Патшалықтар 4-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25


Тарау 11

Шешесі Аталия өз ұлы Охозияхтың өлгені туралы білген соң, Яһуда елінің патша тұқымына жататын барлық басқаларын да өлтіруге әрекеттенді.
2 Алайда Ехосабет Охозияхтың кенже ұлы Жоғасты өлімге бұйырылған патшазадалардың арасынан ұрлап алып кетті, әрі бөбекті оның бағушы әйелімен бірге бір ұйықтайтын бөлмеге жасырып қойды. Ехосабет Жорам патшаның қызы, Охозияхтың туған әпкесі болатын. Осылай Ехосабет немере інісі Жоғасты Аталиядан сақтап, өлімнен аман алып қалды.
3 Аталия Яһуда еліне билік жүргізген алты жыл бойы патшазада Жоғас Ехосабеттің қасында Жаратқан Иенің ғибадатханасында жасырынып қала берді.
4 Ал жетінші жылы діни қызметкер Еходай патшаның қарилық ұландары мен сақшылардың жүзбасыларын Жаратқан Иенің киелі үйіне шақырып алды. Еходай сол жерде олармен келісім жасап, оларға Жаратқан Иеге адал болуға ант бергізді. Содан оларға патшаның ұлын көрсетіп,
5 мынадай нұсқау берді: «Енді мынаны істеулерің қажет: Діни демалыс күні қызметке келетін сендердің үштен бірің патша сарайын күзетіңдер!
6 Келесі үштен бірің Сур қақпасында күзетте тұрыңдар! Ал соңғы үштен бірің қақпаның маңында басқа сақшылардың артында тұратын болсын! Осылай барлық үш тобың да сарайды қырағы бақылайсыңдар!
7 Ал сол күні кезекті қызметтен қайтатын екі топ, сендердің барлығың Жаратқан Иенің киелі үйін патша үшін күзететін болыңдар!
8 Сендер қаруларыңды қолдарыңа ұстап алып, патшаны айналдыра қоршап тұрыңдар! Кімде-кім сендердің қатарларыңа жақындап келсе, соның көзін құртыңдар! Патша қайда бармасын, сендер де оның жанында болып бірге барыңдар!»
9 Жүзбасылар діни қызметкер Еходайдың нұсқауларын түгелдей орындады. Олар діни демалыс күні қол астындағы адамдарының барлығын: қызметтерін сол күні бастайтындарын да, аяқтайтындарын да Еходайға ертіп алып келді.
10 Еходай жүзбасыларға ежелде Дәуіт патшанікі болған, содан бері Жаратқан Иенің ғибадатханасында сақталып келе жатқан сүңгілер мен қалқандарды үлестіріп берді.
11 Қолдарына қаруларын ұстаған ұландар патшаны айналдыра қоршап алып, киелі үйдің оң жағынан сол жағына және құрбандық үстеліне дейін шеп құрып тұрды.
12 Содан соң Еходай патшазада Жоғасты сыртқа алып шығып, басына тәж кигізіп, қолына Келісімнің айғағын ұстатты. Діни қызметкерлер Жоғасқа май жағу рәсімін орындап, оны патша етіп жариялады. Барлығы қолдарын шапалақтап, «Патша жасасын!» — деп ұрандап айқай салды.
13 Ұландар мен халықтың ұрандаған айқайын Аталия да естіді. Содан ол мән-жайды білу үшін халық жиналып тұрған Жаратқан Иенің ғибадатханасына қарай жөнелді.
14 Қараса, жас патшаның дәстүрге сай киелі үйдің кіреберісіндегі бағананың жанында тұрғанын көрді. Оның қасында басшылар мен кернейшілер тұр екен. Бүкіл елден жиналған халық шаттана айқайлап, керней тартып жатты. Аталия қатты ашуланып, көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Қастандық, қастандық!» — деп айқайлап жіберді.
15 Діни қызметкер Еходай сақшылардың жүзбасыларына: «Оны сақшылар қатарларының арасымен алып шығыңдар! Егер әлдебіреу оған еретін болса, соның көзін құртыңдар! — деп бұйырды. Сондай-ақ: — Оны Жаратқан Иенің киелі үйінде өлтірмеңдер!» — деп те қосты.
16 Сақшылар Аталияны ұстап алып, патша сарайының ауласына аттар кіретін қақпаға әкетіп, сол жерде көзін құртты.
17 Діни қызметкер Еходай патшаға әрі халыққа Жаратқан Иемен «Біз Жаратқан Иенің халқы боламыз» деген Келісім жасатты. Сонымен қатар ол патша мен халықтың арасында да өзара келісім жасатты.
18 Содан елдің бүкіл халқы Бағал атты жалған тәңірге арналған ғибадатханаға барып, оны қиратты. Олар ондағы құрбандық үстелдері мен тәңір мүсіндерін талқандап, сол құрбандық үстелдерінің алдында Бағалдың абызы Маттанның көзін құртты. Содан кейін діни қызметкер Еходай Жаратқан Иенің киелі үйіне бақылау орнатты.
19 Ол өзімен бірге жүзбасыларын, қарилық ұландарын, сақшыларды және бүкіл елдің халқын ілестіріп, патшаны Жаратқан Иенің киелі үйінен алып шығып, барлығы Сақшылар қақпасынан өтіп, патша сарайына кірді. Сол жерде Жоғас патша тағына отырды.
20 Елдің күллі халқы бұған шат-шадыман болып қуанды. Аталия сарайдың маңында семсермен өлтірілгеннен кейін қала сабасына түсіп тыншыды.
21 Жоғас патша болған кезде жасы жетіде еді.