Патшалықтар 4-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25


Тарау 9

Еліше пайғамбарлар шәкірттерінің біреуін шақырып алып, оған былай деп тапсырды: «Жолға дайындалып, қолыңа бір құты май ал да, Ғилақадтағы Рамот қаласына бар.
2 Сол жерде Німшидің немересі, Жосапаттың ұлы Ехуді тауып ал. Оны оңаша бір ішкі бөлмеге алып барып,
3 құтыдағы майды басына құйып, оған былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені Исраилдің үстінен патша етіп тағайындадым!» Бұдан кейін есікті ашып, еш кідірмей сол жерден жүгіріп кетіп қал!»
4 Осылайша пайғамбардың жас қызметшісі Ғилақадтағы Рамотқа барды.
5 Ол сонда жеткенде, әскердің бір жерде жиналып отырған қолбасшыларын көрді. Оларға жақындап барып: — Уа, қолбасшы, сізге айтар бір сөзім бар еді, — деді. Ехудің өзі одан: — Қайсымызға? — деп нақтылады. Пайғамбардың шәкірті: — Сізге, қолбасшы! — деді.
6 Ол тұрып, екеуі үйге кірген соң пайғамбардың шәкірті қолындағы құтының майын Ехудің басына құйып тұрып былай деді: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені май жағу рәсімінен өткізіп өз халқым Исраилдің үстінен патша етіп тағайындадым!
7 Сен енді қожайының Ахабтың әулетін жоюға тиіссің. Сол арқылы Мен оларды Езабелдің Маған қызмет еткен пайғамбарлардың және барлық басқа қызметшілерімнің қандарын төккені үшін жазалаймын.
8 Осылай Ахабтың бүкіл әулеті құриды, Мен Исраилдегі Ахабтан тараған азат болсын, құл болсын, әрбір еркек кіндіктінің көзін құртамын.
9 Сөйтіп Мен Ахабтың әулетін Набат ұлы Еробоғамның әрі Ахиях ұлы Бағасаның әулеттері сияқты етіп, олардан ешқандай із қалдырмаймын.
10 Иттер Езабелдің мәйітін Ізрелдің жерінде жалмап жеп қоятын болады. Осылай оның мәйіті қабірге қойылмайды! Елішенің жіберген адамы мұны айтып болған соң есікті ашып, сол жерден жүгіріп кетіп қалды.
11 Еху өзге басшыларға қайтып келгенде, біреуі: — Қалай, тыныштық па? Ана есуас жігіт саған неге келіпті? — деп сұрады. Ол: — Оның қандай адам екенін, сөздерінің сиқын өздерің де білесіңдер ғой! — деді.
12 Бірақ олар: — Жоқ, мұның өтірік! Болған істі бүкпей айтсаңшы! — деп қоймады. Содан Еху оларға: — Ол маған былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені май жағу рәсімінен өткізіп Исраилдің үстінен патша етіп тағайындадым».
13 Сонда олардың бәрі дереу шапандарын шешіп алып, оның алдындағы баспалдақтарға жайды да, керней тартқызып: «Еху патша жасасын!» — деп жар салды.
14 Енді Німшидің немересі, Жосапаттың ұлы Еху Жорам патшаға қарсы астыртын сөз байласты. Жорам бүкіл Солтүстік Исраилдің әскерімен Ғилақадтағы Рамот қаласын Арама патшасы Хазаилдан қорғап жатқан болатын.
15 Бірақ шайқаста арамалықтар Жорамды жарақаттап, ол жарасынан емделіп айығуға Ізрел қаласына қайта оралған еді. Еху басқа қолбасшыларға: «Егер менімен шынында ниеттес болсаңдар, ешкімнің осы жерден сытылып шығып, Ізрелге хабар жеткізуіне жол бермеңдер!» — деген нұсқау берді.
16 Содан Еху күймесіне мініп, Жорам тынығып жатқан Ізрел қаласына барды. Яһуда патшасы Охозиях Жорамның көңілін сұрап сонда келіп жатқан болатын.
17 Еху жасақшыларымен Ізрелге жақындап қалғанда, қала мұнарасындағы бақылаушы оларды байқап: «Бір топ жасақшыны көріп тұрмын», — деп хабарлады. Жорам былай деп бұйырды: «Олардың алдынан бір салт аттыны жібер! Ол аманшылық па деп сұрап келсін!»
18 Салт атты Ехудің алдынан шығып: — Патша: «Аманшылық па?» деп сұрап жатыр, — дегенде, Еху оған: — Аманшылық па, жоқ па, ол туралы неден қам жейсің? Одан да менің соңымнан ер! — деп әмір етті. Сонда бақылаушы: «Хабаршы оларға жетті, бірақ қайтпады!» — деп мәлімдеді.
19 Жорам екінші бір хабаршыны жіберді, ол да Еху бастаған топқа келіп: — Патша «Аманшылық па?» деп сұрап жатыр, — дегенде, Еху оған: — Аманшылық па, жоқ па, ол туралы неден қам жейсің? Одан да менің соңымнан ер! — деп әмір етті.
20 Енді бақылаушы: — Хабаршы оларға жетті, бірақ қайтпады! Алдыңғы күйменің жүрісі Німшидің немересі Ехудің күйме жүргізуіндей екен. Ол жынды сияқты зулатып айдайды, — деп мәлімдеді.
21 Сонда Жорам: — Күймемді дайындаңдар! — деп бұйырды. Қызметшілері оның күймесін дайындап болған соң, Солтүстік Исраил патшасы Жорам мен Яһуда патшасы Охозиях әрқайсысы өз күймесіне мініп, Ехудің алдынан шығып, онымен ізрелдік Набутайдың мұралық жер үлесінің маңында ұшырасты.
22 Жорам Ехуді көргенде, одан: — Аманшылық па, Еху? — деп сұрады. Сонда Еху: — Неткен аманшылық болсын?! Өз шешең Езабел әлі де (Жаратқан Иеге) опасыздық жасап жалған тәңірлерге табынып, сиқырлықпен молынан айналысуда емес пе?! — деп жауап қайтарды.
23 Осыны ести салысымен, Жорам кері бұрылып, Охозияхқа: «Охозиях, бұл — сатқындық!» — деп айқайлап, қаша жөнелді.
24 Ал Еху садағын бар күшімен тартып, Жорамның екі жауырынының арасын көздеп, атып жіберді. Жебе ұшып барып, оның жүрегіне дәл тиді де, Жорам күймесінің ішіне құлай кетті.
25 Сонда Еху өзінің жеке қызметшісі Бидықарға былай деп әмір етті: «Жорамды көтеріп алып, ізрелдік Набутайдың мұралық жер үлесіне лақтырып кет! Есіңде ме, екеуіміз бірде оның әкесі Ахабқа ілесіп күйме ішінде келе жатқан едік. Сонда Жаратқан Ие (өзінің пайғамбары арқылы) Ахабқа мынадай хабарын жеткізді:
26 Жаратқан Ие мынаны айтады: Набутай мен оның ұлдарының кеше төгілген қандары Менің назарымнан тыс қалған жоқ! Сол ісіңнің есесін саған дәл осы мұралық жер үлесінде қайтаратын боламын! Сондықтан Жаратқан Иенің сөзіне сай Жорамның өлігін алып, осы мұралық жер үлесіне лақтырып кет!»
27 Яһуда патшасы Охозиях осыны көргенде, күймесін бұрып, бақ ішіндегі сарайға апаратын жолға түсіп, қаша жөнелді. Еху оның соңынан қуып: «Оны да өлтіріңдер!» — деп айқай салды. Мергендер Ибеламның маңындағы Ғұрға көтерілетін жол бойында Охозияхты күймесінде отырған жерінде садақпен атып ауыр жарақаттады. Ол Мегидо қаласына қашып барып, сол жерде қайтыс болды.
28 Охозияхтың нөкерлері оның мәйітін күймемен Иерусалимге алып барып, сол жерде ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабіріне қойды.
29 Охозиях Ахаб ұлы Жорамның патшалық құрған он бірінші жылы Яһуданың патшасы болып тағайындалған еді.
30 Бұдан кейін Еху Ізрел қаласына барды. Езабел бұл туралы естіп, көздерін бояп, шашын сәндеп түйіп алып, терезеден сыртқа қарады.
31 Еху қақпадан кіргенде, Езабел оған дауыстап: «Ниетің бейбіт пе? Әй, Зімри іспетті өз қожайынын өлтіруші!» — деді.
32 Еху терезеге қарай жоғары қарап айқайлап: «Менің жағымда кім бар? Қайсыларың? — дегенде, терезеден екі-үш сарай қызметкері көрінді.
33 Еху оларға: — Ана әйелді төменге лақтырыңдар!» — деп әмір етті. Олар Езабелді терезеден жерге лақтырып жіберді. Сонда оның қаны қабырға мен аттарға шашырап, сол аттар оның денесін таптап тастады.
34 Бұдан кейін Еху сарайға кіріп, ішіп-жеді. Содан жасақшыларына: «Енді ана қарғыс атқан әйелдің мәйітін алып, қабірге қойыңдар! Ол патшаның қызы ғой!» — деп тапсырды.
35 Жасақшылар мәйітті қабірге қою үшін барды. Ал олардың бар тапқандары тек оның бас сүйегі әрі аяқ-қолдарының бастары ғана болды.
36 Олар қайтып келіп, Ехуге жағдайды мәлімдегенде ол былай деді: «Осылай Жаратқан Иенің Өзінің қызметшісі тішбелік Ілияс арқылы айтқан мына сөзі орындалды: Ізрелдің маңында иттер Езабелдің тәнін жалмайды!
37 Иә, Езабелдің мәйіті Ізрелдің жерінде даладағы қи сияқты шашылып қалады. Осылайша ешкім де: «Мынау — Езабел» деп айта алмайтын болады!»