Патшалықтар 4-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25


Тарау 2

Жаратқан Ие Ілиясты құйынмен көкке көтеріп әкетерінің алдында Ілияс Еліше екеуі Ғылғалдан жолға шыққан болатын.
2 Ілияс Елішеге: — Қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені Бетелге жіберіп отыр, — деді. Бірақ Еліше: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап қайтарды. Содан екеуі Бетелге ылдилап барды.
3 Сол қалада тұрып жатқан пайғамбарлар шәкірттері Елішенің алдынан шығып: — Жаратқан Иенің бүгін өзіңнен қожайыныңды алып кететінін білесің бе? — деп сұрады. Еліше: — Әрине, білемін, бұл туралы тіс жармаңдар! — деп жауап қайтарды.
4 Ілияс Елішеге: — Еліше, қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені енді Иерихонға жіберіп отыр! — деді. Бірақ Еліше: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап берді. Сонымен екеуі Иерихонға жетті.
5 Сол маңайда тұрып жатқан пайғамбарлар шәкірттері Елішенің қасына келіп: — Жаратқан Иенің бүгін өзіңнен қожайыныңды алып кететінін білесің бе? — деп сұрады. Еліше: — Әрине, білемін, бұл туралы тіс жармаңдар! — деп жауап қайтарды.
6 Кейінірек Ілияс оған: — Қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені Иорданға жіберіп отыр! — деді. Еліше: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап берді. Сонда екеуі әрі қарай бірге жүре берді.
7 Олар Иордан өзенінің жағасына жетіп тұрған кезде пайғамбарлар шәкірттерінің елуі келіп, біраз алысырақтан оларға қарап тұрды.
8 Ілияс шапанын шешіп, орап алып, сонымен судың бетін ұрды. Өзеннің суы қақ айырылып, Еліше екеуі өзеннің арғы жағына құрғақ жермен өте шықты.
9 Олар өзеннің арғы жағына жеткеннен кейін Ілияс Елішеге: — Мені өз қасыңнан алып кетпей тұрғанда айтшы: Менен тілейтін нең бар? — деді. Сонда Еліше: — Маған өзіңіздегі Рухтан екі есе берілсе екен, — деп өтінді.
10 Ілияс: — Бұл өтінішің қиын екен. Әйтсе де, егер мені өз қасыңнан әкетілген кезімде көре алатын болсаң, өтінішің орындалғаны, ал көре алмасаң, онда орындалмағаны! — деді.
11 Солай екеуі сөйлесіп жол жүріп бара жатқанда, кенеттен жалындаған отты аттар жегілген жалындаған отты күйме пайда болып, екеуін ажыратып жіберді. Ал Ілияс сол сәтте бір құйынның ішінде көкке көтеріліп кетті.
12 Осының бәрін көріп тұрған Еліше: «Әкем-ау, әкем! Исраилді қорғаушы әрі жетелеуші!» — деп айқай салды. Ілиясты енді көре алмаған сәтте Еліше қатты қайғырып үстіндегі киімін қапсыра ұстап, айыра жыртты.
13 Содан кейін Еліше жерге түсіп қалған Ілиястың шапанын көтеріп алып, Иорданның жағасына қайтып барып тұрды.
14 Сонда ол Ілиястың шапанын қолына алып, онымен су бетін ұрып: «Ілиястың сиынған Құдайы Жаратқан Ие қазір қайда екен?» — деді. Еліше су бетін Ілияс істегендей ұрып қалған соң, су екі жаққа қақ айырылып, Еліше өзеннен өте шықты.
15 Иерихоннан келген пайғамбарлар шәкірттері мұны көргенде: «Ілияста болған Рух Елішеге қонған екен!» — десті. Олар Елішенің алдына келіп, жерге дейін иіле тағзым етіп,
16 былай деді: — Алдыңыздағы пенделеріңіздің арасында елу шақты қайратты ер адам бар. Олардың барып, қожайыныңызды іздеп келулеріне рұқсат ете көріңіз. Мүмкін, Жаратқан Иенің Рухы оны көтеріп әкетіп, бір тау басына немесе бір аңғарға тастап кеткен шығар! — деді. Ал Еліше: — Жоқ, оларды жібермеңдер! — деп қарсылық білдірді.
17 Бірақ олар қадалып сұрап қоймағандықтан Еліше өзін ыңғайсыз сезініп: — Мейлі, іздеуге жіберіңдер, — деп келісті. Олар елу жігітті жіберіп, бұлар Ілиясты үш күн іздеп, таба алмады.
18 Сол жігіттер Иерихонда аялдап жатқан Елішеге қайтып келгенде, ол: — Сендерге: «Барып, іздемеңдер!» деп айтпап па едім?! — деп ескертті.
19 Бұдан кейін қала тұрғындары Елішеге: — Мырза, өзіңіз көріп отырсыз, қаланың тұрған орны жақсы. Алайда суы нашар, жері де құнарсыз! — деді.
20 Сонда ол: — Маған ішіне тұз салып, бір жаңа құмыраны алып келіңдер! — деп тапсырды. Олар соны әкелді.
21 Пайғамбар бұлақ көзіне барды да, оған сол тұзды тастап: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен осы суды тазарттым. Бұдан былай ешқашан одан өлім де, құнарсыздық та болмайтын болады!» — деді.
22 Елішенің айтқан осы сөзіне сай, бұл қайнардың суы күні бүгінге дейін таза.
23 Сол жерден Еліше (қыратты жердегі) Бетелге көтеріліп барды. Жолшыбай оған сол қаладан шыққан бір топ жасөспірім кездесе кетті. Олар Елішені келекелеп: «Әй, тақырбас, көтеріле бер! Әй, тақырбас, көтеріле бер!» — деп айқайлап мазақтады.
24 Еліше кері бұрылып оларға қарап, Жаратқан Иенің атынан қарғыс айтты. Сонда лезде орманнан екі ұрғашы аю шыға келіп, жасөспірімдердің қырық екісін жарып тастады.
25 Еліше сол жерден Қармил тауына барып, одан әрі Самарияға қайта оралды.