің осы екі патшаға не істегендерінің бәрін өз көзіңмен көрдің. Енді сен Иорданнан өтіп, кіргелі отырған барлық патшалықтарға да Жаратқан Ие осылай істейтін болады.
22 Олардан еш қорықпаңдар, себебі сендер үшін Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі шайқаспақ!»
23 Сол уақытта мен Жаратқан Иеге былай деп жалбарына сиындым:
24 «Уа, Жаратушы Тәңір Ием! Сен мендей қызметшіңе зор ұлылығың мен құдіретіңді көрсете бастадың. Өйткені Сенің істегеніңдей құдіретті іс-әрекеттер істей алатын қандай тәңір не аспанда, не жерде бар еді?
25 Менің Иордан өзенінен өтіп, арғы жақтағы шұрайлы елді, оның әсем қыраттарын Ливанның тауларын көруіме рұқсат ете көрші».
26 Бірақ Жаратқан Ие сендердің баяғыда істегендеріңе бола маған ашуланған еділ Сондықтан Ол өтінішіме құлақ аспай, былай деп жауап қайтарды: «Жетер енді! Бұл туралы Маған бұдан былай айтушы болма!
27 Бірақ Писга тауының басына шығып, батыс пен солтүстікке, оңтүстік пен шығысқа көз тастайсың. Сонда елге көз тігіп жақсылап қарап ал. Себебі өзің Иорданның арғы жағына өтпейсің.
28 Ал Ешуаға нұсқау беріп, оны жігерлендіріп, қуатта. Өйткені ол мына халықты бастап Иорданнан өтіп барып, өзің таудың басынан көретін елді оларға мұралық меншікке үлестіріп беретін болады».
29 Мұнан кейін біз Бет-Пеғордың маңындағы аңғарда біраз уақытқа аялдадық.