Заңды қайталау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34


Тарау 17

Құдайларың Жаратқан Иеге арнап кемтар, қандай да бір кемістігі бар не мүйізді ірі қара, не ұсақ малды құрбандыққа шалмаңдар! Құдай Ие солай істегендеріңді әбден жек көреді.
2 Құдай Иеміз өздеріңе табыстап отырған елді мекендердің бірінде не еркек, не әйел Оған жек көрінішті іс-әрекет жасап Құдайларың Жаратқан Иенің Келісіміне қиянат қылып,
3 Оның тыйым салғанын істейді дейік: ол адам жалған тәңірлерге, яки күн, ай не басқа да аспан денелеріне жүгініп құлшылық етіп табынады.
4 Егер сондай іс туралы сендерге айтылса, немесе біреуден кездейсоқ естіп қалсаңдар, онда бұл жөнінде мұқият тергеу жасаңдар! Егер сондай жексұрын істің Исраил халқының арасында шынымен орын алғаны дәлелденсе,
5 онда сол зұлымдықты істеген еркек не әйелді қала қақпасының алдына апарып, таспен атқылап өлтіріңдер.
6 Кінәлі адамды өлім жазасына кескенде (ең аз дегенде) екі не үш куәгердің айтқандарына сүйену керек. Тек бір ғана куәгердің айтқанына негізделіп ешкімді өлім жазасына кесуге болмайды.
7 Куәлік келтірген адамдар өлім жазасын іске асырғанда тасты бірінші болып лақтыруға тиіс. Солардан кейін бүкіл халық болып атқыласын. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар!
8 Елді мекендеріңде шешуге тым қиын даулы мәселелерді: біреуді біреу әдейі өлтірді ме, не кездейсоқ болды ма, бір дауда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, яки төбелесіп қалғандардың қайсысы айыпты, осы сияқты даулы мәселелерді Құдайларың Жаратқан Ие таңдап алған орынға апарыңдар.
9 Сол жердегі леуілік діни қызметкерлерге және сол кезде міндетін атқарып жатқан төрешіге барып жүгініңдер. Олар сол іс бойынша үкімдерін шығарып береді.
10 Жаратқан Ие таңдап алған орындағы олардың сендерге айтатын шешімін толығымен, мұқият жүзеге асырыңдар!
11 Олар түсіндіріп берген заңды және шығарған үкімді толығымен орындауларың керек. Жариялаған шешімдерінен не оңға, не солға бұрылмаңдар.
12 Ал егер біреу Құдай Иенің алдында қызмет етуге тағайындалған діни қызметкердің не төрешінің айтқандарын менсінбей, орындамай қойса, ондай адамды тірі қалдырмау керек. Зұлымдықты Исраилден осылайша аластатыңдар!
13 Бүкіл халық мұны естіп, қорқатын болады. Содан олар да (билік иелерін) менсінбеулерін доғарады.
14 Сендер Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстап отырған елге еніп, оны иемденіп, сонда орнығасыңдар. Егер содан кейін: «Айналамыздағы барлық халықтар сияқты, біз де өзімізге патша тағайындағымыз келеді!» десеңдер,
15 онда міндетті түрде Құдай Иенің таңдаған адамын ғана патша етіңдер! Ол жат жұрттық емес, өз халқыңнан шыққан бауырластарың болсын.
16 Патшаның өзіне жылқыны көптеп ала беруіне болмайды, әрі соларын көбейту үшін халықты Мысырға қайтуға жұмылдырмауға тиіс. Себебі Жаратқан Ие сендерге: «Сол жолмен ешқашан қайтып бармауларың керек» деп бұйырған еді ғой.
17 Патшаның көп әйел алуына да болмайды, әйтпесе оның жүрегі басқа жаққа бұрылып кетеді. Патша өзіне көп мөлшерде алтын-күмісті де жинай бермеуі керек.
18 Патшалығының тағына отырғанда, ол леуілік діни қызметкерлердің қолындағы осы Таурат заңы кітабының көшірмесін шиыршық кітапқа жаздырып алуға міндетті.
19 Кітап үнемі оның қасында болуға тиіс. Патша Құдай Иесін құрметтеуді үйреніп, сол кітапта жазылған заң мен ережелердің барлығын мұқият орындауы үшін бұл кітапты өмір бойы оқитын болсын.
20 Осылайша патша көкірегін көтеріп, өзін ұлттастарынан асқақтатпасын, әрі Жаратқан Иенің өсиеттерінен не оңға, не солға бұрылмасын! Сонда оның өзі де, артындағы ұрпақтары да Исраилге ұзақ уақыт билік жүргізетін болады.