Патшалықтар 4-ж
Тарау 3
Яһудаға Жосапат патшалық құрған он сегізінші жылы Ахаб ұлы Жорам Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Самария қаласында он екі жыл бойы билік жүргізді.
2 Жорам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Алайда ол әке-шешесі сияқты әрекет еткен жоқ, себебі әкесі жалған тәңір Бағалға арнап жасатып, тұрғызған тас бағананы Жорам алып тастады.
3 Бірақ Жорам ежелде Набат ұлы Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларын ұстанып, солардан бас тартпады.
4 Моаб патшасы Меша қой өсірумен шұғылданатын. Ол Солтүстік Исраил патшасына жылына жүз мың тоқтыны әрі жүз мың қошқардың жүнін беріп тұруға міндетті болатын.
5 Алайда Ахаб патша өлгеннен кейін, Моаб патшасы Солтүстік Исраилдің патшасы Жорамға қарсы бас көтерді.
6 Сонда Жорам патша Самариядан шығып, бүкіл Солтүстік Исраилдің әскерін түгендеп санақтан өткізді.
7 Ол, сондай-ақ, Яһуда патшасы Жосапатқа мынадай хабар жолдады: — Моаб патшасы маған қарсы бас көтерді. Менімен бірге Моабқа қарсы соғысуға аттанасыз ба? — Жосапат патша бұған: — Жарайды, сізбен бірге аттанайын! Өзім де, жасағым да, атты әскерім де сіздің құзырыңыздамыз, — деп жауап берді.
8 Содан кейін ол: — Сол жаққа біз қай жолмен барамыз? — деп сұрады. Жорам патша: — Едомның шөл даласы арқылы! — деді.
9 Осылайша Солтүстік Исраилдің, Яһуданың және Едомның патшалары әскерлерін ертіп аттанды. Айналма жолмен жеті күн бойы жүргеннен кейін олардың өздері үшін де, қастарындағы малдары үшін де су қалмады.
10 Сонда Солтүстік Исраилдің патшасы күдерін үзіп былай деп дауыстады: — Әттеген-ай! Жаратқан Ие бізді, үш патшаны, Моаб патшасының қолына тапсыру үшін осында шақырған екен ғой! —
11 Алайда Жосапат сауал қойып былай деді: — Мұнда Жаратқан Иенің пайғамбары жоқ па еді? Сол арқылы Жаратқан Иеден ақыл-кеңес сұрайық. — Солтүстік Исраил патшасының бір қызметкері: — Шапат ұлы Еліше осында жүр. Ол кезінде Ілиястың шәкірті болып, қолына су құйып қызмет көрсеткен, — деп жауап берді.
12 Жосапат: — Ол Жаратқан Иенің сөзін жеткізе алады, — деп келісті. Содан Солтүстік Исраил патшасы Жорам, Яһуда патшасы Жосапат және Едомның патшасы үшеуі Еліше пайғамбарға барды.
13 Ал Еліше Солтүстік Исраилдің патшасына: — Менде сенің не шаруаң бар? Ана әкеңнің және шешеңнің «пайғамбарларына» бара бер! — деді. Ал патша: — Жоқ! Бізді, осы үш патшаны, моабтықтардың қолына түсіру үшін шақырып алып келген — Жаратқан Иенің Өзі! — деп жауап қайырды.
14 Еліше: — Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Әлемнің Иесінің алдында шын айтамын: Егер Яһуданың патшасы Жосапат болмағанда, мен саған көз салып назар аудармас та едім.
15 Ал енді, маған бір жетігеншіні алып келіңдер! — деді. Жетігенші келіп, аспабын тартып жатқанда, Жаратқан Ие Елішеге қолын тигізіп оған рухани құдірет қондырды.
16 Сонда Еліше былай деді: «Жаратқан Ие мынаны бұйырады: Осы аңғардың ұзына бойы арықтар мен шұңқырлар қазыңдар!
17 Себебі Жаратқан Ие мынаны алдын ала білдіреді: Сендер еш жел мен жаңбыр көрмейсіңдер, әйтсе де аңғар суға толып, өздерің де, малдарың да содан ішетін боласыңдар!
18 Мұны істеу Жаратқан Ие үшін оп-оңай. Ол, сондай-ақ, моабтықтарды қолдарыңа бере салады.
19 Сонда сендер барлық бекіністі де үлкен қалаларды қиратып, әрбір жеміс ағашын шауып құртасыңдар. Бұлақ көздерінің бәрін су шықпайтын етіп бітеп, құнарлы егістік атаулыға тас үйіп тастайсыңдар».
20 Келесі күні (Иерусалимдегі ғибадатханада) таңертеңгі тарту ұсынылатын кезде кенеттен Едомның (таулы) аймағынан су ағып келіп, сол жер суға толып кетті.
21 Ал моабтықтар әлгі патшалардың өздеріне қарсы соғысуға келе жатқанын естіген еді. Содан олар қару ұстауға жарамды ер адамдарының барлығын жинап алып, шекараға тұрғызып қойған болатын.
22 Таңертең солар ерте тұрғанда, күн сәулесі су бетіне шағылысып тұрды. Ар жақтағы моабтықтарға сол су қан іспетті қып-қызыл болып көрінді.
23 Сонда олар: «Мынау қан ғой! Ана патшалар өзара қырқысып, бірін-бірі қырып тастаған екен! Ендеше, моабтықтар, кеттік! Олжаға ие болайық!» — десті.
24 Алайда олар Исраилдің әскер қосына таяп қалғанда, исраилдік жасақшылар қарсы шыға келіп, оларға ауыр соққы берді. Моабтықтар қаша жөнелді, ал исраилдіктер олардың еліне басып кіріп, моабтықтарды қырып тастады да,
25 қалаларын қиратты. Әрбір жасақшы шұрайлы егістік танаптарына тас лақтырып, үйіп тастады. Жасақшылар бұлақ көздерінің барлығын бітеп, күллі жеміс ағаштарын шауып құлатты. Ең ақырында тек Кир-Хәрешет қаласы ғана аман қала берді. Бірақ тас лақтырушы жауынгерлер оны қоршап алып, шабуылдады.
26 Моаб патшасы шайқаста жеңілгенін ұғып, жеті жүз семсер ұстайтын адамымен Едом патшасының жағына қарай әскер шебін жарып өтіп кетпек болды. Бірақ олар өтіп үлгермеді.
27 Сонда Моаб патшасы өзінің ізбасары болуға тиіс тұңғыш ұлын алып, қала қабырғасының үстінде құрбандыққа шалып, өртеп жіберді. Соған исраилдіктер қатты наразыланып, қаладан шегініп, өз елдеріне қайтып кетті.