Заңды қайталау
Тарау 10
Сол кезде Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: «Бұрынғы екеуіндей етіп тағы екі тас тақташа қашап жасап ал. Содан кейін таудың басына Менің алдыма көтеріліп кел. Бір ағаш сандық та жасап дайындауың керек.
2 Мен жаңа тақташаларға өзің сындырып тастаған алғашқы тақташалардағы сөздерді жазып қоймақпын. Содан кейін тақташаларды сандыққа салып қой».
3 Сонда мен аққараған ағашынан сандық жасап дайындадым, әрі тастан бұрынғылардай екі тақташа қашап жасап алдым. Тақташаларды қолыма ұстап, тау басына көтерілдім.
4 Жаратқан Ие бұрын жазған Он өсиетті осы тақташаларға қайталап жазды. Сендер тау етегінде жиналған күні Жаратқан Ие сол Он өсиетті тау басындағы от ішінен сендерге жариялап айтқан болатын. Жаратқан Ие тас тақташаларды маған табыстаған соң,
5 мен тау басынан төмен түстім. Бұдан кейін сол екі тақташаны Жаратқан Иенің берген нұсқауы бойынша өзім жасаған Келісім сандығының ішіне салып қойдым. Қазір де олар сонда жатыр.
6 Кейін исраилдіктер Бене-Яқан құдықтары деген жерден Мосерге көшіп барды. Сол жерде Һарон қайтыс болып, сүйегі қабірге қойылды. Һаронның ұлы Елазар оның орнын басып діни қызметкер болды.
7 Сол жақтан халық Гудгодқа, содан кейін ағып жатқан бұлақтары көп Жотбатаға көшіп барды.
8 Бұл кезде Жаратқан Ие Леуі руын халықтың өзге руларынан бөліп, Өзінің қызметіне тағайындады. Леуіліктердің міндеттері Жаратқан Иенің Келісім сандығын (халық көшкенде) көтеріп жүру, Жаратқан Иенің алдында тұрып қызмет ету және Оның атынан адамдарға бата беру болды. Леуіліктер қазірге дейін осы міндеттерін атқарып келеді.
9 Леуі руына өзге ағайындас руларымен қатар елден мұралық үлесі бөлінбегендігі сондықтан. Құдайларың Жаратқан Иенің оларға берген уәдесі бойынша, леуіліктердің «мұралық үлестері» — Жаратқан Иенің Өзі.
10 Бірінші рет болғанымдай, бұл жолы да тау басында қырық күн, қырық түн болдым. Жаратқан Ие сөздеріме осы кезде де құлақ асып, сендерді құртамын деген ойынан бас тартты.
11 Сонда Жаратқан Ие маған: «Бар да, Мен оларға беремін деп Өзім ата-бабаларына антпен уәде еткен елге кіріп, оны иемдене алулары үшін халықты жүретін жолында бастап жүр», — деді.
12 Ал енді, уа, Исраил, Құдай Иең сенен нені талап етеді? Тек мыналарды ғана: Құдай Иеңді терең қастерлеп, Оның жолымен ғана жүруіңді, Оны сүйіп, шын жүректен және бүкіл жан дүниеңмен Оған қызмет етуіңді,
13 әрі Жаратқан Иенің өсиеттері мен ережелерін жүзеге асыруыңды. Бұларды бүгін сендерге өз игіліктерің үшін тапсырып отырмын.
14 Ұлан-ғайыр аспан, жер және ондағының барлығы да Құдайларың Жаратқан Иенің меншігі.
15 Алайда Жаратқан Ие ата-бабаларыңды сүюге қатты риза болды және олардан өрбіген сендерді барлық халықтардың арасынан таңдап алды. Міне, содан қазір Оның сүйікті халқысыңдар.
16 Ендеше жүректеріңді күнәдан арылтып, Жаратқан Иенің бізбен жасаған Келісімін естеріңде ұстап, бұдан былай тоңмойын болмаңдар.
17 Себебі Құдайларың Жаратқан Ие — «тәңір» атаулының үстіндегі Құдай және иелердің Иесі. Ол — үрей туғызатын ұлы да құдіретті Құдай, ешкімнің бет-жүзіне қарамайды да, ешкімнен пара алмайды да.
18 Жаратқан Ие жетім-жесірлердің мүддесін қорғап, жат жұрттықтарға мейірім көрсетіп, оларды нанмен, киіммен қамтамасыз етеді.
19 Жат жұрттықтарға сендер де мейірімді болуға тиіссіңдер, өйткені өздерің де Мысырда жат жұрттық кірмелер болдыңдар ғой.
20 Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған қызмет етіп, Одан ажырамастай берік ұстанып, Оның атымен ғана ант беріңдер.
21 Өз көзіңмен көрген сол ұлы да үрейлі істердің бәрін істеген Ол — сендердің Құдайларың, Оны әрдайым мадақтаңдар!
22 Мысырға көшіп барған ата-бабаларыңның ұзын саны жетпіс жан ғана еді, енді Құдай Иеміз сендерді аспандағы жұлдыздардай сансыз етіп көбейтті.