Патшалықтар 4-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25


Тарау 21

Манаса патша болған кезде жасы он екіде еді. Ол Иерусалимде елу бес жыл билік жүргізді. Оның шешесінің есімі Хепсиба болатын.
2 Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп жүрді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді.
3 Манаса әкесі Езекия кезінде қиратып тастаған биіктеу жерлердегі табыну орындарын қайтадан салды. Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы Ахаб істегендей, Манаса да Бағалға арнап құрбандық орындарын тұрғызып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын орнатты. Сонымен қатар ол аспан денелерінің бүкіл тобына иіліп құлшылық етіп жүрді.
4 Жаратқан Ие Өзінің киелі үйі туралы «Мен Иерусалимде өз есімімді орнатамын» деген болса да, Манаса Жаратқан Иенің сол киелі үйінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін тұрғызды,
5 әрі оның екі ауласында күллі аспан денелеріне бағышталған құрбандық үстелдерін орнатты.
6 Манаса тіпті өз ұлдарын жалған тәңірге арнап отқа өртеп құрбан етті. Патша балгерлікпен және сиқыршылықпен де айналысып, аруақтарды шақырушылар мен өзге де сәуегейлерден ақыл-кеңес сұрап отырды. Ол Жаратқан Иеге жек көрінішті көптеген істер істеп, Оның қаһарын өршітті.
7 Манаса өзі жасатып алған Ашераның ағаш бағанасын тіпті киелі үйдің ішіне апарып, сонда орнатып қойды. Ал осы киелі үй туралы Жаратқан Ие Дәуітке және оның ұлы Сүлейменге былай деген болатын: «Мен Исраилдің барлық руларының ішінен таңдап алған қалам Иерусалимдегі осы киелі үйде өз есімімді тұрақты орнатпақпын.
8 Егер Исраил халқы Менің өздеріне қызметшім Мұса арқылы тапсырған Таурат заңымды толығымен ұстанып, берген барлық бұйрықтарымды мұқият орындап жүрсе, онда Мен ата-бабаларына табыстаған осы елден оларды ешқашан аластатпаймын!»
9 Бірақ халық тыңдамай қойды. Манаса оларды теріс жолға тайдырып жіберді. Олардың арам қылықтары ежелде Жаратқан Ие өздерінің ата-бабаларының алдарынан жойып жіберген азғын халықтардың жасағандарынан да бетер болды.
10 Содан Жаратқан Ие Өзіне қызмет еткен пайғамбарлары арқылы (халықты сақтандырып) былай деді:
11 «Яһуда патшасы Манасаның жасаған жексұрын күнәлары өзінен бұрын осы елде тұрған аморлықтардан да асып кетті. Манаса Яһуданың халқын жалған тәңірлердің мүсіндеріне табындырып күнәға батырды.
12 Сол себепті Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Иерусалим қаласы мен Яһуда елін ғаламат пәлеге душар етемін. Сол туралы естіген адамның үрейі ұшып құлағы шыңылдайтын болады.
13 Мен Самарияны және Ахабтың әулетін шынайы бағалап, әділдікпен соттағаным іспетті енді Иерусалимді де солай шынайы бағалап, әділдікпен соттаймын. Жұрттың табақты сүртіп, төңкеріп қоятынындай, Мен де Иерусалимдегі халықты түгелдей сыпырып тастаймын.
14 Мен меншікті халқымнан тірі қалғандарын тастап кетіп, жауларының қолдарына тапсырамын. Барлық дұшпандары оларды тонап, олжалап алып кететін болады.
15 Себебі өз халқым Маған жек көрінішті істер істеп, ата-бабалары Мысырдан көшіп шыққан күннен бастап, күні бүгінгі дейін Менің қаһарымды туғызып келеді».
16 Осылай Манаса Яһуда халқын Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге еліктіріп күнәға батқан еді. Бұған қоса Манасаның жазықсыздан-жазықсыз төккен қанының көп болғаны сонша, Иерусалим бұ шетінен о шетіне дейін қанға толғандай болды.
17 Манасаның қалған барлық іс-әрекеттері және оның жасаған күнәлары туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
18 Манаса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті өзінің сарайының Ұзза бағы деп аталатын бағындағы қабірге қойылды. Манасаның ұлы Амон орнын басып патша болды.
19 Амон патша болған кезде жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде екі жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні жотбалық Харус қызы Мешулемет болатын.
20 Амон әкесі Манаса істегендей, Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
21 Амон толығымен әкесінің теріс жолымен жүріп, әкесі табынған жалған тәңірлердің мүсіндеріне өзі де иіліп құлшылық етіп жүрді.
22 Осылайша Амон өзінің ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, Оның ізгі жолымен жүруден бас тартты.
23 Ақырында нөкерлері Амонға қарсы сөз байласып, оны өз сарайында өлтірді.
24 Ал елдің халқы Амон патшаға қастандық жасағандардың бәрінің көздерін құртып, Амонның орнына оның ұлы Жосияны патша етіп қойды.
25 Амонның қалған іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
26 Оның мәйіті Ұзза бағындағы өзінің қабіріне қойылды. Амонның ұлы Жосия орнын басып патша болды.