Заңды қайталау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34


Тарау 16

Құдайларың Жаратқан Ие сендерді абиб айының бір түнінде Мысыр елінен алып шыққан еді. Сондықтан осы мезгілді есте ұстап, сол айда Құдай Иенің құрметіне арнап Құтқарылу мейрамын тойлаңдар!
2 Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында қой-ешкілеріңнен не мүйізді ірі қара малдарыңнан Құдай Иенің құрметіне Құтқарылу мейрамына арналған құрбандықты шалыңдар.
3 Оның етін ашытқы салып пісірілген нанмен қосып жемеңдер. Жеті күн бойы етті ашымаған нанмен қосып жеңдер. Бұл нан — көрген қиындықтарыңды еске түсіретін нан, себебі Мысыр елін асығыс тастап шықтыңдар. Сендер Мысырдан көшіп шыққан күнді осы рәсімді орындау арқылы өмір бойы есте сақтайтын боласыңдар.
4 Өздерің тұрып жатқан бүкіл ел көлемінде сол жеті күн бойы ешқандай ашытқы көрінбеуі керек. Сендер мейрамның алғашқы күнгі кешінде құрбандыққа шалған малдың ешбір еті таң атқанша қалып қоймасын!
5 Құдайларың Жаратқан Ие сендерге беріп отырған елді мекендеріңнің барлығында бірдей Құтқарылу мейрамының құрбандығын шалуларыңа болмайды.
6 Құрбандықты тек Құдайларың Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында ғана шалыңдар! Оны Мысыр елінен шыққан мезгілдерің — кеште күн батқанда шалуларың керек.
7 Етті отқа қақтап пісіріп, Құдай Ие тағайындаған орында жеңдер. Ал келесі күні таңертең қонатын шатырларыңа қайтуларыңа болады.
8 Алты күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Жетінші күні Құдайларың Жаратқан Иеге арналған салтанатты жиналыс өткізіңдер. Сол күні ешқандай жұмыс істемеңдер!
9 Осы кезден, демек, пісіп тұрған арпаны ора бастаған уақыттан бастап жеті апталық кезеңді санап алыңдар.
10 Бұл кезеңнің соңында Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған Жеті апта мейрамын тойлаңдар. Сонда Құдай Иенің сендерді жарылқағанына сәйкес Оған өз еріктеріңмен беретін сый-тартуды әкеліп ұсыныңдар.
11 Құдай Иенің алдында, Оның өз есіміне арналған жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орнында, сендер ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, араларыңдағы жат жұрттықтармен және жетім-жесірлермен бірге қуана мейрамдаңдар.
12 Өздеріңнің Мысыр елінде құлдықта болғандарыңды естеріңде ұстап, осы ережелерді сақтап орындаңдар.
13 Астық бастырып, жүзім шырынын сығып болғаннан кейін жеті күн Күркелер мейрамын өткізіңдер.
14 Мейрамды ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, жат жұрттықтармен, жетім-жесірлермен бірге шаттана тойлаңдар.
15 Осы мейрамды Құдайларың Жаратқан Иенің құрметіне Өзі тағайындаған орында жеті күн бойы өткізіңдер. Себебі Құдай Ие сендерге мол өнім беріп, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. Сондықтан зор шаттыққа кенелесіңдер.
16 Сонымен барлық ер адамдарың Құдайларың Жаратқан Иенің алдына, Өзі таңдап алған орынға жылына үш рет барулары керек: Ашымаған нан мейрамы, Жеті апта мейрамы және Күркелер мейрамы кезінде. Олар Жаратқан Иенің алдына құр қол бармай,
17 әрқайсысы Құдай Иеміздің өздеріңді жарылқағанына сәйкес, хал-жағдайына қарай сый-тартулар ұсынсын.
18 Құдайларың Жаратқан Ие сендерге табыстап отырған елді мекендеріңнің бәрінде барлық руларыңа арнап төрешілер мен басқарушылар тағайындаңдар. Олар халыққа әділ билік айтуға міндетті болады.
19 Не әділдікті бұрмалаушы, не адамның бет-жүзіне қараушы, не пара алушы болмаңдар! Пара деген дананың көзін соқыр қылып, әділдің іс-әрекетін бұрмалайды.
20 Әділдікке, тек әділдікке ғана ұмтылыңдар! Сонда тірі қалып, Құдай Иенің өздеріңе табыстап отырған елін иемденетін боласыңдар.
21 Құдайларың Жаратқан Иеге арнап салған құрбандық орындарыңның жанына жалған тәңір Ашераға бағышталған ешқандай ағаш бағаналар орнатпаңдар!
22 Табынуға арналған тас бағаналар да орнатпаңдар! Құдай Иеміз сондай нәрселерді жек көреді.