Патшалықтар 4-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25


Тарау 20

Сол күндері Езекия қатты науқастанып, өлім аузында жатты. Амос ұлы Ишая пайғамбар оған келіп, былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Үй ішіңе соңғы өсиеттеріңді беріп, істеріңді аяқта! Себебі бұл аурудан жазылмай, қайтыс боласың».
2 Содан Езекия бетін қабырғаға қарай бұрып, Жаратқан Иеге сиынып:
3 «Уа, Жаратқан Ие, Сенің көз алдыңда ізгі жолыңмен жүріп, шын жүректен әділ істер істеп келгенімді ескере көрші!» — деді. Мұнан кейін Езекия қатты жылады.
4 Ишая пайғамбар Езекияның қасынан кетіп, сарайдың ортаңғы ауласынан шықпай жатып, Жаратқан Ие оған сөзін арнап былай деді:
5 «Қайтып барып, халқымның көсемі Езекияға былай де: Түп атаң Дәуіттің Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Сенің мінажатыңды естіп, көз жасыңды көрдім. Біліп қой, Мен сені ауруыңнан сауықтырамын. Үшінші күні Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп бара алатын боласың.
6 Сенің өміріңе тағы он бес жыл қосамын. Мен өзіңді және мына қаланы Ассур патшасының қолынан құтқарып, қаланы Өзім үшін және адал қызметшім Дәуіт үшін қорғап қаламын!»
7 Ишая бұдан кейін патшаның қызметкерлеріне: «Інжір жемістерінен шелпек алып келіңдер!» — деп тапсырды. Олар соны шиқанның үстіне қойғаннан кейін патша айығып кетті.
8 Осы екі арада Езекия Ишаядан: — Жаратқан Иенің мені сауықтыратыны жайлы алдын ала беретін ғажап белгісі не болады? Үшінші күні Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп бара алатынымды қалай біле аламын? — деп сұраған еді.
9 Сонда Ишая оған: — Жаратқан Ие Өзінің уәде еткенін іске асыратындығының саған арнаған белгісі мынау болмақ: Өзің айтшы, баспалдаққа түсіп тұрған көлеңке он қадам алға жылжысын ба, әлде он қадам артқа жылжысын ба? — деді.
10 Езекия: — Көлеңкенің алға он қадам жылжуы еш ғажап емес. Ол он қадам артқа жылжысын! — деп өтінді.
11 Ишая пайғамбар дауыстап Жаратқан Иеге сиынғанда, көлеңке шынымен Ахаз патша салғызған баспалдақтың үстімен он қадам кері жылжыды!
12 Сол кездері Бабыл патшасы Баладан ұлы Меродах-Баладан Езекияның қатты ауырып қалғаны туралы естіп, оған сәлемхаттары мен сыйлығын жіберді.
13 Езекия келген бабылдық елшілерді жылы қабылдап, оларға өзінің бүкіл қазына қоймаларын: ондағы алтын-күмісін, дәмдеуіштері мен құнды иісмайларын, тіпті қару-жарақ қоймасын да түгелдей көрсетті. Езекияның өз сарайы мен барлық патшалығында оларға көрсетпеген бағалы заттары қалмады.
14 Кейін Ишая пайғамбар Езекия патшаның алдына барып, оған: — Ана адамдар не деді, олар қайдан келді? — деген сауал қойды. Езекия: — Олар алыстағы елден келді, сонау Бабылдан, — деді.
15 Пайғамбар: — Олар сарайыңыздан не көрді? — деп сұрағанда, Езекия: — Менің сарайымда не бар, соның бәрін көрді. Менің қазына қоймаларымда оларға көрсетпеген ештеңем қалған жоқ, — деп жауап берді.
16 Сонда Ишая Езекияға былай деді: — Енді Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңыз:
17 Өз сарайыңдағы бар нәрсенің, ата-бабаларыңның осы кезге дейін жиған-тергендерінің барлығы да Бабылға әкетілетін күн туады. Мұнда ештеңе қалмайтын болады! — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
18 Өзіңнен тарайтын ұрпақтарыңның кейбіреулері де сол елге әкетіледі. Бабылдықтар оларды белінен айырып азбанқұл қылып, Бабыл патшасының сарай қызметшілері етіп қояды! —
19 Сонда Езекия Ишаяға: — Сіз жеткізген Жаратқан Иенің сөзі жөн екен, — деді. Өйткені ол: «Әйтсе де менің тірі кезімде тыныштық пен аман-есендік болады», — деп ойлады.
20 Езекияның қалған барлық істері мен қажыр-қайраты, оның тоған жасап, тауды тесіп өткен үңгір жол арқылы (Гихон қайнар көзінен) Иерусалим қаласының ішіне су ағызып әкелгені туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
21 Езекия көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Манаса орнын басып патша болды.