Патшалықтар 4-ж
Тарау 10
Самария қаласында Ахабтан тараған тағы жетпіс ұрпағы тұрып жатты. Сол себепті Еху хат жазып, оны Самарияға, Ізрел қаласының басшылары мен беделді ақсақалдарына және Ахабтың ұрпақтарының қамқоршыларына жіберді. Хаттың мазмұны мынау болды:
2 «Сіздерде патшаның ұлдары, соғыс күймелері, аттар, бекітілген қала, қару-жарақ бар. Ендеше осы хат сіздерге жете салысымен
3 патшаның ұлдарының ішіндегі ең жақсы да, лайықты дегенін таңдап алып, оны әкесінің тағына отырғызып, патша етіп тағайындаңыздар! Содан кейін патшаларыңыздың әулетін қорғап шайқасыңыздар!»
4 Бірақ сол адамдар қатты үрейленіп: «Ехуге екі бірдей патша төтеп бере алмағанда, бізде оған төтеп беретін қандай қауқар бар?» — десті.
5 Сол себепті патша сарайының басқарушысы, қаланың әкімі, беделді ақсақалдар және қала басшылары барлығы бірге Ехуге: «Біз сіздің құлдарыңызбыз, бізге не бұйырсаңыз, соны орындаймыз. Ешкімді патша етіп қоймаймыз. Нені дұрыс деп тапқаныңызды істей беріңіз!» деген хат жіберді.
6 Еху оларға екінші хатын жазып, онда былай деді: «Егер сендер маған бағынатын болсаңдар, онда ертең осы уақытта маған Ізрелге Ахабтың ұлдарының бастарын алып келіңдер!» Ал Ахабтың ұлдары, барлығы жетпіс адам, сол қаланың беделді адамдарының жанында әрі солардың қамқорлығында болатын.
7 Хат оларға жеткенде, қаланың басшылары Ахабтың жетпіс ұлының бәрін де өлтіріп, бастарын себеттерге салып, Ізрелдегі Ехуге жіберді.
8 Хабаршы келіп, Ехуге: «Патшаның ұрпақтарының бастарын алып келген адамдар жетті!» — дегенде, ол: «Қақпаның алдында оларды екі төбешік қылып үйіп, таң атқанша қалдыра тұрыңдар!» — деп бұйырды.
9 Келесі күні таңертең Еху халықтың алдына шығып, былай деді: — Бұрынғы патшаға қарсы қастандық ұйымдастырып, оны өлтірген менмін. Сендердің жазықтарың жоқ. Бірақ мыналардың барлығын өлтірген кім болды екен?
10 Сондықтан Жаратқан Иенің Ахабтың әулеті туралы алдын ала айтқан сөздерінің ешқайсысының орындалмай қалмайтынын біліп қойыңдар! Себебі Жаратқан Ие Өзінің қызметшісі Ілияс арқылы айтқандарын қазір жүзеге асырып отыр!
11 Мұнан кейін Еху Ахабтың әулетіне жататын Ізрелдегі барлық адамдарды өлтірді. Солармен бірге Еху Ахабтың күллі нөкерлерін, дос-жарандары мен діни қызметкерлерін де өлімге бұйырды. Осылай Ахабпен байланысы болған бірде-бір тірі жан қалмады.
12 Содан соң Еху Ізрелден Самария қаласына аттанды. Жолшыбай кетіп бара жатып, ол «Шопандар қосы» атты жерге жетіп, сонда аялдады.
13 Сол жерде Еху Яһуда елінің патшасы Охозияхтың біраз туыстарын кездестірді. Олардан: — Сіздер кімсіздер? — деп сұрағанда, олар: — Біз Охозияхтың туыстарымыз. (Ахаб) патша мен (Езабел) патшайымның әулетінің хал-жағдайын біліп қайтуға бара жатырмыз! — деді.
14 Сонда Еху өзінің жасақшыларына: — Мыналарды тірідей ұстап алыңдар! — деп әмір етті. Жасақшылар оларды ұстап алды да, қырық екі адамның барлығын бірде-біреуін тірі қалдырмай сол «Шопандар қосындағы» құдықтың маңында өлтіріп тастады.
15 Еху сол жерден сапарын әрі жалғастырып бара жатқанда, алдынан (діни қызметкер) Рехап ұлы Жонадаб шықты. Еху онымен амандасып, оған: — Мен сіздің мақсатыңызды шын жүректен қолдаймын. Сіз де мені шын жүректен қолдайсыз ба? — деген сұрақ қойды. Жонадаб оған: — Иә, қолдаймын, — деп жауап бергенде, Еху: — Шынымен солай болса, онда маған қолыңызды беріңіз! — деді. Жонадаб оған қолын ұсынғанда, Еху оны өзінің күймесіне мінгізіп алды да,
16 Жонадабқа былай деді: — Менімен бірге жүріп, Жаратқан Иеге қандай ынтамен қызмет етіп жүргеніме көзіңізді жеткізіңіз! — Содан екеуі Ехудің күймесінде бірге кетті.
17 Еху Самарияға жеткенде, (сол қалада тұратын, Жаратқан Иеге опасыздық жасап күнәға батқан) Ахабқа қандай да бір байланысы барлардың бәрін жаппай қырып-жойды. Осылайша Жаратқан Иенің Ілияс пайғамбар арқылы айтқан сөзі жүзеге асты.
18 Бұл кезде Еху қаладағы халықтың барлығын жинап алып, оларға тіл қатып былай деді: «Ахаб Бағалға азғантай ғана құлшылық еткен болатын, ал мен, Еху, Бағалға одан көп құлшылық ететін боламын!
19 Енді сол үшін Бағалдың барлық пайғамбарларын, оған табынушылардың бәрін және Бағалдың бүкіл діни қызметкерлерін қасыма шақырып алып келіңдер! Ешкім де келмей қалмасын! Мен Бағалға бағыштап көптеп құрбандықтар ұсынбақпын. Кімде-кім келмей қалса, сол өлімге кесілетін болады!» — Бірақ Еху мұны Бағалға табынушылардың барлығын құрту үшін қулықпен істеп отырған еді.
20 Содан Еху: «Бағалға бағышталған салтанатты жиналысты белгілеңдер!» — деп бұйырды. Осылай жиналыс жарияланды.
21 Еху бүкіл Исраил бойынша жаршыларын жіберіп, Бағалға құлшылық етушілердің барлығы бас қосып, келмей қалған ешкім де болмады. Олардың бәрі Бағалдың ғибадатханасына жиналып, оны лық толтырды.
22 Содан соң Еху киім қоймасының басқарушысына: «Бағалдың діни қызметкерлері үшін арнайы шапандарын алып кел!» — деп тапсырды. Басқарушы шапандарды қоймадан шығарып, үлестіріп бергеннен кейін,
23 Еху Рехап ұлы Жонадабпен бірге Бағалдың ғибадатханасына кіріп, онда табынуға келгендерге: «Қазір араларыңда Жаратқан Иеге қызмет ететін ешкім жоқ па екен, соны тексеріп қарап шығыңдар! Бұл жерде тек Бағалға құлшылық етушілер ғана болсын!» — деп бұйырды.
24 Содан соң олар құрбандық шалып, түгелдей өртелетін құрбандықтар ұсынуға ғибадатханаға кірді. Еху ғимараттың айналасында өзінің сексен адамын қойып, оларға былай деп қатаң ескертіп қойған болатын: «Мен сендердің қолдарыңа тапсырған осы адамдардың бірде-біреуі қашып кететін болса, сол үшін өз жандарыңнан айырыласыңдар: жанға жан болады!»
25 Түгелдей өртелетін құрбандық ұсынуды бітіре салысымен, Еху сақшыларға және өзінің жасақшыларына: «Енді ішке кіріп, ондағылардың барлығын өлтіріңдер! Бірде-біреуінің қашып кетуіне жол бермеңдер!» — деп бұйырды. Сонда олар жиналғандарды семсермен өлтіріп, өлі денелерін сыртқа лақтырды. Бұдан кейін жалған тәңір Бағалдың ғибадатханасының ішкі бөлмесіне кіріп,
26 Бағалға бағышталған бағананы сыртқа алып шығып, өртеп жіберді.
27 Содан олар Бағалдың тас бағанасын сындырып, оған бағышталған бүкіл ғибадатхананы қиратып тастады. Оның орнын әжетханаға айналдырып, ол күні бүгінге дейін солай қолданылып келеді.
28 Осылайша Еху Исраилден Бағалға табынушылықты түп-тамырымен жойды.
29 Әйтсе де Еху Набат ұлы Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларынан бас тартпай, Бетел мен Данда орнатылған алтын жас бұқа мүсіндеріне табына берді.
30 Ал Жаратқан Ие Ехуге: «Ахабтың әулетіне Менің саған тапсырғандарымның барлығын істеп жақсы еттің. Сол үшін өзіңнен кейінгі төрт ұрпағың (Солтүстік) Исраилде патшалық құратын болады!» — деп уәде берді.
31 Бірақ Еху Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Таурат заңының жолымен жүруге шын жүректен ұмтылған жоқ. Қайта, ол Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларынан бас тартпады.
32 Сол кездерден бастап Жаратқан Ие Солтүстік Исраилдің жер көлемін қысқарта бастады. (Арамалық) Хазаил патша Солтүстік Исраилге оның бүкіл елі бойынша соққы беріп жүрді.
33 Осылай Хазаил Иордан өзенінің шығысындағы Ғад, Рубен, Манаса руларының барлық жерлерін: оңтүстіктегі Арнон өзенінің бойындағы Арогер қаласынан бергі жерді әрі Ғилақад пен Башан аймақтарын түгелімен тартып алды.
34 Ал Ехудің қалған барлық іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
35 Еху көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Самариядағы қабірге қойылды. Оның ұлы Жоғахаз орнын басып патша болды.
36 Еху Самарияда Солтүстік Исраилге жиырма сегіз жыл бойы патшалық құрған еді.