Ешуа

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 8

Содан соң Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Еш нәрседен қорқып, уайымдама! Барлық жасақшыларды ертіп алып, Айға қарай өрлеп барыңдар! Айдың патшасын, халқын, қаласы мен бүкіл жерін сенің қолыңа тапсырып отырмын.
2 Иерихон қаласы мен оның патшасына не істеген болсаң, Ай қаласы мен патшасына да солай істе! Бірақ мал-мүлкін өздеріңе олжа етіп алуларыңа болады. Қаланың арт жағынан тосқауыл құр!»
3 Сонда Ешуа бүкіл жасағымен Ай қаласына аттанбақ болып жиналды. Жасағынан отыз мың батыл да мықты сарбазды таңдап алып, түнде аттандырып жібермек болып
4 оларға мына нұсқауды берді: «Сақ болып, қаланың арт жағынан тосқауыл құрыңдар! Қаладан тым ұзап кетпей, барлығың да дайын тұрыңдар!
5 Мен қасымдағы бүкіл жасақпен бірге қалаға жақындап барамын. Жау өткен жолғыдай бізбен шайқасу үшін қаладан шыққанда, олардан бас сауғалап қашамыз.
6 Сонда олар бізді қуады, өйткені бізді тағы да қашып жатыр екен деп ойлайды. Осылайша оларды қаладан ұзатып шығарамыз. Ал біз олардан қашып кеткенде,
7 сендер тосқауылдан лап беріп, қаланы басып алыңдар! Себебі Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі қаланы қолдарыңа тапсырады.
8 Оны қолға түсіргеннен кейін от қойып, Жаратқан Иенің әмірін орындаңдар! Міне, бұйрығым осы».
9 Сонымен Ешуа таңдап алған сарбаздарды аттандырып жіберді. Олар Бетел мен Ай қалаларының арасында, Айдың батыс жағында тосқауыл құрып жасырынып жатты. Ал Ешуа қалған жасағымен бірге түнеп шықты.
10 Ертеңіне ерте тұрған Ешуа жасақшыларды сапқа тұрғызып, байқап шықты. Өзі және Исраилдің рубасылары жасакты бастап, Айға қарай бет алды.
11 Қасындағы барлық жасақшылар Ай қаласына өрлеп, оған жақындап, қарсы алдында тоқтады да,
12 Айдың солтүстік жағында қостарын тікті. Оларды қаладан бір ойпат бөліп жатты. Бұл кезде Ешуаның таңдап алған бес мыңдай адамы Бетел мен Айдың арасында, қаланың батыс жағындағы тосқауылда күтіп отырды.
13 Осылайша Исраилдің негізгі әскер күші қаланың солтүстік жағына орналастырылды, ал тосқауылдағылар қаланың батысында болды. Сол түні Ешуа ойпаттың ортасына барып келген еді.
14 Ай патшасы исраилдік жасақты көргенде, қаланың күллі ер азаматтарымен бірге таңертең ертемен тездетіп жиналды. Олар исраилдіктермен шайқасу үшін қаладан шығып, Иорданның елсіз алқабының үстінен қараған белгілі бір жерге қарай аттанды. Қаланың артында тосқауыл бар екенін патша білген жоқ.
15 Ешуа және қасындағы барлық исраилдіктер Айдың адамдарынан жеңілгенсіп, елсіз далаға қарай шегініп қаша бастады.
16 Сол себепті Айдың барлық адамдары солардың соңынан жаппай қууға шақырылды. Олар Ешуаның артына түсіп, қаладан ұзап кетті.
17 Не Айда, не Бетелде исраилдіктердің соңынан қуып шықпаған бірде-бір ер адам қалмады. Олар қаланы ашық қалдырып, исраилдіктердің артынан қуып кетті.
18 Сонда Жаратқан Ие Ешуаға: «Қолыңдағы найзаны Айға қарай соз! Өйткені Мен қаланы сенің қолыңа тапсырамын», — деді. Ешуа найзасын көтеріп, қалаға қарай созды.
19 Ол қолын созған бойда тосқауылдағылар лезде орындарынан тұрып, лап беріп, қалаға енді. Оны қолға түсіріп, дереу қалаға өрт қойды.
20 Айдың адамдары арттарына қараса, міне, қаланың түтіні аспанға будақтап көтеріліп жатыр екен! Олар тіпті ешқайда қаша да алмай қалды. Өйткені елсіз далаға қарай қашып кетіп бара жатқан исраилдік жасақ кері бұрылып, арттарынан өкшелеген бұларға қарсы атой салды.
21 Себебі Ешуа мен оның қасындағы барлық исраилдіктер де тосқауылшылардың қаланы басып алып, қала үстінен түтіннің будақтап жатқанын көрген еді. Олар кері бұрылып, Айдың адамдарына тап берді.
22 Сол екі арада тосқауылшылар қаладан шығып, олар да жауға қарсы шабуылға кірісті. Айдың адамдары екі жағынан да қоршалып, исраилдіктер оларды толығымен жойып жіберді. Олардан тірі қалған немесе бас сауғалап қашып құтылған ешкім де болмады.
23 Тек Айдың патшасы ғана тірідей қолға түсіп, Ешуаның алдына әкелінді.
24 Исраилдіктер ашық дала мен құла түзде қашып жүрген Ай тұрғындарының артынан қуып, оларды талқандап, барлығын біреуін де қалдырмай қырып тастады. Содан олар Ай қаласына қайтып барып, онда қалғандарды да семсермен қырып-жойды.
25 Сол күні қаза тапқандардың жалпы саны, еркегі мен әйелін қосқанда, он екі мың, демек, Айдың күллі адамдары болды.
26 Айдың барлық тұрғындары жойылып бітпейінше Ешуа найзасын созып тұрған қолын төмен түсірген жоқ.
27 Жаратқан Иенің Ешуа арқылы берген бұйрығына сай Исраил сол қаланың малы мен дүние-мүлкін өздеріне олжалады.
28 Мұнан кейін Ешуа Айды өртеп, оны үнемі қаңырап жатқан үйіндіге айналдырды. Ол күні бүгінге дейін солай.
29 Сонымен қатар Ешуа Ай патшасын өлтіріп, денесін ағашқа түйреп, кешке дейін іліп қойды. Күн батуға айналған кезде Ешуа бұйрық беріп, патшаның сүйегін ағаштан түсіртіп, қала қақпасының алдына тастатты. Халық сүйекке көп тас лақтырып, үстіне үйіп тастады. Сол зор тас үйіндісі күні бүгінге дейін бар.
30 Сол кезде Ешуа Ебал тауында Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге арнап құрбандық үстелін тұрғызды.
31 Осыны Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның исраилдіктерге өсиеттеп берген нұсқауына сай істеді. Мұсаның Таурат заңы кітабында жазылғандай, құрбандық үстелі ешқандай темір құралмен өңделмеген бүтін тастардан салынды. Халық оның үстінде Жаратқан Иеге арнап шалынып өртелетін және Онымен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін сый-тартуларын ұсынды.
32 Сол жерде Ешуа исраилдіктердің көз алдында Мұса арқылы берілген Таурат заңын арнайы тастарға көшіріп жазды.
33 Мұнан кейін бүкіл Исраил халқы: исраилдік болып туғандар мен оларға қосылған жат жұрттықтар, рубасылары, басқарушылары, төрешілері, барлығы бірге екі топқа бөлінді. Бір топ Ғаризим тауының етегінде, екінші топ Ебал тауының етегінде тұрды. Екі топ бір-біріне қарама-қарсы, ал орталарында Жаратқан Иенің Келісім сандығы және оны көтеріп алып жүретін леуілік діни қызметкерлер тұрды. Халық мұны Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның көзі тірі кезінде Исраил халқына бата беру жайлы тапсырған нұсқаулары бойынша істеді.
34 Содан соң Ешуа жарылқау мен қарғыс сөздерінің бәрін дәл Таурат заңы кітабында жазылғандай дауыстап оқып берді.
35 Ешуа бүкіл Исраил қауымының алдында Мұсаның тапсырған барлық бұйрықтарынан оқымаған бірде-бір сөз қалмады. Әйелдер мен балалар және халық арасында тұрып жатқан жат жұрттықтар да солармен бірге тұрды.