Патшалықтар 4-ж
Тарау 18
Солтүстік Исраилге Ила ұлы Ошия патшалық құрған үшінші жылы Ахаз ұлы Езекия Яһуда елінің патшасы болды.
2 Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Зәкәрия қызы Аби болатын.
3 Езекия түп атасы Дәуіт істегендей Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
4 Ол биіктеу жерлердегі табыну орындарын қиратып, жалған тәңірлерге бағышталған тас бағаналарды талқандап, Ашераға арналған ағаш бағаналарды шауып тастады. Езекия, сондай-ақ, ежелде Мұса пайғамбар мыстан жасаған жыланды да күлпарша етіп талқандады. Өйткені сол уақытқа дейін Исраил халқы Нехуштан деп атаған сол мүсінге арнап хош иісті заттарды түтетіп келген еді.
5 Езекия Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шынайы сенім артты. Езекиядан бұрын Яһуда елінің ол сияқты патшасы болған емес, одан кейін де болған жоқ.
6 Езекия Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстанып, Оның жолынан таймады, әрі Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған күллі өсиеттерін мұқият орындай берді.
7 Содан Жаратқан Ие онымен бірге жүріп жар болды. Езекия қандай іске кіріссе де, парасатпен шұғылданып, табысқа жетіп отырды. Ол тіпті Ассур патшасының билігіне қарсы шығып, оған қызмет етуден бас тартты.
8 Езекия філістірлерге Газа мен оның маңайына дейін соққы беріп, олардың күзет мұнараларынан бастап, қамалды қалаларына дейін бүкіл елін басып алды.
9 Езекияның патшалық құрған төртінші жылы, яғни Ила ұлы Ошияның Солтүстік Исраилге патшалық құрған жетінші жылы, Ассур патшасы Салманасар (Солтүстік Исраилдің астанасы) Самарияға қарсы аттанып, оны қоршап алды.
10 Үш жылғы қоршаудан кейін жау Самарияға басып кірді. Бұл Езекияның патшалық құрған алтыншы, Ошияның тоғызыншы жылы болды.
11 Ассур патшасы Солтүстік Исраилдің халқын Ассурға жер аударып әкетіп, оларды Халахқа, Хабор өзенінің бойындағы Ғозанға және Мидияның қалаларына қоныстандырды.
12 Себебі Солтүстік Исраилдің халқы өз Құдайы Жаратқан Иенің айтқанына құлақ аспай, Онымен жасаған Келісімдерін бұзды. Олар Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса арқылы берген өсиеттеріне мойынсұнбай, соларды не тыңдамады да, не орындамады да.
13 Езекияның патшалық құрған он төртінші жылы Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда елінің (Иерусалимнен өзге) барлық қамалды қалаларына қарсы аттанып, оларды басып алды.
14 Сонда Яһуда патшасы Езекия Лахыш қаласында тұрған Ассур патшасына: «Мен дұрыс істемедім. Маған шабуыл жасаудан бас тарта көріңіз. Қанша айып талап етсеңіз, соншасын төлеймін», — деген сәлемін жіберді. Ассур патшасы Яһуда патшасы Езекиядан үш жүз ат басындай күміс және отыз ат басындай алтын беруін талап етті.
15 Езекия оған Жаратқан Иенің киелі үйіндегі және патша сарайының қазына қоймаларындағы барлық күмісті беріп жіберді.
16 Ол, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінде өзі бұрынырақ алтынмен қаптатқан есіктер мен жақтаулардағы алтынды да сыдырып алып, Ассур патшасына табыс етті.
17 Ассур патшасы Лахыштан өзінің бас қолбасшысын, бас нөкерін және бас уәзірін қалың қолмен Иерусалимдегі Езекия патшаға жіберді. Олар қалаға өрлеп аттанып, Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың бойында, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жолда тоқтады.
18 Ассурлық елшілер Езекия патшаны шақырды. Сонда патшаның сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшысы Себна және жылнамашысы Асаф ұлы Жоғах қаладан шығып, олардың алдына келді.
19 Ассур патшасының бас уәзірі бұларға тіл қатып былай деді: — Езекияға мына сәлемді жеткізіңдер: Ұлы патша — Ассур патшасы мынаны айтады: Сен не нәрсеге арқа сүйейсің?
20 «Менде соғысуға ақыл-кеңес пен күш-қуат бар» дейсің. Алайда мұның тек бос сөздер ғана. Маған қарсы бас көтеретіндей сен енді кімге сүйенесің?!
21 Біліп ал, сен сүйеніп келген Мысыр сынық қамыс іспетті. Егер адам сынық қамысқа сүйенсе, сол оның қолына кіріп, алақанын тесіп шықпай ма? Сол сияқты, Мысыр патшасы перғауын да өзіне сүйенгендердің бәріне осылай істейді.
22 Ал егер маған «Сиынатын Құдайымыз Жаратқан Иеге сеніп отырмыз» десеңдер, мынаны ойлаңдар: Езекия Оны қатты ренжітті емес пе? Ол Жаратқан Иеге арналған биіктеу жерлердегі табыну орындары мен құрбандық үстелдерін қиратып, Яһуда мен Иерусалим халқына «Тек Иерусалимдегі осы құрбандық үстелінің алдында ғана ғибадат етіңдер!» деп бұйырған жоқ па?!
23 Ал енді, менің тақсыр ием — Ассур патшасымен келісім жасаңдар: мен сендерге екі мың ат беремін, егер де араларыңнан соншама атқа мінер жігіт шығара алсаңдар!
24 Сендер тіпті Мысырға, оның соғыс күймелері мен атты әскеріне сүйене отырып та, тақсыр иемнің нөкерлерінің арасынан ең кіші деген әкіміне де қарсы тұра алмайсыңдар!
25 Мұның үстіне мені осы жерді талқандауға Жаратқан Иенің еркінсіз келді дейсіңдер ме? Маған: «Сол елге өрлеп барып, оны құртып жібер!» деген — Жаратқан Иенің Өзі!
26 Сонда Хелкия ұлы Елиәкім, Себна және Жоғах Ассур патшасының бас уәзірінен: — Біздей құлдарыңызға арамейше сөйлей беріңіз, біз оны да түсінеміз. Яһудилердің тілінде сөйлемей-ақ қойыңыз. Әйтпесе қамал қабырғасының үстіндегі халық естіп қояр, — деп өтінді.
27 Бірақ бас уәзір оларға жауап қайырып: — Тақсыр ием мені осы сөздерді тек сендердің иелерің мен өздеріңе ғана айту үшін жіберді дейсіңдер ме? Мені мына қабырғаның үстінде отырған адамдарға да жіберді емес пе? Олар әлі де сендермен бірге өз нәжістері мен зәрлерін ішіп-жейтін болады! — деді.
28 Содан бас уәзір отырған орнынан тұрып, бар даусымен айқайлап яһудилердің тілінде былай деді: — Ұлы патша — Ассур елінің патшасының сөзін тыңдаңдар!
29 Патша мынаны айтады: Езекияның еліктіруіне алданбаңдар! Ол сендерді менің қолымнан құтқарып қала алмайды.
30 Езекияның «Бізді Жаратқан Ие шүбәсіз құтқарады, осы қала Ассур патшасының қолына түспейді» деп сендерді Жаратқан Иеге нандыруына жол бермеңдер!
31 Езекияны тыңдамаңдар! Өйткені Ассур патшасы мынаны айтады: Менімен бітім жасап, қаладан шығып келіңдер! Сонда әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының жемісін жеп, өз құдығынан су ішетін болады.
32 Кейін мен мұнда қайтып келіп, сендерді осы елдерің сияқты басқа бір елге көшіремін. Онда нан мен жүзім шырыны, егіндіктер мен жүзімдіктер, зәйтүн майы мен бал мол болады. Өлімді емес, өмірді таңдаңдар! Тек Езекияның «Жаратқан Ие бізді құтқарады» деген еліктіруіне құлақ түрмеңдер!
33 Әлде басқа халықтардың қандай да бір тәңірі өз елін Ассур патшасының қолынан құтқарып алып па еді?!
34 Хамат пен Арпадтың тәңірлері қайда? Сепар-Уайм, Ена мен Ибахтың тәңірлері қайда? Әлде бірде-бір тәңір Самарияны менің қолымнан аман алып қала алды ма?
35 Осы елдердің барлық тәңірлерінің қайсысы өз елін менің қолымнан құтқарып қалған еді? Ендеше Жаратқан Ие Иерусалимді менің қолымнан құтқарып алмақшы ма?!
36 Ал халық еш жауап қайтармай, үндемей тұра берді. Себебі Езекия патша: «Оған жауап қайырмаңдар!» деген жарлық шығарған болатын.
37 Мұнан кейін сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшы Себна және жылнамашы Асаф ұлы Жоғах Езекияға қайта оралды. Олар қатты күйзеліп үстеріндегі көйлектерінің өңірін айыра жыртып, патшаға Ассур патшасының бас уәзірінің сөздерін жеткізді.