Заңды қайталау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34


Тарау 29

Бұлар Жаратқан Иенің (Өзінің атынан) Мұсаға Моаб елінде Исраилдің руларымен жасатқан Келісімінің шарттары. Осы Келісімді Жаратқан Ие (Синай түбегіндегі) Хориб тауында жасаған Келісімге қоса жасауды бұйырды.
2 Мұса бүкіл Исраил халқын шақырып алып, оларға былай деді: «Мысыр елінде Жаратқан Иенің перғауынға, оның барлық нөкерлері мен бүкіл еліне істегендерін түгел көрдіңдер.
3 Жаратқан Иенің соларды өткізген алапат сынақтарын, Оның құдіретті істер жасап, Өзінің шынайы Құдай екендігін дәлелдейтін кереметтерін көздеріңмен көргенсіңдер.
4 Сонда да Жаратқан Ие сендерге осы күнге дейін (Өзінің еркін) ұғатын ақыл-сана, (шындығын) көретін көз, (айтқандарын) тыңдайтын құлақ сыйлаған емес.
5 Қырық жыл бойы сендерді иен далада бастап жүрдім. Сонда киім-кешектерің де, аяқкиімдерің де тозып қалған емес.
6 Сендердің жейтін нандарың, ішетін жүзім шырыны мен ашытылған сусындарың болмай, (Оның Өзі сендерді тамақтандырды). Осылайша сендер Оның Құдайларың Жаратқан Ие екенін біле алдыңдар.
7 Осы жерге келген кезімізде Хешебонның патшасы Сихон мен Башанның патшасы Ог бізбен айқасқа шықты. Бірақ біз оларды жеңіп,
8 жерлерін иемденіп, Рубен, Ғад руларына және Манаса руының жартысына мұралық меншікке бердік.
9 Енді осы Келісімнің шарттарын орындап сақтаңдар, сонда күллі іс-әрекеттеріңде табысты боласыңдар.
10 Бүгін бәрің де Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрсыңдар: рубасыларың, ақсақалдарың және басқарушыларыңмен бірге Исраилдің басқа да барлық адамдары,
11 бала-шағаларың, әйелдерің және қоныстарыңда өздеріңмен бірге тұрып, сендерге отын жарып, су таситын жат жұрттықтар.
12 Сендер Құдайларың Жаратқан Иемен Келісім жасау үшін осы жерде тұрсыңдар. Жаратқан Ие оны бүгін сендермен жасап, антпен бекітеді.
13 Өзі сендерге уәде беріп, ежелде ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа ант еткендей, сендердің (сиынатын жалғыз) Құдайларың болу үшін, Ол бүгін сендерді Өзінің меншікті халқы етіп бекітпек.
14 Мен антпен бекітілген осы Келісімді сендер үшін ғана емес,
15 бүгін осында бізбен бірге Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында тұрып жатқандар әрі қазір арамызда жоқ, болашақта келер ұрпақтарың үшін де жасап отырмын.
16 Себебі сендер Мысырда қалай өмір сүргенімізді де, сол елден шығып, жау ұлттардың жерімен өтіп, осы жерге қалай жеткенімізді де білесіңдер.
17 Олар ағаш, тас, күміс және алтыннан жасап алған, Құдайға әбден жек көрінішті тәңір мүсіндерін көрдіңдер.
18 Араларыңда ешқашан бірде-бір еркек не әйел, әулет не ру Құдайымыз Жаратқан Иеден бас тартып, өзге халықтардың жалған тәңірлеріне құлшылық етуге бет бұрмасын! Ондай әрекет көктеп, қаулап өсіп, ащы да улы жеміс беретін тамырға ұқсап, бақытсыздық пен апат әкелмек.
19 Яғни, осы қарғыспен байланған анттың сөздерін естігенде іштей мақтанып, «Өз жүрегімнің қалауымен жүрсем де, аман-есен боламын» деп ойлайтын ешкім де болмасын! Өйткені мұнысы сулы да, сусыз да өлкелерге бірдей апат әкелер еді.
20 Жаратқан Ие мұндай зұлым адамды ешқашан да кешірмейді. Қайта, Оны сол кезде-ақ ашу кернеп, лаулаған қаһары сондай күнәкардың басына төгіледі. Осы кітапта жазылған қарғыстардың бәрі де оған тиіп, Жаратқан Ие оның атын аспан астындағылардың тізімінен өшіріп тастайды.
21 Осы Таурат кітабында жазылған Келісімде белгіленген барлық қарғыстарға сәйкес, Жаратқан Ие сондай күнәкарларды Исраилдің күллі руларының ішінен аластатып, апат-кеселдерді дәл солардың бастарына төгіп, құртады.
22 Сендердің ұл-қыздарың мен олардың болашақ ұрпақтары және алыс елдерден келген жат жұрттықтар елдеріңнің қаңырап бос тұрғанын, әрі Жаратқан Иенің сендерге ауру-індет жіберіп, қалжырап болдырғандарыңды көргенде былай дейтін болады:
23 «Жаратқан Ие Содом, Ғомора, Адма және Себоим қалаларына қаһарын төгіп, құртып жіберген кездегідей, бүкіл елді өрт жайлап, күкірт пен тұз басады. Жерге еш нәрсе себілмейді де, еш нәрсе көктеп, өсіп шықпайды да».
24 Соны көріп, күллі халықтар да: «Жаратқан Ие неліктен осы елге мұны істеді екен? Неден оған қаһарын соншама төкті?» — деп сұрайтын болады.
25 Сонда оларға мына жауап беріледі: «Бұл елдің адамдары өз ата-бабалары сиынған Құдай — Жаратқан Иенің Келісімінен бас тартты. Ол өздерін Мысырдан құтқарып алып шыққан кезінде сол Келісімді олармен жасаған болатын.
26 Алайда олар өз беттерімен кетіп, бұрын танып-білмеген және Жаратқан Ие өздеріне белгілемеген (жалған) тәңірлерге бас ұрып, құлшылық ете бастады.
27 Сондықтан да Жаратқан Иенің қаһары осы елге қарсы лаулап, Ол Таурат кітабында жазылған қарғыстардың бәрін олардың бастарына түсірді.
28 Осылайша қатты ашуланып, қаһарын төге наразыланған Жаратқан Ие оларды туған елдерінен түп-тамырымен жұлып алып, бөтен елге лақтырып тастады. Күні бүгінге дейін олар сол жақта».
29 Ашылмаған құпиялар Құдай Иеміздікі. Ал ашылғандары бізге және ұрпақтарымызға арналған. Сондықтан да біз осы Таурат заңының күллі ережелерін мәңгі бақи жүзеге асыруымыз керек.