Патшалықтар 4-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25


Тарау 5

Арама елінің патшасы өзінің әскер қолбасшысы Нағыманды қатты сыйлап, жоғары бағалайтын. Себебі Жаратқан Ие елге сол арқылы жеңіс сыйлаған еді. Ал Нағыман мықты да батыл жауынгер болса да, алапеспен ауыратын.
2 Арамалықтар басқа елдерге шапқыншылық жасап жүрген кездерінде Исраилден бір жас қызды қолға түсірген болатын. Осы қыз енді Нағыманның әйеліне қызмет етіп жүрді.
3 Бір күні қыз қожайын әйеліне былай деді: «Егер қожайыным Самарияда тұрып жатқан пайғамбармен кездессе ғой, шіркін! Сол оны алапесінен сауықтырып жіберер еді».
4 Мұны естіген Нағыман қыздың сөзін патша иесіне жеткізіп: — Исраилден әкелінген қыз осылай да осылай деп айтты, — деді.
5 Патшасы: — Ендеше оған барғаның жөн! Мен Исраилдің патшасына сәлемхат жазып қолыңа берейін, — деп құптады. Осылайша қолбасшы жолға шығып, өзімен бірге он ат басындай күміс, алты мың мысқал алтын және он киім жиынтығын ала кетті.
6 Солтүстік Исраилдің патшасына арналған хатта: «Осы хатты сізге тапсырған адам — менің жақсы қызметкерім. Оны ауруынан сауықтыруыңызды өтінемін!» деп жазылған еді.
7 Исраилдің патшасы хатты оқығанда, абыржып көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Біреуді өлтіріп, қайта тірілтетін мен сонша Құдай ма едім? Ол маған мына адамды алапесінен сауықтыр деп жіберіпті. Шамасы, маған тиісуге бір сылтау іздеп отырса керек», — деді.
8 Құдайдың адамы Еліше Исраил патшасының көйлегінің өңірін жыртқанын естігенде, патшаға мынадай сәлем жіберді: «Неге көйлегіңіздің өңірін жыртып абыржисыз? Сол адамды маған жіберіңіз, Исраилде шынайы пайғамбардың бар екенін білсін!»
9 Сонда Нағыман өзінің салт аттылары, соғыс күймелерімен бірге Еліше тұрған үйдің қақпасының алдына келіп тоқтады.
10 Ал Еліше оған бір хабаршысынан: — Иордан өзеніне барып, соған жеті рет суға түсіп, шомылыңыз! Сонда тәніңіздегі алапесіңіз кетіп, құлан-таза айығасыз, — деді.
11 Нағыман бұған қатты ашуланып қайтып кетпек болып: — Бұл қалай?! Ол алдымнан шығып, өзінің Құдайы Жаратқан Иеге сиынар, алапес болған жердің үстінен қолын әрі-бері жүргізіп, алапесімді жазар деп ойлаған едім.
12 Біздің Дамаск маңындағы өзендеріміз Абана мен Парпар Исраилдің барлық суларынан да артық емес пе? Шомылу керек болса, соларға барып-ақ шомыла алмас па едім? — деді. Осылай ол ашулы күйі кері бұрылып, кетуге ыңғайланды.
13 Ал қызметшілері жақындап келіп: «Мырзам, егер сол пайғамбар сізге бір қиын істі тапсырса, сіз оны орындамас па едіңіз? Ал жай ғана «Барып, суға түсіп шомылыңыз, сонда айығасыз» деп айтса, соны істеп көргеніңіз әбден орынды емес пе?» — деп ұсыныс жасады.
14 Қолбасшы олардың кеңесіне құлақ асып, Құдайдың пайғамбарының айтқаны бойынша Иордан өзеніне ылдилап барып, жеті рет суға түсіп, шомылды. Сонда оның тәні сәбидің тәні іспетті тап-таза болып айығып кетті.
15 Содан Нағыман барлық қызметшілерімен бірге Құдайдың адамына қайтып барды да, оған: — Міне, енді бүкіл дүние жүзінде Исраилдің сиынатын Құдайынан басқа шынайы құдайдың жоқ екеніне көзім жетіп отыр. Сондықтан өтінемін, менен мына сыйлықты қабылдай көріңіз! — деп сый-тартуын ұсынды.
16 Бірақ Еліше: — Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Мен еш нәрсеңізді алмаймын! — деп жауап берді. Нағыман оны қаншама көндіруге тырысқанымен, ол бәрібір бас тартып, ештеңені алмай қойды.
17 Нағыман сонда пайғамбарға мына өтінішті жасады: — Онда маған ең болмағанда екі қашырыма көтергендерінше осы жердің топырағын артып алуыма рұқсат етіңізші. Өйткені бұдан былай мен бөтен тәңірлерге емес, тек Жаратқан Иеге ғана шалынып, өртелетін құрбандықтар мен сый-тартуларды ұсынатын боламын.
18 Алайда мына бір жайтты Жаратқан Ие кешіре көрсін: мен патшаммен бірге Риммонның ғибадатханасына құлшылық етуге баруға міндеттімін. Себебі патша менің қолыма сүйеніп тұрады. Сонда онымен бірге маған да Риммонға бас июіме тура келгенде, Жаратқан Ие мені кешіре көрсін! —
19 Еліше оған: — Тыныштықпен жөніңізге қайта беріңіз! — деді. Осылай Нағыман жолға шығып, одан біраз ұзағанда,
20 Құдайдың адамының қызметшісі Гехәзи былай деп ойлады: «Қарашы, менің мырзам мына арамалық Нағыманның алып келгенін қабылдамай, оған тым үлкен жеңілдік жасап жібере салды. Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Мен оның артынан қуып жетіп, одан бірдеңе алып қалайын!»
21 Содан Гехәзи Нағыманның соңынан қуып кетті. Нағыман арт жақтан біреудің жүгіріп келе жатқанын байқағанда күймесінен түсіп, қарсылап алдынан шықты да: — Тыныштық па? — деп сұрады.
22 Гехәзи: — Иә, тыныштық. Қожайыным мені сізге мынаны айт деп жіберіп отыр: Жаңа ғана Ефремнің таулы аймағындағы пайғамбарлар шәкірттерінен екі жас жігіт келе қалды. Соларға бір ат басындай күміс пен екі киім жиынтығын бере көріңіз!
23 Нағыман оған: — Екі ат басындай күміс ала ғой! — деді. Оны көндіріп, екі ат басындай күмісті екі киім жиынтығымен қоса екі дорбаға салып беріп, оны өзінің екі қызметшісіне көтертіп, Гехәзимен бірге жіберді.
24 Олар Еліше тұрып жатқан төбеге жеткенде, Гехәзи күмісті олардан алып, үйіне сақтап қойды да, қызметшілерді қайтарып жіберді.
25 Бұдан кейін ол қожайыны Елішенің алдына барды. Сонда Еліше: — Қайда барып келдің, Гехәзи? — деп сұрады. Ол: — Жоқ, еш жерге барған жоқпын! — деп жауап берді.
26 Еліше оған: — Сол адам сенің келе жатқаныңды байқап, қарсы алу үшін күймесінен түскенде, менің рухымды сол жерде болмады деп ойлайсың ба?! Қазір күміс пен киім-кешек, зәйтүн мен жүзім бақтарын, ірілі-ұсақты малдарды әрі құл-күңдерді қабылдайтын уақыт па?
27 Енді Нағыманның ауруы сенің өзіңе және үрім-бұтағыңа мәңгілікке жұғатын болады! — деді. Гехәзи Елішенің алдынан шыққанда, терісі алапестен қардай аппақ болып кетті.